«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталатын рухани-идеологиялық концепциясын қате түсінетін сияқты. Мұны дәлелдеу қиын емес, Ерқанат Манжуовтың «Ұлы даланың жеті қырына» жасаған тәпсірі мен облыстағы ішкі саясатқа қатысты көзқарасына аз-маз шолу жасасақ, жеткілікті.

Жақында Ерқанат Манжуов орыс және қазақ тілдерінде «Алма әлемі» («Мир яблок!») деген тақырыппен кішігірім мақала жазды. Ол әлемге алма жемісінің қазақ жерінен тарағанын мойындайды, бірақ алмаға бүліншіліктің, азғындықтың, жамандықтың жағымсыз сипатын беріп, оған қазақ тіліндегі бұйрық райлы етістікті (қазақша – алма, орысша – не бери) теліп отыр.

«... Ерте заманда, қаһарман Парис алтын алманы беру арқылы үш құдай әйелдiң ең сұлуын таңдауы керек болады. Парис алманы Афродитаға ұсынады. Нәтижесінде үшеуінің арасында кикілжің басталып, соңы Троян соғысына ұласады. Сол заманнан бері Рим тарихшысы Юлиан жазбаларынан алма жемісі «азғыру амалдарымен» («яблоко раздора») байланыстырылатын болған. Сонымен қатар Библияда алманы тістегеннен кейін Адам ата мен Хау ананың жұмақтан қуылды деп айтылатыны тағы бар. Мүмкін қазақ халқы алманы «алма» (не бери) деп атауының себебі де осыдан шығар. Ал, Адам деген атау – дәстүрлі діндерде адамзат атаулының атасы болып есептеледі. Бұл қазақ тілінде де «адам» деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ, Іле Алатауы қазіргі замандағы алма түрлерінің түп тамыры, жалпы алма атаулының арғы атасы – Сиверстің жабайы алмасының отаны саналатынын ескерсек, адам Африкада пайда болды деген тұжырымға да күмәнмен қарауға болатын секілді» деп ой тастайды Ерқанат Манжуов.

Бірден айта кетейік, мұнда бірнеше қателік бар. Біріншіден, алманың алғашқы отаны Қазақстан болды екен деп, Адам ата мен Хауананы қазақ жеріне жабыстырып қою күлкілі нәрсе. Бұл қазаққа абырой әпермейтін «Адам ата мен Хауана адай руынан шықты» деп езеуреп жүрген маңғыстаулық бір тарихшы сымақтың әңгімесін еске түсіреді. Дәлелі жоқ мұндай аңыз-әпсананы «Ұлы даланың жеті қырына» қосу, оған көлеңке түсіруден басқа дәнеңе емес. Себебі Елбасы ұсынған рухани концепцияда нақты мәліметтер, ғылыми дәлелі бар мәселе қозғалған. Мысалы, алманың арғы атасы – Сиверс жабайы алмасының отаны Қазақстан екенін Еуропа ғалымдары (Бэрри Джунипердің «Алма тарихы» кітабын қараңыз) дәлелдеген. Сол себептен «Ұлы даланың жеті қырына» «Адам ата мен Хауана» жөніндегі мистикалық аңыз-әпсана алынбады. Онда тек дәлелді, аргументі толымды мәліметтер қарастырылды. Елбасы ұсынған «Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық мақаланың маңызы да осында.

Екіншіден, тінінде темірдің құрамы мол шырынды жеміс атауының қазақ тіліндегі бұйрық райлы етістікке қатысы жоқ. Ондай зат есім кейде етістік ретінде қолданылатын сөз қазақ тілінде көп. «Алма» (жеміс) сөзінің этимологиясы зерттелмеген. Ал Еуропа халықтары қолданатын алманың атауын («аpple», «яблоко», т.с.с) ежелгі Грекия құрамындағы Abella қаласының атынан алған. Себебі осы жерде ауқымды алма бағы болатын. Ал ғалымдар алманың шыққан жері деп жүрген Іле Алатауының бөктерінде Алмалық (Алмалы, Алмады) атты елді-мекен болғаны тарихи зерттеулерде көрсетілген. Олай болса, қазақ тіліндегі «алма» сөзі елді-мекеннің атынан шыққан болуы да мүмкін. Бұл болжам ғана, анығы - көп зерттеуді қажет етеді.

