Шетелде жасырынып жүрген Мұхтар Әбілязовке қарсы банкир Ержан Тәтішевтің өлімі бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды. Бас прокуратураның таратқан ақпараты бойынша, Әбілязовтің ісі Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы редакциясының 28-бабы 3-тармағы (қылмыс жасауды ұйымдастырған немесе оның орындалуына басшылық жасаған адам) және 96-бабы 3-тармағының "ж" және "з" бөлімдері (топ болып, алдын ала сөз байласу арқылы, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен, я бандитизммен ұштасқан жеке адамға қарсы қылмыс) бойынша дәрежеленген. Тәтішев өліміне қатысты істі Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарайды.

Ержан Тәтішев 2004 жылы аңшылықта жүргенде оқ тиіп өлген. Сол кезде бұны сот жазатайым оқиға деп танып, банкирдің жанында бірге болған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиді бір жылға соттаған. Бірақ 2017 жылы іс қайта қаралып, Мұратхан Тоқмәди Тәтішевті "ТұранӘлем" банкті иеленуді көздеген Мұхтар Әбілязовтің тапсырысымен өлтірдім деген. Сот Тоқмадиді 2018 жылы он жарым жылға соттады.

Бұдан кейін Қазақстан бас прокуратурасы 4 сәуірде Мұхтар Әбілязовтің үстінен "банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырды" деген айыппен қылмыстық іс қозғаған. Тергеу аяқталып, енді бұл қылмыстық іс сотқа жолданып отыр.

Әбілязовтің Тәтішевті өлтіруге тапсырыс бергені жөнінде тергеу материалдары мен кейбір куәлардың көрсетуіне сүйенген бірнеше журналистік зерттеу жасалды. Онда Мұхтар Әбілязов мақсатына жету үшін сол кездегі ҰҚК басшысы Нартай Дүтбаевтың көмегіне жүгінгені айтылады. Бұл Дүтбаевтың тергеу кезіндегі жауабы мен оның Әбілязовпен үнемі байланыста болғаны жөніндегі аудио жазба арқылы дәлелін тапты. Тәтішевті өлтіру оқиғасы кезінде Әбілязовтің жауапқа тартылмауы, банкирді тапсырыспен атып өлтірген Тоқмадидің әрекеті «абайсызда адам өлтіріп қою» деп бағалануына сол кездегі ҰҚК төрағасының ықпалы болғаны байқалады. Тергеу материалдарында Тәтішев өлген соң оның туыстарының атына рәсімделген активтерді Әбілязовке тартып әперуге Дүтбаев пен оның жақтастары көмектескені айтылды. Жалпы, Әбілязов пен Дүтбаев узақ жылдар бойы жасырын әріптестік жасаған. Тіпті, Дүтбаев шетелге қашып кеткен Әбілязовке Қазақстан арнаулы органдарындағы құпияны өзі қамауға алынғанға шейін жеткізіп тұрған. Мұның бәрі екеуара телефон байланысының аудио жазбасымен дәлелін тапты.

«Әбілязов Тәтішевке қарсы тапсырыс беріп, оны өлтіртті» деген айыптауды сотта дәлелдеп шығу қиын шаруа емес. Бұл қылмыстың дәлелі Дүтбаев пен оның сыбайластарына және Мұратхан Тоқмадиге қатысты өткен сотта дәйектелген. Бұған дейін, 2017 жылы Мұхтар Әбілязов «қылмыстық топ құрды» және «ақша жымқырды» деген айыппен 20 жылға сырттай сотталған. Бұл қаржы алаяқтығына қатысты айыптау болатын. Енді ол «тапсырыспен адам өлтіруші» болып отыр.