Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаев 2016 жылдың соңында қамауға алынған. Оған «мемлекеттік құпияны жария қылу», «қызметтік өкілетін асыра пайдалану» баптары бойынша айып тағылып, 2017 жылы 7 жылға сотталған болатын. Бірақ оның жасаған қылмысының қыр-сыры айтылмады, Ақмола гарнизонының әскери соты жабық жағдайда өтті. Бұдан кейін, 2018 жылдың басында ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевты «қаржы жымқыру және жылыстату» айыбымен тағы соттады. Екі соттың үкімі біріктіріліп, ол 12 жыл түрмеге кесілді. Оған «қаржы жымқырды және оны жылыстатты» деп тағылған айыптың да қыр-сыры ашылмады. Өйткені ол әскери адам болғандықтан, оның сотына қатысты мәліметтер құпияланып тасталды. Өмір бойы мемлекеттің құқық қорғау органдарында қызмет еткен әскери шенеуніктің қаржыға қатысты айыпталуының былайғы жұртқа түсініксіз болып қалуы сондықтан. Дегенмен, «ТұранӘлемБанктің» бұрынғы төрағасы Ержан Тәтiшевтiң өліміне байланысты Тараз қаласында өтіп жатқан сот процесі ҰҚК-нің экс-басшысының не үшін ұзақ мерзімге сотталғанына қатысты мән-жайды ашып берген сияқты.

2004 жылы «ТұранӘлемБанктің» сол кездегі төрағасы Мұхтар Әбілязовтің тапсырысы бойынша өлтірді деп айтыпталып жатқан кәсіпкер Мұратхан Тоқмадидің сотында Нартай Дүтбаевтан кеше куә ретінде жауап алынды. Астана түрмесінде қамауда отырған ол Таразда өтіп жатқан сотқа бейнеконференция арқылы қатысып, куәлік берді.

2004 жылы, яғни Ержан Тәтішев өлген жылы сол кезде Ұлттық қауiпсiздiк комитетiн басқарып тұрған Нартай Дүтбаев Мұхтар Әбілязовпен байланыста болғанын растады.

«2004 жылы бiз, оның iшiнде мен Мұхтар Әбілязовпен байланыста болдым. Әбілязов өз сөзiнде Ержан Тәтiшевпен банк активтерiне байланысты дау-дамай туындағанын айтты. Атап айтсам, ол Тәтiшев өзiне тиесiлi активтердi заңсыз иеленіп кеткенін айтты. Бұдан кейін Мүхтар Әбілязов Тәтiшев жөнінде ақпарат алуға көмектесудi өтiндi. Мен Тәтiшев телефонын бақылауға тапсырма бердiм. Осылайша, Тәтiшев әдеттерін, оның неге қызығатынын және жұмысы жайлы ақпарат алып отырдық. Бұл мәліметтер Мұхтар Әбілязовке жiберiлiп отырды. Мысалы, бiз Ержан Тәтiшевтiң балық аулау мен аңшылықпен айналысатынын бiлдiк. Оның Мұратхан Тоқмадимен бiрге аң аулайтынынан да хабардар болдық. Кейiннен осы мәлiметтi Әбіләзовке бердiк» дедi Нартай Дүтбаев.

Бейнеконференция арқылы сот процесіне куә ретінде қатысқан Нартай Дүтбаевқа прокурор «Осы ақпаратты Әбілязов Тәтiшев өлiмiн ұйымдастыру үшiн пайдаланғанын бiлесіз бе?» деп сұрады. «Жоқ. Мен бiлген жоқпын. Мұхтар Әбілязов маған бұл ақпарат Тәтiшевпен келiссөз жүргiзу үшін қажет болды деп айтқан. Ал бұл ақпаратты Әбілязов Тәтiшевтi өлтiру үшiн пайдаланатынын білмеді» дедi Н.Дүтбаев.

