Таразда Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы банкир Ержан Тәтішевтің өліміне тапсырыс беруші ретінде Мұхтар Әбілязов айыпталып жатқан сот процесінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нартай Дүтбаевтан жауап алынды. Сот процесінде Нартай Дүтбаев Мұхтар Әбілязовті 2002 жылдан бері білетінін, "дос ретінде араласқанын", "оның сұрауы бойынша ҰҚК Ержан Тәтішевтің телефонын тыңдағанын", оны Әбілязовке хабарлап тұрғанын айтты. Оның сөзінше, Әбілязов пен Тәтішев арасында «ТұранӘлем» банкінің мүлкін бөлісуге қатысты келіспеушілік болған.

"...Тәтішевтің өліміне дейін олардың арасында мүлікті бөлісу бойынша келіспеушіліктер болды. Әсіресе Әбілязовтың ҰҚК-ға және өзге дереккөздердегі мәліметтер бойынша, олардың арасында келіссөздер жүргізілген, ол кезде Әбілязов бас бостандығынан айыру орындарында жүргенінде Тәтішев оның бизнесін заңсыз түрде бұзып, «ТұранӘлемдегі» үлесін басып алды деп есептеген... Тәтішев қайтыс болғаннан кейін банкте мұрагерлер арасында - жұбайы Анар Айтжанова мен ағайында Тәтішевтер арасында жанжал шыға бастады. Сондықтан мен қажетті білім болмаса да, банкті өзім басқаруды ұйғардым.Ал банк екінші деңгейлі үздік банктердің қатарында болды" деді Дүтбаев.

Сондай-ақ, Нартай Дүтбаев Мұхтар Әбілязов шетелге қышып кеткен соң да онымен байланасып тұрғанын, одан қаржы көмегін алғанын мойындады. 2009 жылы "Қазатомөндіріс" ұлттық компаниясының басшысы Мұхтар Жәкішев қамалғаннан кейін Әбілязов Дүтбаевқа ішінде 20 мың АҚШ доллары бар банк карточкасын беріп жіберіпті. Оны Дүтбаевқа Жәкішевтің әйелі Жәмила апарып берген.

"2008 жылы "Қазатомөнеркәсіп" вице-президенті болып тағайындалдым, ол кезде оны Жәкішев басқарады. 2009 жылы Жәкішев сотталып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл кезде Әбілязов елден кетіп қалған, нақтырақ айтқанда қашып кеткен. Мен "Қазатомөнеркәсіпте" жұмыс істеп жүрдім, менің профилім мүлде басқа болатын. Жәкішев қамалғаннан кейін сөзсіз, мен онымен дос болып кеттім, оған қатты жаным ашыды. Оның жұбайы Жәмиламен кездесулердің бірінде ол маған төлем картасын берді. Ол карта Әблязовтан болған екен, мен бұл туралы білгенім жоқ. Бұл жөнінде онымен сөйлескеннен кейін білдім, Жәмила (Жәкішевтің жұбайы) оны Жәкішевтің ісіне қатысты процестерге қатысуға Алматыдан Астанаға барып отыра алуым үшін берді" - деді Дүтбаев сотта.

"2009 жылы Жәкішев қамалғаннан кейін Әбілязовпен байланысқа өзім шықтым, телефонын Жәкішевтің жұбайынан алдым. Менің мақсатым біреу болды - елімізге қатысты кенеттен қастандық жасамау үшін Әбілязовты ұстау. Ол Жәкішевтің жағдайын одан әрі күрделендіре түсетін еді. Шын мәнінде мен онымен тек осы туралы сөйлестім. Ол БАҚ арқылы мемлекетімізге қатысты негативті нәрселер айтпасын дедім. Мен айтар едім, ол менің қолымнан келді, 2009 жылдың соңына дейін" деді Дүтбаев.

Таразда Ержан Тәтішевтің өлімін ұйымдастырғандарға қатысты сотта бұған дейін бес куәгердің жауабы тыңдалған еді. Олардың бірі Мұхтар Әбілязов пен Ержан Тәтішев арасындағы даудың мән-жайын айтып берген.

Мұхтар Әбілязов Тәтішевтің өлімін ұйымдастырды деген күдікке ілініп отыр. Ол бұл қылмысты жасау кезінде Мұратхан Тоқмәдимен алдын ала сөз байласып, соған 4 млн долларға тапсырыс берген. Ал Нартай Дүтбаевтың бұл қылмысқа жанама қатысы болған.

Нартай Дүтбаев 2017 жылы "мемлекеттік құпияны жариялау" ісі бойынша жеті жылға сотталған. Ал 2018 жылы 1 ақпан күні Ақмола гарнизонының әскери соты Нартай Дүтбаевты "қаржы жымқыру және жылыстату" айыбы бойынша 12 жылға соттағанын хабарлаған. Дүтбаевқа шығарылған екі жаза жартылай біріктіріліп, соңғы шешім ретінде 12 жыл кесілген.

Ержан Тәтішев 2004 жылы аңшылықта жүргенде оқ тиіп өлген. Сол кезде мұны сот "жазатайым оқиға" деп танып, банкирдің жанында бірге болған кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдиді бір жылға соттаған. Бірақ 2017 жылы іс қайта қаралып, Мұратхан Тоқмәди Тәтішевті "ТұранӘлем" банкін иеленуді көздеген "Мұхтар Әбілязовтің тапсырысымен өлтірдім" деген. Сот оны осы қылмысы үшін 2018 жылы он жарым жылға соттады. Осыдан кейін Қазақстан бас прокуратурасы Мұхтар Әбілязовтің үстінен «банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырды» деген айыппен қылмыстық іс қозғаған.