Жаңа жыл қарсаңында Қызылорда қаласында болған қайғылы оқиға қоғам назарынан тыс қалып бара жатыр. 2018 жылдың 28 желтоқсанында Сүлейменов-Нұрмақов көшелерінің қиылысында адам өмірін қиған жол апаты болды. LEXUS маркалы, 868 АКА 11 нөмірлі машина мінген 14 жасар Сабыржан Жәдігер (2004 жылы туған, № 2 «Мұрагер» мектебінің 10 "А" сынып оқушысы) қатты жылдамдықпен келе жатып жаяу жүргіншілер жолағымен өтіп бара жатқан 22 жасар Саида Абдулланы соғып кеткен. Ауыр соққыдан бас сүйегі езіліп кеткен Саида облыстық медицина орталығында 4 күн ес-түссіз жатып, 1 қаңтарда жан тапсырды.

Марқұмның әпкесі Сәния Абдулла әлеуметтік желі арқылы таратқан хабарында бұл қылмысқа қатысы барлардың тиісті жазадан құтылып кетуінен қауіптенеді. Жол апаты болған жерге жедел жәрдем мен полиция шықырылмаған. Көлік мінген бала туыстарын шақырған. Олар соққыдан ауыр жарақат алып ес-түссіз қалған қызды машинаға салып алып ауруханаға өздері апарып тастаған. Осы кезде қайғылы оқиға болған жерді әлдекімдер сиырып-сыпырып тазалаған, тіпті қан ізін де қалдырмай жуып-шайып тастаған (2-суретте). Сәния Абдулланың айтуынша, Облыстық медицина орталығы жол апатынан қайтыс болған Саида Абдулла өлімінің себебін нақтылайтын сот медициналық сараптаманы созбалаққа салып жіберген. Марқұмның туыстары жол апатына қатысты қылмыстық істің қалай жүргізіліп жатқанынан да хабар ала алмай отыр.

Қайғы жұтып, қамығып отырған Сәния Абдулланың айтуынша, көлік тізгінінде болған Сабыржан Жәдігер - бизнесмен әрі «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» Жәдігер Орақбаевтың ұлы. Ал оның келіні Ақмарал Алназарова Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарады. Орақбаевтар - Қызылорда өңірінде ықпалы күшті әулеттің бірі. Сондықтан Сәния Абдулла сіңлісінің өліміне қатысты қылмыстық іске мүдделі топтың араласпауын, тергеудің әділ жүргізілуін құқық қорғау органдарынан сұранып отыр.

Кәмелет жасына толмаған, көлік жүргізу куәлігі жоқ Сабыржан Жәдігерге қауіп-қатерлі сипаты бар техниканың (машинаның) тізгінін беріп қоюдың жауапкершілігі оның ата-анасының мойнында. Кейбір ақпаратқа көз тастасақ, «әй дерге әжесі, қой дерге қожасы жоқ» 14 жасар әлгі оқушы бала бұған дейін де машина мініп, қаланы кезіп тайраңдап жүрген. Мұндай бассыздық қырағы полицияның көзіне қалай түспегені белгісіз. Соның кесірінен жас қыздың өмір қиылды.

Өңірдегі жол ережесі тәртібінің әбден нашарлағанына облыстың ішкі істер департаменті де кінәлі. Бұл департаментті 2016 жылдан бері Қайрат Мұхитов басқарады. Оның қызы Малика Мұхитова былтыр сот шешімімен Астана қаласында Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендірдің өліміне қатысты жол аптына кінәлі деп танылған. Әрине, қызының Астанадағы ісі үшін Қызылордадағы әкесі жауапты емес. Қызылорда облысындағы тәртіптің әбден нашарлап кетуін жоғарыда айтылған екі оқиға бойынша бағамдаған да жөн сөз бола қоймайтын шығар. Бірақ өңірдегі полиция басшысының дәрменсіздігі және оның дәрменсіздігінің түпкі себебі жөнінде ой қозғамасқа болмай тұр.

