Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел басшылығында қандай жұмыстарды қолға алатынын айтып берді.

«Сайлау кампаниясы кезінде мен еліміздің біршама өңірлерін араладым. Менің саяси платформам - біздің азаматтардың басты талаптарына жауап болады. Ең алдымен, мен Қазақстанның үшінші жаңғыруы бағытында, Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мен біздің мемлекеттің басқа да стратегиялық маңызды жұмыстарымен айналысамын. Басқаша айтқанда, мен Елбасының стратегиясын жүзеге асыру үшін жұмыс істеймін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекет дамудың жаңа деңгейіне шығу үшін жаңа амалдар мен шешімдер керектігін тілге тиек етті. «Олардың барлығы жақында жарияланады.

Екіншіден, өзекті әлеуметтік мәселелермен, барынша мұқтаж жандарға көмектесу ісімен айналысуды көздеп отырмын. Үкіметке бұл салада үздік нәтижеге жету амалдары тапсырылды. Бізге әлеуметтік саясатты салмақты түрде жаңарту керек.

Үшіншіден, қазақстандық кәсіпкерлерге қолдау білдіремін. Инвестиция тарту мен оларды қорғау, іскерлік белсенділікті жігерлендіру, орта класты қалыптастыру көзделеді.

Төртіншіден, менің мақсатым - қоғамның бірлігін қамтып, әрбір азаматтың құқығын қорғау. Ең бастысы - әрдайым қайда болмасын Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғайтын боламын», - деді Президент.

«Қазіргі уақытта технологиялар мен экономика, әлеуметтік тәртіп, азаматтарыдң көзқарасы өзгеріп барады. Әсіресе, жастардың көзқарасы. Қазақстанның алдында жаңа тегеуріндер мен қауіптер тұр. Жылдар бойы халықаралық саясатпен айналысып келе жатқан мен жаңа дәуірдің келе жатқанын айқын сезінемін. Сауда соғыстары мен халықаралық қарым-қатынастың шиеленісі, бұрынғы қауіпсіздік механизмдерінің бұзылуы, өңірлік шиеленістердің көбеюі - барлығы жаңа геосаяси шынайылық. Алдағы бірнеше жылда заманымыздың ең басты мәселесі шешіледі. Қандай елдер прогреске ілесіп кете алады, қандай елдер әлемдік дамудан тыс қалады?», - деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, экономикалық, әлеуметтік және саяси прогресс - біздің заманауи сын-қатерлерге жалғыз дұрыс жауабымыз болмақ. «Біз әлемге ашықпыз, үздік жетістіктерге, үздік технологияларға талпынамыз. Ел игілігіне арналған жасампаз өзгерістер - менің прогрестегі түсінігім осы. Сонымен бірге, билік халықтың сұранысын естуі қажет, туындаған мәселелерді сол жерде шешіп, азаматтар алдында тұрақты есеп беруі тиіс. Уәде бермей, бірден іске кірісуі қажет. Бұл қағиданы үкіметтің барлық мүшелері мен әкімдер ұстануы керек», - деді Президент.

Президент алда атқарылатын жұмыстардың бір бағыты тұрғын үй мәселесін шешуге арналатынына тоқталды.

«Түрлі санаттағы азаматтардың қолжетімді баспанаға ие болуына айрықша назар аударамын. Біздің алдымызда бірыңғай тұрғын үй саясатын жасақтау міндеті тұр. Үкімет осы бағытта нақты шаралар қабылдайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру жөн деп шештім. Оның құрамына барлық бірлестік өкілдері мен жастар енеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы осы жылдың тамыз айында өтеді. Билік халыққа берген барлық уәдесін орындауы тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның сөзінше, «ұлттың бірлігі мен елдегі тұрақтылықты сақтап қалудың жол осы». Ал Қазақстанның сыртқы саясатын «конструктивті, үйлесімді, көпвекторлы бағытта» жалғастырып, «әлемдік аренада ұлттық мүддені қорғаймыз» деді президент.

«Елдің сыртқы саясатының жұмысы елге, ұлттық бизнеске, әрбір азаматқа пайда әкелетін болады», - деді Тоқаев.

«Қазақстан әлемдік аренада үлкен абырой жинады. Өзін бейбітшілікті сүйетін, ашық, сенімді мемлекет ретінде бекітті. Халықаралық істерде сенімді әрі жауапты серіктес екенін бекемдеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы ұлықтау рәсімінде.