Ержан Тәтішевтің өлімі бойынша іс Жамбыл облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Куәгерлер сот алдында жауап беруді бастады. Барлығы шамамен 60 куәгер. Олардың ішінде Нартай Дүтбаев пен Мұратхан Тоқмәди бар.

Тоқмәди залға кісенсіз кірді. Ол сот барысында Әбілязовпен қалай танысқанын айтып берді. "Әблязовпен 2003 жылдың басында таныстық. Маған адамдар хабарласып, жобаларды инвестициялау туралы өтетін кездесуге шақырды. Қонақүйге келдім. Қазір ол қонақүй "Интерконтиненталь" деп аталады. Сол адамдардың ішінде Әбілязовті көрдім. Содан ол мені шақырды, барып қасына отырдым, әңгімелестік. Ол жобаны қаржыландыру қажеттігі жайлы білді, инвестициялар жайлы сөйлестік, кейін Ержан Тәтішевтің онымен дұрыс жұмыс істемегенін айта бастады", - дейді Тоқмәди.

Тоқмәдидің айтуынша, ол Әблязовпен бірнеше рет кездескен. "Әрбір кездесуде Ержан Тәтішевтің дұрыс істемегені жайлы айта берді. Банкті және ондағы үлесін кез келген жолмен алғысы келетінін айтты. Тіпті физикалық жолмен болсын. Сосын маған осы іске қатысуды ұсынды. Күш құрылымдарында өзінің адамдары бар екенін айтты. Ал мен одан бас тартсам, маған қауіп төнетінін айтты. Отбасыммен де қорқыта бастады. Кейін кездесулердің бірінде барлығын жақсылап ойластырып қойғанын айтты. Аң аулауға шыққанда жазатайым оқиға сияқты болады деді", - деп еске алады Тоқмәди.

Тоқмәди сол кезде Ержан Тәтішевпен достық қарым-қатынаста болғанын және бірнеше рет аң аулауға шыққандарын айтады. "Алғаш рет барғанымызда оған барлығы ұнады. Кейінірек балық аулауға да шығып жүрдік. Жақын араласа бастадық, дос болдық", - деді Тоқмәди.

Сондай-ақ, Тоқмәди БТА банкінің оған зауыт салу үшін несие алу туралы өтінішін мақұлдағанын айтып өтті.

"Шамамен сол кезде біз шыны шығаратын зауытты салу бойынша бизнес-жоспар дайындап жаттық. Сол жоспарым туралы Ержанға айттым. Ол міндетті түрде банкке және несие бюросына бару қажеттігін айтты. (...) 4,2 миллион еуро несие алдым. Жартысы теңгемен" , - деді Тоқмәди.

Биыл 16 наурызда Мұратхан Тоқмәди Тәтішевті өлтіргені үшін 10 жыл 6 айға сотталған болатын. Мұратхан Тоқмәди 2018 жылдың 8 наурызында сағат 19:20-да Жамбыл облыстық ауруханасынан қашуға тырысқан. Алайда ол жедел түрде Тараздан ұсталып, Жамбыл облыстық ІІД-нің тергеу абақтысына қамалған еді.