Маңғыстау облыстық Сот жюриінің шешімімен судья өкілеттілігі тоқтатылған Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиевтің төңірегінде дау саяси сипат алып кетті. Ол өзіне қатысты шығарылған шешімді елде экстремистік ұйым ретінде тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысының Telegram чатындағы жазбалары үшін істі болған Айгүл Ақбердиеваны соттау туралы бұйрығын орындамағаны себеп болғанын айтады. Шындығында солай ма?

Рас, алғашқыда Айгүл Ақбердиеваның ісі өткен жылдың қыркүйек айында Мәлік Кенжалиевтің қарауына берілген. Бірақ ол Алматыға оқуға кеткен соң іс судья Гүлнұр Байтұрованың қарауына өткен болатын.

Ал бұл кезде Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиевке қарсы судья этикасын бұзу фактісі тексеріліп жатқан. Ол осыдан үш жылдай бұрын Каспий теңізі жағалауынан коттедж салуға Өзбекстаннан келген жұмысшылардың 3,6 млн теңгеге жалдап, келісілген ақшаның жартысын бермей кеткен. Былтыр жазда еңбекақысын сұрап барған құрылыс бригадиріне Мәлік Кенжалиев қоқан-лоқы жасап, оны «түрмеде шірітем» деп қорқытқан. Бұл оқиғаны құрылыс бригадирі телефон таспасына жазып алып, тиісті органдарға судьяның үстінен шағымданған.

Былтыр күзде Жоғары соттың ішкі қауіпсіздік бөлімі қызметтік тексеру жүргізіп, материалдар ҚР Судьялар кеңесінің Маңғыстау облыстық филиалы Судья әдебі жөніндегі комиссияға ұсынылған. Комиссия 2018 жылдың 21 қарашасында М.Кенжалиевтің әрекетін судья әдебіне және атқаратын лауазымына сай келмейтіні туралы шешім қабылдайды. Сондай-ақ Маңғыстау облыстық сотының пленарлық отырысының президиумына М.Кенжалиевке қатысты тәртіптік іс қозғау туралы Сот жюриіне ұсыным беруді тапсырады.

Жоғары сот жанындағы Сот жюриінің тәртіптік комиссиясы 2019 жылдың 7 ақпанында судья әдебіне қайшы келетін теріс қылық жасағаны үшін Ақтау қалалық сотының төрағасы Мәлік Кенжалиевтің судья өкілеттілігі тоқтату арқылы қызметінен босату туралы Жоғарғы Сот кеңесіне жүгінген. Бұл шешімді Маңғыстау облыстық сотының президиумы мен Судья әдебі бойынша комиссиясы қолдады. Жоғары сот кеңесінің соңғы шешіміне дейін М.Кенжалиевтің судья өкілеттілігі тоқтатылды.

Маңғыстау облыстық сотының хабарламасы бойынша, Айгүл Ақбердиеваға қатысты ақтау үкімін шығарған судья Гүлнар Байтұроваға ешқандай тәртіптік немесе басқалай сұрақ жоқ, ол қазір жұмыста, сот ісін жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, Айгүл Ақбердиеваның ісі бойынша шығарылған ақтау үкіміне М.Кенжалиевтің еш қатысы жоқ. Бұл пікірді судья Гүлнар Байтұрова да қуаттап отыр. Ол өзінің ақтау үкімін шығаруына М.Кенжалиев заң бойынша ешқандай ықпал ете алмайтынын және ықпал етпегенін айтты. Сот шешіміне қарасақ, судьяның Айгүл Ақбердиеваға қатысты ақтау үкімін шығаруға айыптау қорытындысындаға дәйексіздік негіз болған. Сондай-ақ, А.Ақбердиеваның 4 баланың анасы екені, күйеуі Абловас Жұмаевтың үш жылға соталып кеткені себеп болған сияқты. Сондықтан судья Гүлнар Байтұрованың Айгүл Ақбердиеваға қатысты ақтау үкімін шығаруын Мәлік Кенжалиевтің өз ісімен байланыстыру бекер. Бұл даудың бәрі судья этикасын бұзғаны үшін айыпталып отырған Мәлік Кенжалиевтің қызметтен кеткісі келмеген жандалбасасынан басқа ештеңе емес.

Берік Мыңжасар