Қазақстандағы саяси партиялар маусымның 9-ына белгіленген президент сайлауына үміткер ұсынуға қатысты әрі-сәрі күйге түсті. Бұл жағдайға билік партиясы саналатын елдегі ең үлкен саяси ұйым – «Нұр Отан» атынан сайлауға түсетін үміткердің анықталмауы себеп болып тұр.

Бұған дейін хабарланғандай, «Нұр Отан» партиясы 23 сәуірге белгілеген сиезде өзінің кандидатын анықтайды. Оның кім екені жөнінде тіпті саяси сарапшылардың ортақ пікірі жоқ. «Нұр Отаннан» «үміткер ретінде ұсынылады» деген болжам бойынша ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламент Сенатының төрайымы Дариға Назарбаева, Самат Әбіш, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек және тағы басқалардың аты жиі айтылады. Бірақ биліктің қазіргі әрекетінен олардың қайсысы «Нұр Отан» партиясы атынан үміткер болатыны түсініксіз.

Бұған мысал ретінде Қ.Тоқаевтың тұлғасына тоқталайық: ҚР президенті лауазымындағы Қ.Тоқаев аймақтарды аралап, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге көңіл бөліп, көрші елдерге ресми сапарлап, белсенді әрекет жасап жатыр. Бір қарағанда, мұның бәрі сайлауалды насихат сияқты көрінеді. Сондықтан кейбір сарапшылар оны «Нұр Отанның» атынан сайлауға түсетін басты үміткер санайды.

«Тоқаев – президент сайлауындағы басты үміткер» деген пікірге қарсы аргумент былайша тұжырымдалған: Конституция бойынша ҚР президенті Қ.Тоқаевтың лауазымы 2020 жылы аяқталады. Бұл мерзім Қ.Тоқаев үшін өзінің саяси позициясын бекітіп алуға ауадай қажет уақыт. Бірақ ол мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу жөнінде саяси қадамға барып отыр. Президент мұндай шешімге билік тармақтарының жетекшілерімен кездесіп ақылдасқан соң келгені белгілі. Олай болса, осы жағдай «Нұр Отан» партиясының алдағы президент сайлауына ұсынатын үміткері «Тоқаев емес, басқа адам» деген тұжырым жасауға итермелейді. «Нұр Отан» партиясы тарапынан туындап отырған саяси технологиялық әдіс басқа саяси ұйымдардың сайлауға салатын үміткерлерін анықтауға мүмкіндік бермей, әрі-сәрі күй кештіріп қойды. Бұл «Ақ жол» партиясының жиынында анық байқалды. Ұзаққа созылған талқылау барысында «ақжолдықтар» ортақ шешімге келе алмады. Кейбірі партия жетекшісі Азат Перуашевтің сайлауға түскенін қалады, кейбірі «Ақ жолдың» атынан президент сайлауына әйел адамды үміткер ретінде ұсыну жөнінде пікір айтты. Соңғы пікір «Нұр Отан» партиясының атынан Дариға Назарбаева түседі» деген болжамға қарсы қарекет ретінде, соған балама ұсынудың саяси технологиясынан туындап жатқан ой сяқты. «Ақ жол» сияқты басқа партиялар да алдағы президент сайлауына үміткер ұсынуға қорқасоқтап отыр. Елдегі жалғыз оппозицияшыл партия саналатын ЖСДП екі жыл бұрын ұйымның өз ішінде өзгеріс жасамақшы болып, партия басшылығына жастарды тартқан. Тіпті партия төралқасының жетекшілігіне тәуелсіз сасаткер Зәуреш Батталованы шақырған. Бірақ партия ішіндегі реформа сәтсіз аяқталды, Зәуреш Батталова мен партия басшысы Жармахан Тұяқбай арасында интрига туындады. Нәтижесінде З.Батталова ЖСДП-ны тастап кетіп қалған болатын. Сондықтан қазір «Нұр Отан» Д.Назарбаеваны президент сайлауына үміткер ретінде ұсынса, ЖСДП оған қарсы ұсынатын салмақты үміткер таба алмайды. Ал партия басшысы Ж.Тұяқбай жасының ұлғаюына байланысты саяси додаға қатысуға құлықты емес. Ол тек Тоқаевқа бәсекелес үміткер ретінде ғана шығуы мүмкін.

Саяси алаңдағы қоғамдық бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың әлеуеті нашар. Ондай ұйымдардың атынан ұсынылатын үміткерлер «Нұр Отанның» атынан сайлауға түсетін үміткерге саяси бәсеке жасай алмайды. Бұл санаттағы үміткерлердің түгелге жуығы сайлауда жеңіп шығу үшін емес, саяси додаға қатысып, атын шығарып, халық алдында аз-маз бедел жинап қалуды ғана көздейтіні байқалады. Әрине, олардың біразы заң талаптарына сәйкеспеуіне байланысты үміткер ретінде тіркеле алмай қалатынын да ескерген жөн. Ал президент сайлауында «Нұр Отан» партиясының үміткеріне қарсы басқа саяси партиялардың үміткері ғана біршама саяси бәсеке жасауға қауқарлы. Бірақ ондай үміткердің кім екені «Нұр Отан» партиясының сиезінен кейін ғана анықталады.

Берік Мыңжасар