Forbes Kazakhstan (forbes.kz) мен ratel.kz сайттарына қарсы қылмыстық қудалау журналистер қауымы ішіндегі бұрыннан бар алауыздықты одан сайын күшейтіп жіберді. Қазақстан журналистерінің басым бөлігі әріптестеріне осындай қиын кезеңде қолдау білдіруден бас тартып отыр. Олардың ішінде «бұларға сол керек» деп табалаушылар да бар. Кейбір сөз бостандығы мәселесі бойынша машықтанған халықаралық ұйымдардың forbes.kz және ratel.kz сайттарының бұғатталуы мен сотқа тартылуына қарсы жасаған мәлімдемесіне сын айтып, сөз бостандығы мен журналистика принциптерін аталған сайттардың жарияланымдарымен байланыстырудың қажеті жоғын айтып жатыр.

forbes.kz және ratel.kz сайттары төңірегіндегі дауға қатысты Қазақстан журналистер одағы мен халықаралық «Әділ сөз» қорының мәлімдесесі шықты. Онда журалистерді Қазақстан билігі тарапынан қудалау сөз бостандығын шектеу үшін жасалып жатқан әрекет екені айтылған. Осыған ұқсас мәлімдемені Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы да жасады. Ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Риттманның айтуынша, Қазақстан билігі елде баспасөз еркіндігі бар деуі үшін қылмыстық қудалауды жойып, кәсіби қызметін атқарып жүрген журналистерді қуғындау үшін жала жабатын заңдарды пайдалануын доғаруы тиіс. «Forbes Kazakhstan мен ratel.kz -ке қарсы соңғы әрекет Қазақстанда тәуелсіз БАҚ-ты тұншықтыруға кезекті рет әрекет жасауға түрткі болады» - дейді Мира Риттман.

Журналистердің құқықтарын қорғаушы ұйымдардың мұнда айтып отырған мәселесі - forbes.kz және ratel.kz сайттарын өзі мен ұлын қаралағаны үшін сотқа беріп, 50 млн теңге моралдық шығын өндірту туралы шешім шығартып алған кәсіпкер Зейнулла Кәкімжановтың әрекеті. Бір жыл бұрынғы сот шешімі бойынша, forbes.kz сайты әкелі-балалы Кәкімжановтарды қаралаған 9 мақаланы, ал ratel.kz 14 мақаланы жою керек еді. Бірақ, екі сайт та бұл талапты орындаған жоқ, жағдайды одан сайын ушықтырып, қайтадан Кәкімжановтың ар-ожданы мен намысына тиетін материалдарды үдеткен. Сондықтан З.Кәкімжанов тағы да сотқа арыздануға мәжбүр болды - forbes.kz және ratel.kz сайттарына қарсы қылмыстық қудалаудың түйткілі осы.

forbes.kz және ratel.kz сайттарының кәсіпкерлер З.Кәкімжанов пен И.Кәкімжановқа қарсы бір жыл бойы қаралау мақалалар жариялау тапсырыспен жасалғаны сотта дәлелін тапқан, 50 млн теңгені құрайтын моралдық шығынның бір бөлігін тапсырыс беруші кәсіпкер Процентов төлеуі тиіс. Сондықтан, forbes.kz және ratel.kz сайттарының жауапкершілікке тартылуы Қазақстан журналистерің бір бөлігініңпікірінше, сөз бостандығын шектеуге қатысы жоқ. Мысалы, журналист Гүлжан Ерғалиева forbes.kz және ratel.kz сайттары Қазақстан заңдарын бұзды деп санайды. Оның ойынша, бұл жерде сөз бостандығына қатысты саяси мотив жоқ. Аталмыш forbes.kz және ratel.kz сайттарының қызметкерлері журналистиканы жеке бас пайдасына жегіп қойған. «Олар 3 жыл бойы бір адам жөнінде жалған сөз таратты және жақсы сөзбен мәмілеге шақырғанға да тоқтамай қойды... Арамза сұмырайлар ұрылар сияқты жауапкершілікке тартылу керек!» деді Г.Ерғалиева әлеуметтік желідегі парақшасында. Сондай-ақ, ол журналистердің құқықтарын қорғаушы ұйымдарды forbes.kz және ratel.kz сайтын қолдамауға шақырды.

Г.Ерғалиеваның мәлімдемесін журналистердің басым бөлігі қолдап отыр. «Менің де пікірім осындай. Халықтық, ұлттық мүддеге қызмет етпеген, тəуелсіз басылымдарға қолдау көрсетпеген, өз пайдаларын ғана ойлаған журналистерге ара түсудің қажеті шамалы» деді «Жас алаш» газетінің бұрынғы бас редакторы Рысбек Сәрсенбай...

Журналистер қауымының forbes.kz және ratel.kz сайттарына қолдау білдірмей жатуының бірнеше себебі бар. Бұған дейін талай БАҚ жауапкершілікке тартылып, олардың біразы сот шешімімен жабылған. Мұндай жағдайды Г.Ерғалиева да, Р.Сәрсенбай да және басқа да БАҚ жетекшілері басынан өткерді. Сондай қиын кезеңде forbes.kz және ratel.kz сайттарының журналистері көмек қолын созбаған. Тіпті олар Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев пен ҚазТАГ ақпарат агенттігінің басшысы Әсет Матаев қамауға алынып, соңынан сотталғанда осы жерден де пайда тауып қалуды көздеп, әкелі-балалы журналистерге қарсы әрекет етті. forbes.kz және ratel.kz сайттарының осындай қиямпұрыс әрекетін журналистер ұмыта қойған жоқ. Сондықтан Қазақстан журналистерінің басым бөлігі forbes.kz және ratel.kz сайттарының құқық қорғау органдары тарапынан қудалануына қарсы емес, аталған сайттардың жабылып қалғанын қалайтындары да бар.

Берік Мыңжасар