ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылығымен дайындалған жаңа Жер кодексін («Жер кодексіне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы) шыр-пыр болып қорғап жүргендердің бірі әрі бірегейі – ұлтшыл патриот Мұхтар Тайжан. Бұдан бір-екі жыл бұрын биліктің кез келген бастамасына қарсы шығып, бітіспес оппоненттей кейіп танытып Алматыда жүрген ұлтшыл патриот аяқасты 180 градусқа кілт бұрылып, осы заң жобасын министрлік мамандарымен бірлесіп дайындау үшін Астана қаласына көшіп алды. Бұл жағдай оған оңай соққан жоқ. Ұлтшыл патриоттық саяси алаңда талай жыл тізе қосып бірге әрекет еткен достарынан айырылды, олардың көбісі жай ғана теріс айналып кетті, ал өзінің азаматтық принципін аттап кете алмаған кейбір патриоттар «Есілдің сол жағына түбегейлі өтіп алған» Мұхтар Тайжанның саяси ренегаттық маршын қатты сынап, ұлт мүддесін сатып кеткен адам кейпінде сипаттап, оны «ағаш атқа» мінгізіп жатыр. Бірақ, олар Мұхтар Тайжанның қаншаға сатылғанын, онысын билікке қандай қызмет жасап өтейтінін білмейді. Әрине, бұл мәселеге қатысты serke.org сайтының редакциясында да нақты дәлелді құжат жоқ. Солай бола тұрса да, Мұхтар Тайжанға қатысы бар және қатысы жоқ кейбір оқиғаларды талдай отырып, сұрақ жауабының жалпылама сұлбасын құрастыруға болады.

Алдымен жер мәселесі бойынша «Мұхтар Тайжан сатылды ма?» деген сұрақтың нақты әрі дәлелді жауабын тауып алайық . Ол үшін Мұхтар Тайжанның баспасөзге берген сұхбаттарын сүзіп шықтық. Соның ішінде esquire.kz сайтының журналисі Гульнара Бажкеноваға берген сұхбаты назар аударарлық. Сұхбатта Мұхтар Тайжан Астанаға қоныс аударуының себебін үкіметтің шақыруымен Жер туралы заң жобасын дайындауға өзінің «қоғамдық сарапшы» ретінде барғанын айтады. Оның ойынша, «қоғамдық сарапшының» үкіметке жасайтын қызметі ақылы болу керек. Себебі, заң дайындау – үкіметтің міндеті, ал бұл шаруаны қаржыландыру мемлекеттің есебінен болуы тиіс. Сондықтан, Мұхтар Тайжан «қоғамдық сарапшы» ретінде тікелей үкіметпен емес, «үкімет жанындағы құрылымдармен» (с околоправительственными структурами) келісімшарт (контракт) жасапты. Бірақ, ол келісімшарттың қанша жылға, қанша ақшаға жасалғанын және келісімшарт бойынша М.Тайжан «қоғамдық сарапшы» ретінде үкіметке қандай қызмет түрін көрсететінін айтпапты. Сол үшін журналист Гүльнара Бажкенованы жазғырудың қажеті жоқ. Себебі, ... соттан кейінгі «төртінші биліктің» өкілі әрі «қоғамның санитары» деп әспеттейтін журналистерде кез келген адамды «жалған куәлік бергені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартам» деп оның шынын айтуға мәжбүрлейтін судьялар мен тергеушілердікі сияқты құзырет жоқ. Кезінде оппозицияның сөз айтар жалғыз мінбері болған «Свобода слова» газетін астыртын жасалған келісім бойынша билікке миллиондаған долларға сатып жіберген Гүлжан Ерғалиеваның талай жыл жасырып жүрген құпиясын әшкере қылған «қоғамның санитарлары» емес, құзыретті сот болатын. Сондықтан, журналист Г.Бажкеноваға да, осы тақырыптың ауқымын кеңейтіп жатқан serke.org сайтына да «Мұхтар Тайжанның үкіметпен жасаған келісімшартының құнын нақты анықтай алмадыңдар» деп өкпе айтудың қажеті жоқ. Ең бастысы – ұлтшыл патриоттың өз қызметін үкіметке сатқаны, мұны қысқа қайырып айтсақ, сатылғаны анықталды.

