2018 жылдың 06 желтоқсанында Қытайдың Алматыдағы Бас консулдығы «Қытай консулын қорғайтын еріктілер жиынын» өткізіпті. Бұл жиынға Қазақстан азаматтары да қатысып, Консулдықтың ресми сайты оларды «еріктілер» деп атапты.

Жалпақ жұртқа түсінікті болуы үшін, алдымен консулдық сайтына шыққан материалды толық қазақшаға сөзбе-сөз аударайық: «Алматы қаласында Қазақстан Республикасындағы Бас консулдығының еріктілері үшін симпозиум ұйымдастырылды. 2018 жылғы 06 желтоқсанда Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасының Бас консулдығында көмек алушылардың жыл сайынғы симпозиумы өтті. Бас Елші Чжан Вэй және Елші Мяо Хунбо жиналысқа қатысты сөз сөйледі. Бас консулдықтың атынан Бас елші Чжан еріктілерді осы жылдағы жетістіктерімен құттықтап, оларға еңбекқорлығы үшін алғыс айтты. Бас директор Чжан қазіргі уақытта шет елдердегі жетекші сақтандыру жұмыстарының павильонының міндеттерін ұсынды, бәрінің басын ұмытпау үшін Ұлықорғанды ортақ қорғауда бір жеңнен қол шығарып, миссияны ұмытпау туралы тиісті талаптар қойды. Бас Консул Мяо Бас консулдықтың орынбасары осы міндеттермен байланысты еріктілердің жүйесін егжей-тегжейлі түсіндірді. Делегаттар өз сөзінде осы жылғы қанатқақты сақтандыру жұмысына қатысу жағдайымен таныстырып, жұмыс тәжірибесімен бөлісті, сондай-ақ қанатқақты сақтандыру саясатын түсіну одан әрі тереңдегенін айта келіп, оны талқылау нәтижесінде «жұмыс қабілеттілігі жақсарды» деген баға берді. Симпозиумның соңында Қытай Республикасының Бас консулдығы үздік 7 еріктіге марапаттар табыс етті. Еріктілер міндеттемеге қол қойды. 2019 жылы Бас консулдықтың консулдық қорғау еріктісін тағайындауды жеңіп алды және тиісті оқудан өтті», – деп жазған мақалада.

Ал енді Алматыда орналасқан Қытай Республикасының Бас консулдығы немен айналысып жатқанын ойлай беріңіз! Құдайға шүкір, Қазақстан бейбіт, тыныш жатқан ел. Басқа елдердегідей атыс-шабыс, соғыстан басы аман. Оның үстіне, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссияларының қауіпсіздігі бізде заңмен қамтамасыз етіліп, Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігі арқылы жүзеге асырып отыр. Сонда, бейбіт елдегі консулдықты бұл «еріктілер» кімнен және қалай қорғамақ? «Еріктілерге» консул қандай тапсырма берді? Қандай оқудан өткізді? Оларға не себепті сыйлықтар берілген? Қазақстан азаматтары қалайша Қытай консулдығына емін-еркін кіріп, байланыс орнатып отыр? Олар қандай міндеттемеге қол қойды? Біз үшін бұл мәселе құпия күйде.

Әзірге бізге белгілісі: Суреттегі (1-суретте) қазақ азаматтары түгел Қытайда туып-өскен. Бірақ олар Қытай компартиясы Орталық саяси бюросына тікелей қарайтын «Мемлекеттік диаспора комитетімен» тығыз байланыс орнатып, өздерін «шетелдегі Қытай диаспорасы» ретінде танытқан. Өйткені, олар әлгі комитетте тіркеліп, оны бізде «Қазақстандағы республикалық қоғамдық бірлестік» деп тіркесе, ал Қытайда «Қазақстандағы Қытай диаспорасы қауымдастығы» болып тіркеліп, Қытайдағы мемлекеттік мекемелердің әр жылғы саяси жиындарына қатысып отырған. Сонда бұл қазақтар Қазақстан азаматы бола отырып, шетелдегі саяси жиынға қатысуға қаншалықты құқылы? Олар Қытай тарапынан қандай оқудан өтіп жүр?

АҚШ журналистерінің зерттеуінше, Қытай жыл сайын «Мемлекеттік диаспора комитетінің» жұмыстары үшін 10 млрд доллардан астам қаржы бөледі екен. Американдық тілшілердің жазуы бойынша, сол қаржының өте көп бөлігі Орта Азия мен Оңтүстік Азиядағы мемлекеттердегі «Қытай экспансиясын» насихаттауға жұмсалатын көрінеді.

Естеріңізде болса, былтыр Қытайға бір топ Қазақстан азаматы барып-қайтты. Ішінде саясаттанушылар да бар. Ал қалғаны – нағашысының үйіне барғандай қуана сапар шеккен «Қазақстандағы Қытай диаспорасының» өкілдері екенін біріміз білсек, біріміз білмей де қалдық!


Араға аз уақыт салып, біз осы тақырыпқа қайта оралуды жөн көрдік. Өйткені, осы мәселені бұдан ары індете қозғайтын тағы да біршама мәліметтер қолымызға түскен еді. Сонымен, Қазақстандағы Қытай "шпиондары" кімдер? Олардың көздеген мақсаты не? Қос мемлекетті экономикалық-мәдени тұрғыдан жақындату ма, әлде, Қазақстанды Қытай экспансиясына жығып беру ме?

