Алматыда білім күні қарсаңында полицейлермен шұғыл шара өткізіліп, мектеп оқушыларының қауіпсіздігін бақылау күшейтіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«1 қыркүйек күні «Внимание дети!», «Внимание школа!» шұғыл шарасы өтеді. Барлық мектеп пен мектепке дейінгі мекемелер жанында полиция қызметі сап түзейді. Балалардың қауіпсіздігін бақылауды күшейтіп, жол белгілері мен жаяу жүргінші таңбаларын жаңартамыз», - деді Алматы ІІД әкімшілік полиция басқармасы бастығы Жандос Мұраталиев.

Сондай-ақ, ол Абай мен Назарбаев даңғылындағы жол жөндеу жұмыстары 15 қыркүйекке дейін аяқталатынын айтты. ІІД-де өткен брифингте жаңа оқу жылының басталуына байланысты жүргізушілерге жол ережесін сақтауды ескертті.