Мемлекеттік айыптаушы бизнесмен Ержан Тәтішевті өлтірді деген айыппен Мұхтар Әбілязовті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады. Бұл туралы Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан процесте белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

"Айыптаушы Мұхтар Әбілязовті ҚР Қылмыстық кодексінің 1997 жылғы редакциясындағы 28-бабының 3-бөлігі, 96-бабының 2-тармағы бойынша айыпты деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрайды", - деп оқыды прокурор.

Банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастыру дерегі бойынша іс Таразда қаралып жатыр. Айыпталушы - Мұхтар Әбілязов. Сот тыңдауы оның қатысуынсыз өтіп жатыр. Сотта куәгерлерден жауап алынып жатыр, іс бойынша жалпы 60-қа жуық куәгер бар.

Еске салайық, Мұратхан Тоқмәди Ержан Тәтішевті өлтіргені үшін биылғы наурызда 10,5 жылға сотталған еді. Бас прокуратураның мәліметінше, Мұхтар Әбілязов 2004 жылы бостандыққа шыққаннан кейін Тоқмәдиді 4 миллион долларға жалдап, БТА банкі басқарма төрағасы Тәтішевті өлтіруді тапсырған.