Үшіншіден, Ерқанат Манжуов айтқандай алма жемісінің символдық түсінігі жағымсыз емес. Ақиқатында, Троя қантөгісі және Адам ата-Хауананың жұмақтан қуылуына алма емес, адамдардың нәпсісі себепші болды. Сондықтан әлдебір жағдайға қатысты айтылатын «шатаққа себепші ілік/алма» түсінігін алмаға апарып тіреп, «алмаға жоламаңдар», «оны қолыңа ұстаушы болма/алма» деп жұртты шошыту жөн емес. Керісінше, христиан дінінің түсінігінде алма - «басталуы және соңы белгіленбеген мәңгілік» (шегі жоқ шеңбер). Сондай-ақ, алма – мәңгі жастық, өмір, білім, данышпандық, махаббат, бірлік, тұтастық, Жер шары және басқа да жағымды символға ие. Әлемдегі ең озық технология шығаратын компанияны құрған Стив Джобс фирмасын «Аpple» деп атап, брендтік белгі ретінде тістелген кетік алманы таңдауы бекер емес. Бұл «жансыз» белгі адамзатты білім мен ғылымға шақырып, содан «дәм татуға азғырып» тұр. Бірақ, ол өзінің таңдауын Ерқанат Манжуов сияқты иррационал, аңыз-әпсанаға сене беретін мифтік санамен әр мұқамға салып тәпсірлеп жатпады. Ойы қатаң, білім мен ғылымға ғана иман келтірген Стив Джобс тіпті «Ньютонның басына құлаған алманы» «Аpple» компаниясымен ешқашан байланыстырып сөз еткен емес. Өйткені ол ақиқатты, дүние жөніндегі прагматик дұрыс көзқарасты білім мен ғылым ғана қалыптастыратынын білді. «Ұлы даланың жеті қырын» тәпсірлеген кезде Ерқанат Манжуов Стив Джобстың ісіне неге қияс қылмайды?!

***

«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов «қазақ» сөзінің жиі айтылуына да қарсы екен. Ол Тәуелсіздік мейрамынан кейін жазған «Мерекеден кейінгі ой» деген мақаласында былай дейді: «Күні кеше ел болып тәуелсіздік мерекесін өткіздік. Әрине ұлт тәуелсіздігінің әрбір ұлт үшін алар орны аса маңызды. Қазақстан егемендік алған 27 жылда елімізде ұлған-ғайыр тірліктер атқарды. Бұл уақыт ақиқаты. Ал ресми жиындарда тек қана «қазақтың тәуелсіздігі» мен «қазақ» деген сөздер жиі айтылып, жиі кездесіп жүр. Бұл сөз еліміздегі басқа этнос өкілдерінің құлақтарына жағымсыз әрі қолайсыз әсер етіп жүрген сияқты. Мысалы, кешегі КСРО империясы құрамында жүрген кезде біз де мұндай жағдайды басымыздан өткізген едік қой. Бұл тарихи шындық. Ал Қазақстан бүгінде көпұлтты, көпконфессиялы мемлекет болғандықтан осы жылдарда қол жеткізген жетістіктер мен табыстар ортақ емес пе?! Сонда Қазақстанды мекен еткен 130-дан астам ұлт өкілдерінің ел тәуелсіздігінде қосқан үлестері назардан тыс қалады ма? Егерде біздің халқымыздың мақтанышына айналған атақты спортшыларымыз Г.Головкин мен И.Ильиндердің Қазақстанның атын шығарған жеңістерін қай жаққа қоямыз. Міне сондықтан да, біз қанша жерден «қазақ» деген сөзді қайта-қайта қолданғанмен бұдан бәсекеге қабілетті әрі тарихи санамыздың өзгере қоймасы анық. Қайта, осы тұста туған елім, қасиетті жерім деген сөздермен ойды толық жеткізуге болады ғой! Олай болса, өз елімізде отырып тәуелсіздік күні меркесін көпұлтты отандастарымыздың арасында «бұл тек қана қазақтың мерекесі» деген ұғымнан арылып, бөлінуден бөтен жүріп, өзге этнос өкілдерінен дараланбай ортақ мерейлі мерекеге айналдырған жөн сияқты» (орфографиясы сақталған).

