АҚШ президенті Дональд Трамп Голан биіктігін Израильдің бір бөлігі ретінде тану жөніндегі декларацияға қол қойды. Ол бұл құжатқа Ақ үйде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудің қатысуымен қол қойған.

"Бұл ондаған жыл бұрын мойындалу керек еді. Өте көп уақыт алды", – деп мәлімдеді Трамп.

Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова АҚШ президентінің бұл шешімі Таяу Шығыстағы жанжалды одан сайын өршітіп жіберуі мүмкін деп мәлімдеді.

Голан биіктігі 1967 жылға дейін Сирияның бір бөлігі болып келген. Бірақ алтыкүндік соғыс кезінде 1967 жылдың маусым айынан бастап Израильдің бақылауына өткен. 1981 жылы Израиль парламенті бұл аумақ Израильдікі деп санайтын заң қабылдады. Бірақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бұл шешімді қабылдамай, Голан биіктігін аннексияланған деп есептеп, жерді Сирияға қайтаруды талап еткен.

Сирияда 2018 жылға дейінгі азаматтық соғыс кезінде Голан биіктігін көтерілісшілер бақылауына алған. Алайда қазір бұл аумақты Сирия армиясы қайтарып алды. Бұл енді Израиль билігін алаңдатып отыр.

"Иран Израильді құртып жіберу үшін Сирияны платформа ретінде пайдаланып отырған тұста, президент Трамп батыл түрде Голан биіктігін Израильдің бір бөлігі ретінде мойындап отыр. Сізге алғыс айтамын, президент Трамп", – деп жазды Нетаньяху твиттер парақшасына.

Трамп билікке келгелі бері АҚШ ашық түрде Израиль саясатына қолдау білдіріп келеді. 2018 жылдың мамыр айында Вашингтон ресми түрде Израильдегі елшілігін Иерусалимге көшірді. Ол осылайша Иерусалимді Израиль астанасы ретінде таныды. БҰҰ-дағы 128 мемлекет бұл шешімге қарсылық білдірген. Бірақ АҚШ шешімін өзгертпеді.