Әлеуметтік желіде құрылған «Тәуелсіз журналистер клубының» мүшесі Тоқтар Жақаш Қазақстандағы Қытайдың мүддесін күйттеп жүрген ораламандар мен қоғамдық ұйымдар жөніндегі «Қазақстандағы «Қытай шпиондары» кімдер?» атты зерттеуінің 4-бөлімін жариялады. Зерттеудің алғашқы үш бөлімі біріктіріліп, «Қытай Қазақстандағы «мүддесін» кім күйттеп жүр?» деген тақырыппен serke.org сайтында жарияланған. Төменде сол зерттеудің жалғасын жариялап отырмыз.

Қазақстандағы «Қытай шпиондары» кімдер?-4

Осы тақырыпқа жазылған үш мақала да қоғамда қызу тартыс туғызды. Қазақстан зайырлы, ашық қоғам ғой. Топ-топқа ұйысып, мемлекетіміздің болашағына қарсы жымысқы әрекеттер ойластырғандардың жолын кесеміз, аузына құм құямыз! Біз әлі ешкімді нақты «шпион» деп атаған жоқпыз. Бар болғаны – ресми ақпараттарға сүйене отырып, елді толғантқан сауалдарды ортаға тастадық. Ал мемлекет мүддесі, ұлтымыздың мүддесі, ұрпағымыз бен болашағымыздың мүддесі - жеке басымыздың мүддесінен әрқашан биік! Біз осы мәселе бойынша журналистік зерттеуді бастадық. Бұл зерттеудің бір шеті ә дегеннен Дүкен Мәсімхан мырзаның шабына шоқ түскендей әсер етіпті. Өзінің Астанадағы Еуразия университетінде қытай филологиясы кафедрасының меңгерушісі екенін айта келіп, былай депті: «Бүгінге дейін Қытай Елшілігі жалпы құны 50 мың АҚШ доллары тұратын екі кабинет (біреуі арнайы кабинет, тағы біреуі лингофон кабинеті) жасақтап берді. Сондай-ақ жыл сайын кафедра ұстаздары мен студенттерге қытайға барып оқитын 10 шақты білім гранттарын(бакалавр, магистратура, доктарантура) бөліп тұрады. Мұның өзі түптеп келгенде жұмыстың талабы...», – деп үш нүкте қояды. Бұл сөйлемнің өзі біраз ойға жетелейді. Өйткені, Қытай Елшілігі – бизнестің құлағын ұстаған алпауыт емес, арнайы сондай жобаларға грант бөлетін қор емес. Бар болғаны – шетелдің Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы. Ал дипломатиялық миссияда бөтен мемлекеттің мүддесі үшін оңды-солды қаражат қайдан болсын? Қытайтану мамандарын әзірлеу үшін Қытайдың өзі қаржы бөліп, мамандарды Қытайда оқытсақ – жетіскен екенбіз! "Мә ақша, мә, құрал-жабдық. Бізді зерттеңдерші" деп пе? Қазақстан Қытай Елшілігіне алақан жаятындай соншама сорлы мемлекет пе еді?! Шетелдіктер біздің білім-ғылым саламызға қандай мүдде үшін қол сұғып отыр? Университет басшылығы мұндай қомақты қаржыдан неге бас тартпаған? Егер, бөтен мемлекет біздің еліміздегі оқу орындарына, оның студенттері мен оқытушыларына арнайы қаржы бөліп жатса – бұл мәселені арнайы органдар түпкілікті зерттеп, қатты назарға алуы тиіс. Өйткені, бұл ұлттық қауіпсіздікке төнген үлкен қатер!

Ал біз болсақ, өз тарапымыздан Дүкен Мәсімхан мырзаға : «Қытайдың ресми сайттары жариялаған мына ақпаратқа не дейсіз?» деп сұрақ қойып отырмыз. Сілтемесі мұнда: http://www.chinaql.org/n1/2018/0901/c421026-30265666.html…. Көшірмесін тағы да жариялап отырмыз.

