Ресейдің Бас прокуратурасы сыртта қарау үшін БТА Банк директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әбілязовке қатысты қылмыстық істі сотқа бағыттады. Бұл туралы ТАСС агенттігіне РФ Бас прокуратурасының ресми өкілі Александр Куренной мәлім етті.

«29 сәуірде РФ Бас прокуратурасы БТА Банк директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовке, аталған банктің бұрынғы басқарма төрағасы Роман Солодченкоға, сондай-ақ олардың қызметкерлері Артур Трофимовке, Игорь Кононкоға, Татьяна Параскевичке, Анатолий Ерещенкоға және Александр Удовенкоға қатысты қылмыстық іс бойынша айыптау қорытындысын бекітті», - деді Куренной.

Ресейде оларға аса ірі көлемдені алаяқтық, қаржыны жылыстату әрі аса ірі сомада шығын келтіру айыптары тағылуда.

Тергеу мәліметтеріне қарағанда, 2006-2009 жылдары олар БТА Банкте 58 млрд рубльден астам қаржыны жымқырған, яғни жер учаскелерінің кепілімен несие берген.

А. Куренной атап өткендей, қазіргі уақытта күдіктілер РФ-тен тыс аймақта жасырынып жүр. Қылмыстық іс сырттай қарау үшін Мәскеу облысы Домодедов қалалық сотына бағытталды.

Дереккөз: ҚазАқпарат