ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары-Қаржы министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік сатып алу жүйесі жетілдірілетінін айтты.

«Мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру - өнім берушілердің біліктілігін арттыруға, отандық тауар өндірушілерді қолдауға, сондай-ақ рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Мемлекеттік сатып алуды орталықтандыру моделін енгізу, интернет-дүкендер арқылы сатып алу тәсілдерін енгізу және негіздемелік келісімдерді қолдану пысықталуда», - деді ол Үкімет отырысында.

Оның атап өтуінше, бюджет процесінің ашықтығын арттыруға септігін тигізіп, сондай-ақ әрбір тұрғынға жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысуға мүмкіндік беру үшін 2018 жылы Нұр-сұлтан қаласының «Сарыарқа» ауданының әкімдігі «қатысу бюджеті» пилоттық жобасын енгізді. Азаматтар сомасы 500 млн теңге көлеміндегі бюджетті бөледі. Бұл қағидатты Алматы қаласында да енгізу жоспарланып отыр. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша жергілікті деңгейде «халықтық қатысу бюджеттерін» енгізу бойынша ұсыныстар енгізілетін болады.

«Жалпы, жоғарыда көрсетілген шаралар бюджеттік жоспарлаудың сапасын жақсартуға, қаражаттың жұмсалуын бақылауды күшейтуге және мемлекеттік қаржының теңгерімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Әлихан Смайылов.

inform.kz