Кеше Алматының Әуезов аудандық сотында «белсенді» Дильнар Инсеноваға (суретте оң жақта) қарсы іс бойынша сот үкімі шықты. Судья Ерхан Тотыбай Дильнар Инсенованы Қылмыстық кодекстің 189-бабымен ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") айыпты деп танып, бас бостандығын екі жылға шектеуге үкім етті. Бұған қоса сотталушы екі жыл қоғамдық қызметпен айналыса алмайды.

Бұрын ипотекаға үй алып қарызын өтей алмай қалған Дильнар Инсенова өзі сияқты адамдармен бірігіп наразылық білдіріп жүретін. Кейін ол «бизнестің» басқа түріне ауысып, «пайданың» жаңа көзін тауыпты. «Тұрғындарды дәрігерлік-әлеуметтік қорғау» қоғамдық қорын құрып, сол ұйымның дара жетекшісі болып алды. Аты айтып тұрғандай, бұл қор қаланың әлеуметтік жағынан нашар қорғалған тұрғындары мәселесімен шұғылданады. Сондықтан Инсенованың қоры мүгедектерді жұмысқа орналастырамын деп «Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығынан» қаражат алып отырған. Сөйтіп Д.Инсенова мүгедек 11 адамды өзінің қорына жұмысқа тұрғызды. «Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығынан» ай сайын жалақы ретінде әрбір адамға 56 мың теңгеден есептеп қаражатты Инсенованың қорына аударған. Бірақ Инсенова ол қаражатты түгел бермей, қор қызметкерлерінің әрбіріне 5-10 мың теңгеден ғана төлеп тұрыпты. Ол мүмкіндігі шектеулі адамдардың есебінен айына 280-330 мың теңге пайда тауып отырған. Осы заң бұзушылыққа байланысты «Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығы» Д.Инсеноваға қарсы сотқа арызданған болатын. Тергеу барысында Д.Инсенованың 1,5 миллион теңгені жымқырғаны анықталды. Бұл айыпты Д.Инсенова сотта сөйлеген соңғы сөзінде түгелімен мойындады. Бір қызығы, ол айыбын мойындай тұра жасаған қылмысына өкінбейтінін айтты. Сондай-ақ ол айыбын мойындап отырып, сот шешіміне апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеп отыр.

Ол өзіне үкім шығарылатын күнгі сотқа шашын тықырлап алып келгенін атап өткен жөн. Сөз сөйлегенде де қолын қалтасына салып алып, әдепсіздік танытты. Тіпті, ол судьяның ескертуіне де пысқырған жоқ. Сотта журналистерге де ара-тұра тап беріп, доқ көрсетіп бақты. Оның бұл ісі «қоғам белсендісі» деген атағына шырай бере қойған жоқ.

Дильнар Инсенова - «феномені» ерекше адам. Алаяқтарға тән іспен айналысатын осындай қоғам белсенділерін құқық қорғау органдары бұрышқа тіреп, жауапкершілікке тартқанда олар ылғи мәселені саясатпен бүркемелегісі келеді. Тіпті өзінің екі баланың анасы екенін айтып, отбасылық проблемасын саясатқа айналдыруға бейім. Дильнар Инсенова ипотекаға үй алып, несиені мүмкіншілігі болса да әдейі төлемей, наразылық шараларын ұйымдастырып, елді дүрліктіргені жұрттың әлі есінде. Енді оның мүгедектерге тиесілі әлеуметтік көмекке берілген ақшаны жеп қойғаны әшкере болып отыр. Осы іске орай оған қатысты шығарылған сот шешімі тым жұмсақ сияқты. Әрине, сот шешімінде Дильнар Инсенованың екі баласы бары есепке алынды. Оған екі жылдық шартты жаза белгіленіп отыр. Сот шешімінің бұл тармағымен келісуге болатын шығар. Бірақ оған екі жылға дейін ғана қоғамдық іспен айналысуға тыйым салғаны аздық етеді. Үнемі осындай іспен шұғылданатын күмәнді адамдарды қоғамдық жұмыстан өмір бойына аластап тастау әлдеқайда әділетті шешім болар еді...

Берік Мыңжасар