Ақтөбе облысы Ембі қаласының жастары «Жайдарман» ойынын өткізіп, мұқтаж отбасылардың үйіне газ кіргізіп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ембі қаласы көгілдір отынды пайдаланып отыр. Бірақ әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін ауласына кіріп тұрған газ құбырын үйіне тартып алу қиын болып тұр. Ембі қаласының жастары жиналып, әзіл кешін өткізді. Ал түскен қаржы үш отбасына жылу сыйлады.

«Ахмет Байтұрсыновтың «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі күн» өлең шумағы «Жас Отан» жастар қанатындағы белсенділерінің ұранына айналды. Өзім ел ішіндегі тың бастамаларды қолдап, үнемі қоғамдық істерге араласып жүрмін. Шағын кәсібім бар, өз жаныма ауыл жастарын да тарттым. Бұл жолы мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп, балаларға жылу сыйлауды жөн көрдім. Сөйтіп жастарды жиып, «Жайдарман» ойынын өткіздік. Колледж студенттері мен оқушылар, әр саладағы жастар команда құрып, сайысты. Ауыл халқына ерекше көңіл күй сыйлап, кейін билеттен түскен қаржыға үш отбасына газ құбыры кіргізілді. Біз әлеуметтік жағдайы ауыр, көпбалалы отбасыларға басымдық бердік», - деді жастардың игі ісіне бастамашы болған қала тұрғыны Наурызбек Сарбасов.

Айта кетейік, көмек Ембі, Жем қалаларының үш отбасына берілді. Олар балаларын өзі бағып отырған Айым Әлқуатова, «Күміс алқа» иегері Динара Балғазина және Сән Махамбетова.

«Менің 6 балам бар. Өз үйімізді қыста жылыту мүмкін болмаған соң 15 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамыз. Коммуналдық қызметке 10 мың теңге беремін. Ал жазда өз үйімізге қайта ораламыз. Бұл шығын болса да біз бір мезетте қомақты ақша жұмсап, газ кіргізе алмадық. Жастар қолдау көрсетіп, қысы-жазы өз үйімізде тұруға мүмкіндік берді. Балаларым, өзім де қуаныштымыз», - деді «Күміс алқа» иегері 34 жастағы Динара Балғазина.