Алматы облысында соңғы 10 күннен бері 3 оқушы менингит диагнозымен ауруханаға түскен, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның мәліметінше, құсуы жиілеп, басы ауырған 6-сыныптың оқушысына өткен аптада іріңді менингит деген диагноз қойылған. Сол себепті ата-аналар қазір балаларын оқуға жіберуге қорқып жатыр екен.

Сондай-ақ, телеарнаның мәліметінше, Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасында Абай мектебінен түскен оқушыдан бөлек, тағы екі оқушы жатыр. Үшеуіне де іріңді менингит диагнозы қойылған. Дәрігерлер өмірге қатер төндіретін қауіп жоқ деп сендіріп отыр.

"Іріңді менингит дегеніміз - ми қабаттарының қабынуы. Суық тигеннен, иммунитеттің төмендігінен пайда болады. Негізі менингиттің жұқпалы түрі. Бірақ біздің ауруханада осы іріңді менингиттен ешкім қайтыс болған жоқ", - дейді Қаскелең қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы балалар бөлімінің меңгерушісі Сәуле Барақбаева.

Дәрігерлердің айтуынша, менингит диагнозымен жатқызылған балалар осы аптаның соңында дейін емдерін толық алып, үйлеріне қайтарылады