Қазақтілді аудиторияға түсінікті болуы үшін шетелден оралған және шетелдегі қытайлар Федерациясының ресми сайтындағы ақпаратты аударайық. Онда «Шетелдегі қытайлар 10-шы Комитетке сайланды», деп жазады да тізімнің бесінші қатарында (қызыл сызықпен қоршадық) «Қазақстаннан үш адам: Анхусай, Дүкен Мәсімхан, Әлия Джанапур» деп жазылған. Бұл – алып-қашты өсек емес, аяң емес, Қытайдың Жоғарғы Кеңесі, Саяси бюросы, Коммунистік партиясының ресми дерек көзі! Сонда біз кімге сенуіміз керек? Егер, мұндай емес болса, Дүкен Мәсімхан мырза не себепті Қытайдың осынау органдарына хат жазып, ақпаратты терістеуді талап етпейді?

Ал осы тізімдегі «Әлия Джанапур» деген кім?» деген сұрақ бойынша да іздендік. Сөйтсек, Әлия Жанәбілқызы – Қытай қазақтарына кеңінен танымал Жанәбіл деген бұрынғы мемлекеттік қызметкер, қазақтың нағыз ұлт жанашырының кенже қызы болып шықты. Әлия әлі Қазақстан азаматтығын алмаған, Жамбыл облысының Жаңатас маңына тұрмысқа шыққан. Үш жылдан бері «Шетелдегі қытайлардың Қазақстандағы ассоциясы және Қытай-Қазақстан достық ассоциясы және Шыңжандағы тұрақтылықты дамытуға үлес қосу» атты қоғамдық ұйымды Қазақстан Әділет министрлігінде тіркей алмай келе жатыр екен. Жақын арада ол ұйымның атын «Жібек жолы» деп өзгертіп, тіркеуге ұсыныпты. Қазақстаның айдаладағы Шыңжанда несі бар екенін біз түсіне алмай отырған жайымыз бар. Әлия туралы Қытайдың Қазақстандағы Елшілігі ресми сайтында мына материалға көзіміз түсті: http://kz.china-embassy.org/chn/sgxx/sgdt/t1623767.htm…

Мақаланың қысқаша мазмұны мынадай: «2018 жылдың 20 желтоқсанында Қытай елшісі шетелдегі қытайлардың Қазақстандағы ассоциясы төрайымы Әлия Жанәбілқызымен кездесті... Елші Чжан шетелдегі қытайлардың қытай ассоциясы шетелдегі қытайларға қамқорлық, олардың шетелдегі мүддесін қорғауға, Қытайдың Қазақстанға деген достық саясатын таратуға және қытай мәдениетін насиахаттауға үлес қосуға дайын екенін айтты». Қазақ қоғамына бейтаныс Әлия Жанәбілқызы жайында Қытай басылымдары не дейді? Қытайдың мына сайты «Қытайлардың шетелдегі диаспора Комитетінінің» шетелден сайланған өкілдерінің тізімін жариялапты. Қазақстаннан үш адамның аты-жөні көрсетілген: Әлия Жанәбілқызы, Анхусай деген дүңген, және... «Жебеу» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Омарәлі Әділбек.

http://www.liucixinx.com/cdjnyjj//m/14256.html… Скринделген нұсқасын қоса салып отырмыз. Омарәлі Әділбек біздің соңымыздан түсіп, «әлдекімдер тапсырыспен жазғызып отыр» дегенше, неге осы ақпаратты жариялап отырған Қытай мемлекеттік органдарына барып шағымданбайды? Егер, Қытайдың шетелдегі диаспорасы болуға өтініш бермесе, барып, ресми түрде жоққа шығарсын! Біздің білуімізше, «Шетелдегі қытайлар Комитетінің» арнайы Жарғысы бар. Сол Жарғыға сәйкес, бұл мемлекеттік ұйым ешкімді сырттан өздеріне мүше қылып қосып қоймайды. Қытайдың шетелдегі диаспорасы болып атану үшін, Жарғының 5-тармағына сай өтініш жазу керек. Ендеше, осы адамдардың қайсысы Қазақстандағы қытай болуға өтініш жазды екен? Керек десеңіз, Жарғының қытайша нұсқасын да осында салайын: http://www.gqb.gov.cn/news/2009/0423/1/13675.shtml…

