Алматыдағы 28-ші гвардияшылар-панфиловшылар саябағында Отан қорғаушылар күніне орайластырылған салтанатты шара өтті. Дәстүр бойынша әскерге шақырылғандардың туыстары мен жақындары болашақ жауынгерлерге қолдау білдіруге келді. Алматы әкімі Бауыржан Байбек еліміздің Қарулы күштері құрылған күннің Тәуелсіз Қазақстанның даңқты жылнамасына алтын әріптермен жазылғанын атап өтті.

"Елбасы айтып өткендей, Қарулы күштер - қауіпсіздіктің басты кепілі және егемендігіміз бен еліміздің бейбіт өмірінің мызғымас қорғаны. Біз бүгін Отанымызды қорғаған Қазақстанның барлық ұрпақтарына тағзым етеміз. Аттары аңызға айналған Қарасай батырдың, Бауыржан Момышұлының, Леонид Беданың, Борис Керімбаевтың және көптеген басқаларының есімдері халқымыздың жадында мәңгілік сақталатын болады. Біз Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен батырларымыз бен ардагерлеріміздің ерлігі мен батылдығын мақтан етеміз", - деді Бауыржан Байбек.

Мегаполис әкімі ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне көмек пен қолдау көрсету әркімнің абзал борышы екенін атап өтті. Жеңіс күніне орай әрбір ардагер мен соғыс мүгедегі 250 мың теңгеден алды. Айта кетерлігі, қала әкімдігі жыл сайынғы қаржылай көмекті тағы да екі есеге арттыру туралы шешім қабылдады. Осылайша, биылғы жылы Алматының ардагерлері 500 мың теңгеден алатын болады.

"Тәуелсіздік жылдарында елімізде шайқасуға қабілетті, мобилді және мықты қаруланған Армия қалыптасты. Мемлекет басшысы, Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен «Айбалта-2019» оқу-жаттығуы кезінде жоғары баға берді. Армияға мемлекеттік қолдау көрсету әскери қызметтің мәртебесін арттырды. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтуға тұрақты назар аударылуда. Тұрғын үймен қамтудың жаңа моделін енгузіден бастап Алматыда 10 мыңға жуық әскери қызметші Тұрғынүйжинаққұрылыс банкінде депозиттер ашты, ал 360 мыңнан астам отбасы жеке пәтерлерге ие болды", - деді Бауыржан Байбек.

Салтанатты шара барысында әскер қатарына шақырылғандарға сыйлықтар, "Жас сарбаз" қозғалысының тәрбиеленушілеріне сертификаттар берілді, десантты-дауылды әскерилер бөлімшелерінің жаттығулары мен концерттік бағдарламалар ұсынылды.

tengrinews.kz