Қазақстан Бас прокуратурасы қызметкерлері Жомарт Ертаевты қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Ресей Федерациясынан экстрадициялады. Бұл туралы ведомство сайтында жазылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Былтыр наурызда оған халықаралық іздеу жарияланған.

"Жомарт Ертаев 2011-2017 жылдар аралығында қызметін пайдалана отырып, BANK RBK АҚ-дан 144 миллиард теңге ұрлады деген күдікке ілінді", - деп хабарлады Бас прокуратура өкілдері.

Сондай-ақ, ведомстводағылар Ертаевпен бірге ақша жымқырды деп 54 адамнан, оның ішінде 41 топ-менеджер мен банк қызметкерлерінен күдіктеніп отыр. Олар мұның алдында экстрадицияланған Ибрагим Б., Мәженов И., Туғанбай Д., Едігенев Д., Мамырбеков А., Шарипов Т. және басқалар.

Тергеу барысында қабылданған шара нәтижесі бойынша, 15 миллиард теңге өтелді және 48 миллиард теңге тұратын мүлік тәркіленді.

"Қазіргі уақытта арнайы прокурорлар іс бойынша тергеуді аяқтады. Процеске қатысушылар материалдармен танысып жатыр", - деп толықтырды Бас прокуратура өкілдері.

Жомарт Ертаев Астананың тергеу изоляторына қамалды.