Бұдан кейін судья Ержан Тәтiшевті аң аулау кезінде Мұратхан Тоқмади атып өлтірген соң Н.Дүтбаевтың Мұхтар Әбілязовпен байланыста болған-болмағанын сұрады. «Есiме түспей тұр. Араласуымыз да мүмкiн» деп екіұшты жауап бердi Н.Дүтбаев.

Ержан Тәтішевтің өліміне қатысты Тараз қаласында өтіп жатқан сот процесінің бұдан бұрынғы отырысында 2004 жылдары ҰҚК Ақпарат жинау орталығының басшысы болған Олег Репников сол кездегі Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнің төрағасы Нартай Дүтбаевтың тапырмасымен Ержан Тәтiшев пен оның отбасына бақылау орнатылғанын, нақтыласақ, Тәтiшев пен бiрнеше адамның телефоны тыңдалған айтқан болатын. Сотта жауап берген куәлардың сөзіне қарағанда, Мұхтар Әбілязов «ТұранӘлемБанк» үшін өзара таласып жүрген Ержан Тәтішев жөніндегі мәліметті Нартай Дүтбаевтан алып отырған. Сотта ҰҚК-нің экс-басшысы Н.Дүтбаевтың бұл «қызметі» үшін Әбілязовтің қандай «сыйақы» бергені тағы да айтылмай қалды. Мұнда тағы бір гәп бар.

«ТұранӘлемБанктің» бұрынғы төрағасы Ержан Тәтішевтің Мұратхан Тоқмадидің қолындағы мылтықтан өлгені факт. Бұл факті сол кезде адам өліміне қатысты қозғалған қылмыстық істің қозғалуына себеп болған. Бірақ, тергеп-тексеру кезінде Тәтішевтің өлімі «абайсызда адам өлтіру» деп тәпсірленіп, Мұратхан Тоқмади ауыр жазадан құтылып кеткен болатын. Егер сол кезде тергеу жан-жақты жасалғанда Е.Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берген Мұхтар Әбілязовтің қылмысы баяғыда әшкере болушы еді. Осы тұста 2004-2005 жылдары Тәтішев өлімінің шындығы ашылмай қалуына сол кезде ҰҚК басқарып тұрған Нартай Дүтбаевтың ықпалы болған жоқ деп айтуға келмейді. Себебі, ел экономикасында басты рөл атқарып отырған қаржы институтының бір қапталын ұстап тұрған «ТұранӘлемБанктің» басшысын өлтіру тұрмыстық деңгейдегі қылмыс емес, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесіне қатысты қылмыс. Мұндай оқиғаның ҰҚК-нің қарауынан, бақылауынан тыс қалуы мүмкін емес. «Тәтішевтің өлімі абайсызда болған оқиға» деген қорытынды жасаған ішкі істер министрлігінің тергеушілері мен сот-медициналық сараптама комиссиясының мамандары мұндай өрескел заң бұзуға бармаған болар еді. Сондықтан, Ержан Тәтішевтің өлімінің шындығы дер кезінде ашылмай қалуына сол кездегі ҰҚК-нің басшысы болған Нартай Дүтбаев пен оның сыбайластарының ықпалы болды деп болжам жасауға болады.

«ТұранӘлемБанкті» тартып алу мақсатында Ержан Тәтішевті өлтіру үшін Мұхтар Әбілязовтің өзіне 4 млн доллар ақша төлегенін Мұратхан Тоқмади сотта мойындады. Осы қылмысты Мұхтар Әбілязовтің тыңғылықты ұйымдастыруына қажетті құпия мәліметті беріп отырған Нартай Дүтбаевқа ол қанша ақша берді екен? Ал 2004 жылы Тәтішев өлімінің шындығы «абайсызда атылған мылтықтан опат болды» деген сылтаумен ашылмай қалуына Мұхтар Әбілязов кімге, қанша ақша бергені де әзірге белгісіз болып тұр...

Ерасыл Бердібек