Уиндоустың көмегімен осы сайттың бәрін орыс тіліне аударып, бір шолып шығуға болады. Біздің зерттеу мақалаларымыздан соң, ұйым жетекшісі Омарәлі Әділбек екі рет мәселені жоққа шығарып, сұқбаттар жариялады. Екі сұқбатты да мұқият оқып шықтық. Шынын айтқанда, құр сөзбен ақталудан басқа нақты дерек, тіпті десеңіз ниет те таппадық. «Қазақ-Қытай қарым-қатынасы қайда беталып барады?» деген сұқбатын ерінбей соңына дейін оқып шықтық. http://www.jebeu.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=4&id=1219

Мұнда, байқасаңыз, «Қытайдағы түрме» деген бір ауыз сөз жоқ. Тіпті, қаншама қазақ көгенделіп, өмірін өксітіп, туыстарынан тірідей айырылып жатса да «қамалды, қамап тастады» деп айтпайды. «Саяси үйренуге кіріп кетті» деп айтады. Сырттай қарап отырсаң – Қытайдың қазағы жаппай саяси үйренуге өз еріктерімен кіріп жатқан сияқты. Осындай көңіл-күй береді. Жалпы, «Жебеу» ұйымының ресми сайты осы бағытты ұстанады. Оның бірде-бір мақаласынан «Қытайда түрмеге қамады» немесе «түрмеде азап шекті», «түрмеге қамалып, туыстар ажырап қалды» деген сөз жазылмайды. Бұл нені білдіреді?

«Жебеу» сайтында біздің зерттеуге қатысты «Ақпаратты аударған «Қытай консулын қорғайтын еріктілер жиыны» деп тақырыптың өзін қате аударған. Дұрысы Қытай консулының консулдық қызмет өтеу аумағындағы еріктілері болады» деп жазады. Біз осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін қытай тілін 6-дәрежеде білетін, халықаралық сертифакты бар маманмен жолықтық, интернеттегі аудармашылармен сұқбаттастық. Бәрінің айтуынша, біздің аударма дұрыс болып шықты. Мысалы, мына иероглифтер 年度优秀领保志愿者 – қазақшаланғанда «консулды қорғау еріктілері» болып аударылады. Жебеуліктер айтқандай «Қытай консулының консулдық қызмет өтеу аумағындағы еріктілері» деп жазса, оған мына иероглифтер қолданылған болар еді 领事辖区志愿者. Ал мына сөйлем 年度优秀领保志愿者 «Чжан жылдың 7 озат консулды қорғау еріктісі марапатталды» деп аударылады. Мына жазу 承诺书 «Жебеуліктер айтқандай өзара сенімхатқа қол қою» емес, «міндеттеме хатқа қол қойды» дегенді білдіреді. Шағын ақпаратты осыншама бұрмалау жебеуліктерге не үшін керек болды екен?

Біз таяуда ғана «Жебеу» ұйымының жетекшісі Омарәлі Әділбектің Шыңжанда өткен "Қытай халықтық саяси мәслихат Кеңесінің" кезекті екінші жиынына қатысқаны жайлы хабарлаған едік. Онда шетелдегі "Қытай диаспорасының іс-қимылдары, алға құрылатын жоспарлары талқыланып, нақты шешімдер" қабылданады. Мұндай саяси жиынға шетелдіктер қатыстырылмақ түгілі, босағадан сығалатпайды. Ал бірақ Омарәлі Әділбектің Қытайдағы саяси жиынға қатысуына біздің тиісті орындар рұқсат берді ме, бермеді де, біле алмай отырмыз.

Бір қарағанда, жебеуліктер Қытайдағы қазақ мәселесін дипломатиялық жолмен шешеійк деп ұрандайды. Бірақ өздері толық саяси бағытқа бет бұрған. Бірақ ол кімнің саясаты? Біздің бе, басқаның ба?..

Әйтпесе, "Жебеу" ұйымы және оның басшысы Омарәлі Әділбек Қытайдың ресми органдарында не үшін "Қазақстандағы қытай диаспорасы" болып тіркелген? Оның жауабы тек өздеріне ғана белгілі.

Тоқтар Жақаш
Тәуелсіз журналистер клубы