Осы жылдың басында Жамбыл облысында талай жылдан бері шешімін таппай жатқан әлеуметтік-экономикалық және құқықтың мәселенің өңірге Асқар Мырзахметов басшы болып келгелі тіпті ушығып кеткенін сөз еткен екі арыз Астанаға жолданды. Бірінші арыз Меркі ауданындағы ауылшаруашылық жері мен мүлік дауына қатысты қозғалған қылмыстық істің жабылып қалуы, оған серіктестіктегі үлесінен айырылып қалған бірнеше дихан арызданған. Екі жүз тұрғын қол қойған екінші арызда Тараз қаласы маңындағы халықтың қиын тұрмысы айтыла келе, оған себепші болып отырған облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің өрескел кадр саясаты сөз болады. Бірақ бұл екі арызбен республикалық билік бас қатырып жатпады. Дихандардың жанайқайы жазылған арыз әкімнің қалауымен тағайындалған облыс прокурорының қарауына қайтарылды. Ал екінші арыз қандай қызметке барса да өзімен қоса «командасын» «сүйреп» жүретін Асқар Мырзахметовке айналып келген. Яғни, облыс әкімі өзіне қатысты айтылған сындар мен кемшіліктерді өзі «тексеріп», жоғарыға өзі жауап бермекші! Ал мұндай тұйық шеңбер бойына еніп, тұншықтырылып тасталған облыс тұрғындарының зары кімге жетсін?

Арызда Тараз қаласы бойынша өздерінің тұрғын үй мәселесін шешу үшін 70 мыңға жуық адам жер кезегінде тұрғаны айтылады. Бірақ бұл кезек қысқармай тұр. Жеке тұрғын үй салуға қажетті жер учаскелері жеңұшынан жалғанған тамыр-таныстықпен үлестіріліп, проблеманы одан сайын ушықтырып барады. Тараз қаласына аумағына кіретін елді-мекендерге жету қиын, жол нашар, қоғамдық көлік жүрмейді, ауыз сумен қамтудың қиыншылықтары көп. Азық-түліктің де бағасы күн өткен сайын қымбаттап, халықтың тұрмысын қиындатуда. Ал облыс, қала басшылары бағаны тұрақтандыру бағытында ешқандай жұмыс жасап отырған жоқ. Әлеуметтік мәні бар азық-түліктің бағасын арзандату үшін құрылған үкіметтік қордың аймақтағы жұмысы сын көтермейді. Бұл қорды жеке адамдар пайда көзіне айналдырып алған.

Тұрғындардың арызына қарасақ, облыстағы проблемалардың шешілмей, керісінше одан бетер қордалана түсуіне Асқар Мырзахметовтің кадр саясатының айтулы әсері бар. Ол бұған дейін өзі қызмет атқарған Оңтүстік Қазақстан облысынан және Ауылшаруашылық министрлігінің шенеуніктерін алдырып, облыстағы жауапты қызметке тайғайындап қойды. Тіпті Жамбыл облысындағы құқық қорғау органдарының жетекші мамандары әкімнің жерлестерімен ауыстырылды. Ең сорақысы сол – мамандығы сай келмесе де оңтүстіктің тумасы Ж.Шалдаровқа облыстың құрылыс басқармасының тізгінін ұстатып қойып, жұртты біраз әуреге салды.

Облыстағы құрылыс, архитектура саласындағы жағдай өте күрделі. Бұл басқарманы басшысы болған Е.Ахметовтің жұмысынан кілтипан табылып, құқық қорғау органдарының тексерісіне ұшырағанда ол Алматыға кетіп қалған. Жерлестігі себеп болса керек, облыс әкімі А.Мырзахметов Ахметовті аттай қалап қайта шақыртып алып, өзіне кеңесшісі етті де, көп өтпей-ақ, 2018 жылдың 23 қарашасында оны сәулет және құрылыс басқармасына басшы етіп тағайындады. Бірақ ол тұрлаусыз болып шықты. Бір ай уақыт өтпей жатып, «ауырдым» деген сылтаумен Е Ахметов Алматы қаласындағы емханаға жатып алды.

Облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасарының орны да ұзақ уақыт бос тұрды. Есесіне, Асқар Мырзахметов жаңа жыл қарсаңында Түлкібас ауданының тумасы Т.Момышевті шақыртып, өзіне орынбасар етіп тағайындады. Бұрынғы кадрларды жөн-жосықсыз ауыстыра беру басталған істің аяқсыз қалуына себепші болып отыр. Қандайда бір салаға келген жаңа басшы ескі проблемаларды толық түсінбегендіктен оны былай ысырып қойып, тосын бастамаларды қолға алады. Кадр сапырылысуы кезінде ол шаруа да аяқсыз қалады. Арызданушылардың ойынша, осылайша аймақтағы проблема үсті-үстіне қатпарланып, қордаланып бара жатыр.

