Алматының Халықаралық әуежайында АҚШ-тан поштамен жіберілген есірткі заттары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Ішкі істер департаментіне сілтеме жасап.

2018 жылдың 25 маусымы күні Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері Халықаралық әуежайда АҚШ-тан жолданған пошта жөнелтіліміне назар аударған. Ол биылғы 18 маусымда азамат Н.-ның атына жіберілген.

Экспресс-жүкке арнайы техникалық құралмен кедендік бақылау жүргізу барысында одан жалпы салмағы 0,7 келіні құрайтын зат табылды. Анықталған зат өсімдік тектес, түсі жасыл және өзіндік иісі бар.

«Сараптаманың қорытындысы бойынша олардың «гашиш» және «марихуана» екені анықталды», - делінген ІІД хабарламасында.