Мынау мақалаға қарап Ерқанат Манжуовтың Тәуелсіздікке дейінгі және одан кейінгі саяси процестерді дұрыс бағаламағанын, отаршыл идеологияның ықпалынан әлі арыла алмай жүргенін көреміз. Біріншіден, қазақ ұлты – мемлекет құрушы халық. Сондықтан мемлекет осы ұлт атымен (Қазақ хандығы, Қазақстан Республикасы) аталып келе жатыр. Тіпті Совет Одағы тұсында да Қазақ ССР-і деп аталған. Басқаша болуы мүмкін емес – Манжуов екі қолымен құлағын жауып есіткісі келмесе де, «қазақ» сөзі айтыла береді.

Екіншіден, жыл сайын Тәуелсіздік мейрамы мен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы қабаттас келеді. Желтоқсан оқиғасы – коммунистік тоталитарлық жүйенің темір құрсауын бұзып шығуға ұмтылған ең алғашқы халық қозғалысы. Оның алдыңғы шебінде қазақтың өрімдей жас қыздары мен жігіттері жүрді. Бұл тарихи факт. Ал Ерқанат Манжуов тіліне тиек етіп отырған И.Ильин мен Г.Головкин ол кезде болған жоқ. Қазақстанның спорттағы жетістігін саяси, тарихи оқиғаға апарып телудің еш жөні жоқ.

Үшіншіден, Ерқанат Манжуовтың «Қазақстанды 130-дан астам ұлт өкілі мекен етеді» дегені коммунистік тоталитарлық жүйеден қалған сарқыншақ идеология, әбден ескірген, кертартпа түсінік. Өзге ұлттар мен ұлыстардың діні мен ділі, әдет-ғұрпы «Қазақстан халықтарының Ассамблеясымен» қорғалған, оған Қазақстанның толыққанды азаматы ретінде тең құқылы екеніне Конституцияда кепілдік берілген. «Нұр Отан» функционері мемлекеттің осы саясатын жоққа шығарғысы келе ме?

Жамбыл облысы тұрғындарының 90 пайызы қазақ және халықтың түгелге жуығы қазақ тілінде сөйлейді. Кез келген іс-шара қазақ халқының тарихи қалыптасу жолымен байланыстырыла отырып, қазақша өтуі заңды құбылыс. Осыны түсінбейтін немесе түсінгісі келмейтін Ерқанат Манжуовты ақтап алуға болатын бір жайт бар. Ол экономикалық білім алған, электр энергиясын тарату, теміржол сияқты шаруашылық ісімен айналысқан технократ. Қанат Бозымбаев Жамбыл облысына әкім болып барғанда, ол Е.Манжуовты өзінің орынбасары қызметіне тағайындайды. Бірақ үнемі командасын ертіп жүретін Бозымбаев Павлодар облысының әкімі қызметіне ауысқанда, ол өзіне Алматыдан аттай қалап алдырған орынбасарын тастап кетті. Дегенмен Е.Манжуов жұмыссыз қалған жоқ. Ол өңірдің бұдан кейінгі әкімі М.Көкірекбаевтың орынбасары болып қала берді. Оның қызметтік өмірбаянына қарасақ, Е.Манжуов 2013 жылдың соңынан бастап 2018 жылдың қара күзіне дейін Жамбыл облысы әкімдігінде идеология саласына жауапты маман болған. Тіпті «Рухани жаңғыру» жылында өңірге басшы болып келген Асқар Мырзахметов те Е.Манжуовқа бір жылға жуық идеология саласының тізгінін ұстатып қойды. Облыс әкімі мемлекеттің ішкі саясты мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні мен мақсатын жетік түсінбейтін технократ маманды идеология саласынан шеттеткені, әрине, құптарлық іс. Бірақ «Нұр Отан» билік партиясы емес пе, мемлекеттік саясатты насихаттайтын идеологиялық рупоры емес пе? Олай болса, облыс әкімінің тағы да Е.Манжуовқа партияның өңірдегі филиалының тізгінін беріп қойғаны қынжылтады. Мұның себебін – Ерқанат Манжуовтың мемлекеттік саясатты, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, оның жалғасы «Ұлы даланың жеті қырын» дұрыс түсінбейтінін жоғарыда айттық. Егер бұл аздық етсе, соңғы 5-6 жылда өңірдегі ішкі саясат пен идеологиялық жұмыстардың қате әрі тиімсіз жүргізілгенін, соның қандай жағымсыз салдары болғанын сараптаса жеткілікті.

Ораз Әлімбеков