Бүған дейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев сала және облыс басшылары тағайындалғанда қайда барса да өзімен бірге командасын ертіп жүруге тыйым салған. Сапырылыстырып, бәрін ауыстыра бермей бұрыннан қызмет етіп келе жатқан кадрлерді қалдырып, солармен бірігіп жұмыс жасауға үндеген. Бірақ бұл тапсырманы Асқар Мырзахметов ешқашан орындаған жоқ. Мысалы, облыс әкімінің Еркебұлан Дауылбаев деген орынбасары бар. Әрине, ол да А.Мырзахметовтың жерлесі, оңтүстіктің тумасы. Оның қарауына құрылыс, архитектура, денсаулық сақтау сияқты сүбелі салаларды беріп қойған. Арызданушылар оны «өте дөрекі, менмен адам», «әртүрлі мәселелер бойынша жиындар өткізу барысында орынсыз айқайлап, столды тоқпақтап айналасындарға доқ көрсетуді әдетке айналдырған» деп сипаттайды. Солай бола тұра, ол облыс әкімінің бұрыннан келе жатқан сенімді адамы. Асқар Мырзахметов қайда барса да оны өзімен бірге ертіп жүреді, ол Оңтүстік Қазақстан облысын басқарғанда Е.Дауылбаевты өте маңызды салаға жетекші қылып қойды. Асқар Мырзахметов «Нұр отанды» басқарған тұста Е.Дауылбаев партияның оңтүстіктегі филиалын қадағалап отырды. Ал Мырзахметов Ауылшаруашылық министрі болған тұста Дауылбаев жер ресурстары комитеті төрағасының орынбасары болған. Бір жыл бұрын Асқар Мырзахметов Жамбыл облысына әкім болып тағайындала сала Е.Дауылбаевты кеңесші етіп шақырып алып, көп өтпей-ақ оны өзінің орынбасарлығына жоғарылатты. Оның Мырзахметовке не өткізіп қойғаны, қандай еңбек сіңіргенін жұрт түсіне алмай дал болып жүр.

Аймақтағы халықтың жай-күйі мен тұрмыс тауқыметін шынайы көрсетуде баспасөздің атқаратын рөлі зор. Бұл - жағдайға білікті сараптама жасап, әлеуметтік дүмпудің алдын алатын жұмыстардың бағытын анықтаудың кепілі. Бірақ ақпарат құралдарының мұндай сипаты Жамбыл облысына тән емес.

Асқар Мырзахметов Оңтүстік Қазақстан облысын басқарып тұрғанда оның баспасөз хатшысы болып, кейін ішкі саясат басқармасының тізгінін ұстаған Берік Уәли де қазіргі «команданың» белді мүшесі. Қазір ол Жамбыл облысының ішкі саясат басқармасын басқарып қана отырған жоқ, әкім мен қарапайым халықтың арасындағы мәмілелі диалогты болдырмауды қамдайды. Оның ұсынысымен тағайындалған облыс әкімінің баспөз хатшысы Біржан Соктай мен Жамбыл облыстық телеарнасының басшысы Жасұлан Әбдіхалық журналистерге аймақтағы проблемаларды айтқызбай тастады. Есесіне, олардың ықпалындағы журналистер орындалмайтын даңғаза бағдарламаларды әдемі сөзбен әспеттеп, жарнамалаудан аспай жатыр, облыс әкімінің жағымды имиджін қолдан жасаумен әуре. Мысалы 2019 жылдың 21 желтоқсанында жергілікті телеарнада «Әкім сағаты» айдарында Мырзахметовтің қатысуымен тікелей эфир ұйымдастырылды. Облыстағы жемқорлықтың асқынып кетуі, бағаның шарықтауы, халық тұрмысының мүшкіл халі жөнінде тұрғындардан мыңға жуық сауал түсті. Бірақ телеарна журналистері ол өзекті сауалдардың бірде-бірін әкімге жеткізген жоқ. Әкімге өзінің баспасөз хатшысы мен телеарна басшысы алдын ала таныстарына айтып дайындап қойған жағымды сұрақтар ғана беріліп жатты.
Аймақтағы күрделі ахуал және оны тездетіп шешу облыс әкімдігі пен халық арасында үнемі талқыланбай қала беруі себепті 200-ге тарта тұрғын респуликалық органдарға шағымданған. Жоғарыда айтқандай, ол арыздың бәрі тексерілмей облыс әкімдігіне қайта жолданып, шешімін таппай тұйық шеңбер бойымен айналып жүр. Әрине, мұнымен мәселе шешілмейді. Әлуеметтік-экономикалық және құқықтық проблеманы асқындыып жіберген әкімдік өзін өзі қалай тексерсін, өзіне өзі қалайша сын көзбен қарайды?! Сондықтан, аймақ халқы мәселінің шешуге ықпал ете ме деп республикалық баспасөзден үміт күтіп отыр.

(Жалғасы бар)

Ораз Әлімбеков