Екіжақты әскери ынтымақтастықты нығайту мақсатында Ақтау портына Иран Ислам Республикасының Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік кемелері келіп жетті.

ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ирандық «Джушан» және «Сепар» кемелерінің жолдағы қашықтығы шамамен 450 теңіз милін құраған. Оларды Ақтау теңіз портында ҚР Әскери-теңіз күштерінің «Қазақстан» зымырандық-артиллериялық кемесі қарсы алды.

Хаттамаға сәйкес, ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштері мен Иран Ислам Республикасы Армиясының Әскери-теңіз күштері арасында кемелердің өзара сапар алмасуы, сондай-ақ кеме экипаждарының экскурсиялары қарастырылған. Тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында спорттың әр түрі бойынша жарыстар өткізілетін болады. Сондай-ақ Иран Әскери-теңіз күштерінің экипажы Ақтаудың көрікті жерлері мен мәдени объектілерін аралайтыны жоспарланған. Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың қыркүйегінде ҚР Әскери-теңіз күштерінің «Сары-Арқа» және «Орал» зымырандық-артиллериялық кемелері Иран Ислам Республикасының Бендер-Энзели портына барды.

inform.kz