Ол үшін 2017 жылдың көктемінде болған, бірақ түрлі себептерге байланысты қоғам талқысына түспей қалған бір оқиғаны қайтадан еске алып, сараптау қажет. Қызылорда қаласының Торайғыров-Ерназар көшелерінің қиылысында басталған оқиға былай сипатталады. Полиция қызметкері Сұңғат Алмаханов (3-суретте) күдік туғызған «Лексус» маркалы машинаны тоқтатып, тексермек болған. Бірақ көлік тізгінінде отырған адам есікті ашады да Сұңғат Алмахановтың аяғынан атып жаралап, қаша жөнеледі. «Лексустың» соңынан полицияның басқа қызметкерлері патруль машинасына мініп алып қуады. «Лексус» мінген күдікті Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың үйінің шарбағын тесіп кіріп тоқтайды. Жедел қуып жеткен полиция «Лексус» рулінде болған адамды таба алмай қалады. Полицияның бұл оқиға жөнінде журналистерге берген там-тұм қысқаша түсінігінде «Лексус» автокөлігі Қызылорда қаласы әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қызметтік машинасы екенін растаған. Осы оқиғаға қатысты қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қызметтік көлігінің жүргізушісі куәлік береді. Жүргізушінің айтуынша, әкімдіктің көлігін оның әлдебір танысы ұрлап мініп кеткен. Полиция қызметкері Сұңғат Алмахановты аңшы мылтығымен атып жаралап, әкімнің үйіне қарай қашқан да сол екен-мыс.

Мұнда ақылға сыймайтын, көңілге сенім ұялатпайтын бірнеше күдікті мәселе бар. Serke.org сайтының Қызылорда өңіріндегі дереккөзі берген мәлімет бойынша, полицейге қаратып оқ атқан «Лексус» тізгінінде әкімдіктің жүргізушісі де, оның «көлікті ұрлап мініп кеткен әлдебір танысы» да болмаған. Оқиғаның жоғарыда айтылған версиясы қылмысқа қатысты нақты күдіктіні жасырып қалу үшін жасалған аңыз әңгіме. Сондай-ақ полицей Сұңғат Алмахановтың аяғына тиген оқ аңшы мылтығынан емес, тапаншадан атылған. Бұл істегі ең сорақы жағдай мынау: қоғамдық тәртіптің күзетінде тұрып оқ жарақатын алған полиция қызметкері Сұңғат Алмаханов ауруханада жатқанда өзін атып кеткен адамға кешірім бере салады. Сондықтан «Лексус» жүргізушісінің «әлдебір танысы» жазаға тартылмапты. Мемлекет мүлкі (қала әкімінің қызметтік көлігі) сеніп тапсырылған, бірақ «ұрлатып алып көлікке біршама зақым келтірген» жүргізуші де ешқандай жаза арқаламаған. Қайта осы оқиғадан кейін қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың жүргізушісі «Арай» мөлтекауданының кіре берісінен зәулім үй салып, материалдық жағдайын жақсартып жатыр. «Полицейді атып кеткен «Лексус» оқиғасы оның жайлы өміріне зор мүмкіндік ашқан сияқты.

«Әкімнің «Лексусы» жөніндегі оқиға Қызылорда облыстық ІІД басшысы Қайрат Мұхитовты неге ойландырмағаны түсініксіз. Оның қарамағындағы полиция қызметкерінің өміріне қауіп төндірген оқиғаға бей-жай салғырттықпен қарау тағы да дәл сондай бассыздық тудыратынын білмейтіні қынжылтады. Өзін қорғай алмайтын полиция қоғамдық тәртіпті қалай қадағалайды?! Заң бойынша, полицей Сұңғат Алмахановтың өзін атқан адамға кешірім беруге ешқандай қақы жоқ. Бұл оның жеке басының шаруасы емес, мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірген жағдай.

Аристотельден бастап әлем философтарының бәрі Қылмыс пен Жаза категориясы теңгермелі егіз ұғым екенін, жасалған әрбір қылмысқа сай жаза белгіленбесе, онда тура соған ұқсас жаңа қылмыс туатынын айтады. Сондықтан Қызылорда жағдайында полицейге қаратып оқ жаудырған «әкімнің қызметтік «Лексусы» оқиғасына дер кезінде құқықтық баға берілмеуі «қаланың құрметті азаматының» 14 жастағы ұлының машина мініп тайраңдауының, қатты жылдамдықпен келіп жаяу жүргіншілер жолағы үстінде адам басып кетуінің алғышарты болды деп неге айтпасқа?!