Мұхтар Тайжан esquire.kz сайтына берген сұхбатында өзі мен үкімет арасындағы жасалған келісімшарттың сипатын аз да болса ашыпты. Оның сөзіне сенсек, Астанадағы бағасы қымбат тұрғын үй кешеніндегі пәтердің арендасы, коммуналдық қызмет пен көлік ақысы және басқа да «қоғамдық сарапшының» шығындарын өтеу келісімшартта қарастырылмаған. Айтуынша, оған келісімшарт бойынша «үкімет жанындағы құрылымдар» белгілі мөлшердегі соманы береді. Ал ол қаржыны қайда, қалай жұмсауын Мұхтар Тайжанның еркіне беріп қойыпты.

Әдетте қандай да бір заң жобасын жазуға қатысқан заңгер кеңесшілер мен сарапшылар жұмыс аяқталған соң өзіне тиесілі гонорарын алып тарайды. Ал Мұхтар Тайжанның істеп жүрген ісіне қарап, ол тек заң жобасын дайындап беруге көмектесумен ғана шектелмегенін көреміз. Ол заңның қажеттілігін, осы варианттағы жобаны заң ретінде тезірек қабылдау жөнінде уағыз айту өкілеттігін міндетіне алып алған сықылды. Бұл жұмыс сипатына сәйкес ұзақ уақытты, оған көптеген қоғамда азды-көпті бедел жинаған біраз адамды, ақпарат ресурстарын жұмылдыруды қажет етеді. Сол мақсатқа жету үшін Мұхтар Тайжан ел аралап аймақтардағы біраз қоғам белсендісінің бетін өзіне қаратып қайтты. Мұндай іссапардың шығыны да аз емес. Қазақтың «Құр (бос) табаққа бата жүрмейді» деген мақалын естен шығармаған жөн. Қазір Мұхтар Тайжанның сөзін сөйлеп, оның позициясын қызғыштай қорғап жүргендерге қанша ақша төленгенін де біз білмейміз. Кейбір алып-қашпа әңгімеде «қоғамдық сарапшының» жасаған келісімшартының құны 1 млрд теңге екені айтылады. Бірақ, бұл ақпаратты да дәл деп айта алмаймыз. Мұның себебі жоқ емес. Мысалы, «ешбір мәселеде билікпен мәмілеге келмейтін, оның мәңгі оппоненті» имиджін қалыптастырып алған оппозицияшыл «Дат» жобасы (қазір бұл газет «Общественная позиция» деп аталады, басшысы Ермұрат Бапи) аяқасты сылқ етіп сұлап түсіп, Мұхтар Тайжанның ыңғайына жығылды. Газеттің соңғы нөмірлерін парақтасақ, бұл басылым Тайжанның үнпарағына, ал Ермұрат Бапи оның «құпия адвокатына» айналып кеткенін байқаймыз.

Егер бірнеше жыл бұрын Г.Ерғалиеваның «Свобода слова» газетінің 25 пайыздық қана үлесі 2,5 млн долларға сатылғанын және осы сатылым кезіндегі «Дат» жобасының (ол кезде газет «Тасжарған» деп аталатын) басшысы Ермұрат Бапидің «апппетитін» еске алсақ, онда Мұхтар Тайжан үшін қазіргі «Даттың» бетін өзіне қаратып алу оңайға түскен жоқ. Оның үстіне бұл Мұхтар Тайжанның үкіметпен жасасқан келісімшартынан әлдеқайда кейін, кеше ғана болған оқиға, әу баста «қоғамдық сарапшыға» келісімшарт бойынша белгіленіп берген «бюджетіне» төтеннен туындаған шығын. Мұндай конъюнктурада осы сияқты төтенше шығын болып тұратын заңды құбылыс. Бұл 16 ақпанда Мұхтар Тайжанның Астанада ұйымдастырған жер туралы заң жобасының қоғамдық талқылауы кезінде анық байқалды. Ол жиынға өзінің сөзін сөйлейтін жаңа тұлғаларды қосты. Олардың жиынға келіп-кетуі де, бұрынғы ұстанымын өзгертіп, ыңғайға жығылуының «құны» да төтеннен туындаған шығын екені анық. Олай болса, Мұхтар Тайжанның келісімшартының мерзімі де, оған салынған қаржының көлемі де нақты белгіленбеген, созылмалы сипатта деп тұжырым жасай аламыз. Ал жер туралы заң жобасының уағызына оңды-солды шашылған қазына қаржысының көлемін «қоғамдық сарапшы» Мұхтар Тайжанның келісімшартының заңдылығын құзырлы органдар тексеріп, істі сотқа жеткізгенде ғана белгілі болады.

serke.org