"АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) компаниясының металлургия комбинатында апат болды. Конвертер цехында төрт жұмысшының зардап шеккені хабарланды. Олардың жасы 28, 31, 47 және 49-да. Олардың денесі күйіп, соққы алған. АМТ оқиғаға байланысты бірден түсініктеме берген жоқ.

  • №3 конвертерде жұмыс жүріп жатқан кезде тарс еткен дыбыс шықты, ізінше айналаға бу мен ыстық ауа тарады. Соның салдарынан төрт жұмысшының денесі күйіп, соққы алған. Оқиға мемлекеттік органдарға дер кезінде хабарланды. Оқиға себептері анықталып жатыр, - деді Азаттыққа АМТ компаниясының баспасөз қызметінің өкілі.

Денсаулық сауқтау басқармасының хабарлауынша, екі ер адам облыстық травматология орталығына түскен, қалған екі адам амбулаторлық емдеуге жіберілген.

  • Үш адамның денесі күйіп қалған, тағы бір адам денесін ауыртып алған. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін денесі күйіп қалған науқас пен денесін ауыртып алған екінші науқас амбулаторлық емдеуге жіберілді. Ал қалған екі адам профессор Мақажанов атындағы облыстық травматология орталығына түсті. Науқастардың жағдайы орташа, - деді Азаттыққа Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Апат 4 қыркүйекте болған. Бірақ апат пен онда адамдардың зардап шеккені туралы ақпаратты компания да, жергілікті билік те хабарламады. АМТ компаниясының жұмысын жиі сынайтын жергілікті белсенділер комбинатта апаттың жиілеуіне алаңдайды және соңғы фактіні компания жасырғысы келген болуы мүмкін деп болжайды.

2018 жылы қараша айында металлургия комбинатында ірі апат болып, комбинат жұмысын жартылай жалғастыруға мәжбүр болған.