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен облыстық ІІД басшысы Қайрат Мұхитовқа қатысты сөзді толықтыра кеткен жөн. Қазақстанда әкімдік балансындағы көліктердің мемлекеттік нөмірі RK деп таңбаланады, Қызылода облысында да сондай еді. Бірақ жақында Қызылорда қаласы әкімдігінің меншігіндегі көліктердің нөмірі RK-дан NN-ге, ал Нұрлыбек Нәлібаев мінетін қызметтік көлік нөмірі 011 NM-ге ауыстырылды. Сөйтсек, NN дегені әкімнің аты мен фамилиясының бастапқы әрпі екен, 011 NM – «Нұрлыбек Машбекұлы» дегенді білдіреді екен. Әлдекімнің басына әлдебір жағдайда келе қалған топас идеяны жүзеге асыруға – көлік нөмірлерін ауыстыруға бюджеттің қанша қаржысы шығын болғанын айтпай-ақ қоялық. Көлік құралдарын тіркеу және оларға мемлекеттік нөмір беру тәртібі өңірдегі ІІД-нің қадағалауында екені белгілі. Сонда Қызылорада облыстық ІІД бастығы Қайрат Мұхитовтың жалпақшешей бұл ісін мемлекет саясатына саботаж жасау деп түсінеміз бе? Әлде ол Нұрлыбек Нәлібаевқа Қызылорда қаласында Қазақстан Республикасының заңдарынан тәуелсіз, өзіндік тәртібі бар «хандық» құруға көмектесіп жатыр ма? Қалай атасақ та, осы қылықтың анархиялық сипаты бар. Анархия болған жерде заң да, тәртіп те болмайды: полицейді атады, қылмысты жасырады, көлік айдауға қақы жоқ оқушы әке-шешесінің «Лексусына» мініп алып жүргіншілерді басады...

Аймақта қалыптасқан күрделі жағдайға бірінші кезекте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жауапты. Бірақ, сол өңірден жеткен мәліметке сенсек, жағдай әбден ушығып кеткен, облыс әкімі дәрменсіз күй кешіп жүр. Қызылорданың әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев өзінің туған ағасы, Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың беделіне арқа тұтып, тек қалаға ғана емес, бүткіл облысқа ықпал жасай бастаған. Осы мәліметті қуаттайтын кейбір фактілер Serke.org сайтында жарияланған «Бердібек Сапарбаевтың әкесін ұлықтау ұлттық идеология ма?» деген мақалада сөз болды. Сонда жазылған дәлелді сынға қатысты облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың әлі күнге дейін назар аудармай отырғаны күмән туғызады. Мүмкін, сол мақала айтылған фактілер жетімсіз болып қалған шығар деген ой да жоқ емес. Олай болса, соған қосымша болатын жаңа фактілерді ұсынып көрейік.

Бұрын Қызылорда қаласына оңтүстік бағыттан кірген беттегі «Астана» мөлтекауданындағы басты көше «Қазақстан» деп аталатын. Мемлекеттің атауы еліміздің әрбір өңірін, алыс түкпірін айшықтап тұрғаны өте жақсы – жер-су, тау-тас қазақ елінікі екенін көрсетіп тұру территориямыздың мызғымас тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүргізілетін ұлттық идеологияның бір қатпары. Сол көшенің атауын «Қараша» деп ауыстырып жіберді. Бұл - қоңырат руының ішіндегі Нәлібаев-Сапарбаевтар шыққан аталық тармақтың атауы. «Қазақстанды» құртып, оны рудың атымен ауыстыру ұлттық идеологияға да, мемлекеттік саясатқа да сай келмейтіні ешкімді мазалап отырған жоқ. «Қараша» аталығына кіретін ағайындардың аймақтағы бизнестің алпыс пайызға жуығын қадағалап отыруы да, Нәлібаевтардың туыс-жекжатының, дос-жаранының өңірдегі билік тармақтарына ықпал етіп отыруы да өңірдің басты проблемасына айналып тұр. Бұл жай сөз емес. Сірә, мұны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев та білетін шығар. Егер ол бұл мәселеден шынымен хабарсыз болса, Serke.org сайты қала әкімінің ықпалында қалған лауазымды шенеуніктер мен оның туыстары, сондай-ақ, бизнес объектілерінің тізімі мен суретін жариялау құқын пайдаланады.

Материалды дайындаған Ораз Әлімбеков