Қырғызстанның ішкі істер министрлігі (ІІМ) бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевқа байланысты сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын адвокаттар Сергей Слесарев пен Замир Жоошевқа 30 тамызда хабарлаған. Бірақ олар іспен танысуға асығар емес. Осылай деп мекеменің баспасөз қызметі хабарлайды.

Ақпаратқа қарағанда, 2-3 қыркүйекте адвокаттар әртүрлі сылтау айтып, қылмыстық істің материалдарымен танысуға келмеген.

"4 қыркүйекте Атамбаев және оның қорғаушылары тергеу аяқталғаны жөнінде құжатқа қол қоюдан бас тартты. 5 қыркүйекте екеуі бір және екі сағат ішінде материалмен танысты. 6 қыркүйектен 11-не дейін іс материалдарымен танысу уақыты аяқталатыны туралы шешім шықты", - деп жазылған ІІМ таратқан мәліметте.

Адвокат Замир Жоошев 28 томнан тұратын іс материалдарымен танысуға қысқа уақыт берілгенін айтады. Оның айтуынша, Атамбаев аталған құжаттардың ешқайсысына қол қойған емес. Адвокаттар тергеу біткені туралы шешімге және қылмыстық іске байланысты эксперттердің қорытындысына қол қойған.

"Бізге 4 қыркүйек күні тергеу аяқталғаны жөнінде хабарлады. Бұл туралы бізге хабарлады деген шешімге қол қойдық. Алмазбек Атамбаев ешқандай құжатқа қол қоймаған және сұрақтарына жауап бермеген. Бұл оның ұстанымы. 5 қыркүйекте бізді іспен таныстырып, ертесі іспен танысуды бастады деген кесте іліп қойды. Оған 7-8 қыркүйек демалыс күндерін де қосып қойған. 28 томдық істі бұл уақыт аралығында оқып бітіре алмаймыз. Бұл роман немесе көркем шығарма емес. Біз әрбір томды асықпай оқып, түсінуіміз керек",- дейді Жоошев.

Адвокат іспен танысуды созу үшін шағым түсіретінін жеткізді.

Алмазбек Атамбаев 8 тамызда ІІМ арнайы операциясы кезінде ұсталды. Ол 26 қазанға дейін тергеу абақтысына қамалды. Оған бірнеше қылмыстық істер бойынша айып тағылды.