Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен билік пен қоғам арасындағы диалогты қалпына келтіру мақсатында құрылғалы жатқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне (Ұлттық кеңес) қатысты қоғам белсенділерінің пікірі алуан түрлі. Бұл кезектен тыс президент сайлауы алдындағы және «Ұлт тағдыры» қозғалысының атынан осы саяси додаға түскен Әміржан Қосанов тұлғасына қатысты қалыптасқан әртекті көзқарасқа ұқсайды.

Президент сайлауы кезінде аса белсенділік танытып, оппозицияшыл кейіптегі Қосановты жаппай қолдап дауыс беруге шақырғандар да, Қосановтың «билік сызып берген сценарий бойынша әрекет етіп» жатқанын желеу етіп, сайлауға бойкот жариялауға шақырғандар да болды. «Қандай әрекет жасасақ та, ештеңе өзгермейді» деген салқын қабақ көңіл-күймен салғырттық танытқандардың саны да аз емес еді. Өздерін қоғамда танымал тұлға санайтын олардың кейбірі Қосановтың орнында өзі болып, саяси додаға қатыса алмағанына, кейбірі электоралды науқанда Қосановтың шашбауын көтеріп жүретін команда құрамына кіре алмағанына қорынып наразылығын білдірген. Дәл осындай саяси ауан Ұлттық кеңеске қатысты туындап отыр. Кейбір белсенділерде «еленбей, Ұлттық кеңес құрамына енбей қалам ба» деген қорқыныш бар. Мұндайда «Қорыққан бірінші жұдырықтайды» деген тәмсіл еске түседі.

Осыған ұқсас әрекет Ұлттық кеңестің құрылымдық жүйесі мен оның алдына қойылатын мақсаттын талқылауға шақырту алған Марғұлан Сейсенбаевтың пікірінен де байқалды. Ол Ұлттық кеңес құру идеясын жүзеге асыруды қамдап жүрген Президенттің саяси кеңесшісі Ерлан Қаринмен кездесіп, өзекті мәселені талқылаған. Оның бұл ісі наразы топтың сыпсыңы көп сынына ұшырады. Осы сәттен бастап Марғұлан Сейсенбаев аунап түсіп, өзінің бірнеше талабы орындалған жағдайда ғана Ұлттық кеңеске қосылатынын мәлімдеді. Оның бұл әрекетінен екі нәрсені байқауға болады.

Біріншіден, М.Сейсенбаев өзінің билік алдындағы бәсін арттыру үшін саяси сауданы қыздыра түсуді көздеп отыр. Мұнысы саяси шантажға ұқсас әрекет. Осылайша ол тамыз айында жұмысын бастайтын Ұлттық кеңес құрамындағы билікке сөзі өтімді тұлға болуға ұмтылмақшы. Екіншіден, М.Сейсенбаев Ұлттық кеңеске қарсы наразы қауымның тамырын басып, олардың қолдауынан да айырылып қалғысы жоқ, осылайша екі қайыққа аяқ артып талтайып тұрғысы келеді.

Өзін қоғамдағы түйінді проблемалардың білгірі санайтын М.Сейсенбаевтың жол айрығында қалып кетуі мүмкін емес. Ол ойындағы идеясын жүзеге асыру үшін бір шешімге келуі тиіс. Оның жөн-жоралғысын саяси сарапшы Денис Кривошеев ұсынып отыр. Ол Фейсбуктегі парақшасында ерекше пікір айтты. Д. Кривошеевтің ойынша, өзіндік ұстанымы мен идеясы бар және оны жүзеге асырғысы келетін адам еш нәрсеге алаңдамауы тиіс. Қазір, кім болса да, келелі бастамаға мүмкіндік беретін алаңды да және басқа ресурстарды да тиімді пайдаланып қалуы қажет. Мұндай кезде көбіне іштарлықтан туындайтын айқайшыл айыптау мен негізсіз сынды елемеген жөн. Егер әлдебір пиғылмен қалыптастырылып жатқан қоғамдық пікірге алаңдай беретін болса, ол жеке тұлғалық қасиеттен айырып, нәтижесінде мақсатқа жетуге үлкен кедергі болады.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруға мұрындық болып жатқан биліктің де, мұны сын тезіне алушы кейбір саяси белсенді топтың да ашып айтпайтын түпкі бір мақсаты бар шығар. Оның тереңіне бойлап, күмән түсіріп, күдікті ойға беріле беру де шешімді әрекетке кедергі. Әркім өзінің мақсатын жүзеге асыруға күш салғанда ғана оңды нәтиже болады. Әрбір «сейсенбаев» дербес әрекет етуі тиіс және ешкімге, ешқандай қоғамдық пікірге алаңдамай нақты іске ден қойған белсенді азаматтар көп болуы тиіс. Сонда ғана олардың жасаған келелі әрбір ісі қосыла келе қоғамдық проблемаларды шешудің ауқымын кеңейтеді. Бұл процесте санның да сапаға айналатынын ескеру қажет.

Ерасыл Бердібек