Бірінші мақаламыз жарық көргенде "Жебеу" республикалық қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Омарәлі Әділбек (2-суретте оң жақта) арнайы жолығып, бізде айтылған нәрселерді жоққа шығаруға тырысқан еді. Бірақ Алматы қаласындағы Қытайдың бас консулдығында "ерікті" болып тіркелгенін, әлдебір құжаттарға қол қойғанын жоққа шығара алмады.

- Еріктінің іс-қимылы да ерікті түрде болуы керек емес пе? Сіз қандай құжатқа қол қойдыңыз? Әлдебір қағазға қол қойған соң, автоматты түрде "ерікті" болмай қаласыз ғой. Өйткені, сіз қағазға ол қойғасын, мойныңызға міндеттеме аласыз! Неге? - деген сұрағымызға күмілжіп:

- Басқалардан да сұрасаңызшы. Неге мені ғана көріп қалдыңыз? - деген жауап алдық. Біз әзірше, Қытай консулдығында "консулдықты қорғайтын ерікті" болып тіркеліп, міндеттемеге қол қойған дүңген диаспорасымен кездескен жоқпыз. Бірақ оның да уақыты келеді деген үміттеміз. Ал енді, тақырыпты тереңірек ашу үшін тағы да Қытайдың «Чайнаньюс» атты ресми сайтына назар аударайық. Ондағы ұзақ мақаланы барынша ықшамдап аударуға тырыстық.

2017 жылдың 11 тамызы. "Тан Тяньсин Алматыдағы қытай қауымдастығы ұйымдастырған симпозуимға қатысу үшін келді. Қытай жаңалықтар агенттігі. 10 тамызда Қытай Мемлекеттік Кеңесі басқармасының халықаралық істер бойынша директор орынбасары Тан Тяньсин жергілікті сағатпен таңғы 10-да Алматыға келіп, Қазақстандағы Қытайдың шетелдегі қауымымен кездесті.Кездесуге 20-дан астам адам келді. Ал форумға Алматыдағы бас консул Хун Хунбо да келді.   Тан Тяньсин "Мемлекеттік кеңестің шет елдегі істері жөніндегі басқармасы атынан Қазақстандағы қытайлықтарды шын ниетіммен құттықтап, ең жүрекжарды тілегімді білдіргім келеді" деді. ...Тан Тяньсин Қазақстандағы қытай қауымдастығы шетелдегі қытайлықтардың басын біріктіруде белсенді жұмыс атқарып, қытайдың дәстүрлі мәдениеті мен қытай білімін жергілікті жерлерде өркендетуге барын салады деген сенімін білдірді. ...Қатысушылар Тан Тяньсинмен қытай білімі, шетелдегі қытай қауымдастығының дамуы және Қытайдың шетелдегі саясаты туралы пікірлермен алмасты. Қазақстандық "Жебеу" бірлестігінің директоры Омарәлі Әділбек Тан Тяньсинге ескеріп келген сапары мен көрсеткен қамқорлығы үшін рақмет айтты. Ол Қытайда туып, Қытайда өскен. Ол Қытай мен Қазақстанды танытуға бар күшін салмақ».

Қытайдың басты ресми сайттары осылайша Омарәлі Әділбек басқаратын «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігін «Қазақстандағы қытай қауымына» жатқызып отыр. Сол жиында отырған Омарәлі Әділбектің өзі сол кезде де, одан кейін де бұл мәселені жоққа шығармауын қалай түсінеміз?

Бұл аздай, 2017 жылдың 04 сәуірінде Алматыдағы Қытай консулының ресми сайты «Алматыдағы Қытайдың бас консулы Чжан Вэйин Қытайдың шетелдегі диаспорасы төрағасы Омарәлімен кездесті» деген мақала жариялайды. Ары қарай мақаланың маңызды жерін қазақшалайық: «Бас консул Чжан ұзақ уақыттан бері қытайлық отандастарға көмек көрсетіп келе жатқан шетелдегі диаспора қауымдастығына көмек пен қолдау көрсетіп, Қытай мен Қазақстан арасындағы экономикалық және әлеуметтік дамуға, достық ынтымақтастығының тереңдей түсуіне ықпал ететінін білдірді. Ол бас консулдықтың қауымдастық үшін қажетті көмек пен керек нәрсенің бәрін алдағы уақытта беріп тұратынын айтты. Омарәлі шетелдегі қытай диаспорасының жұмысына қолдау танытқаны үшін бас консулдыққа рахмет айтты және шетелдегі қытайлықтармен байланысты күшейте отырып, қауымдастықтың барлық мүмкіндіктерін пайдаланатыны жөнінде бас консул Чжанмен пікір алмасты».

Екі-үш ауыз хабарламаның астарында көп ой жатқанын сіздер де бағып отырған боларсыздар. Қытайдың шетелдегі диаспорасы комитетінің ресми сайтында жарияланған тағы да бір қызық ақпаратты назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Ал мұнда қазақстандық «Жебеу» республикалық қоғамдық ұйымы «Хуачияудың Қазақстан «Жебеу» мемлекеттік бірлескен орталығы» деп жазылып, оның мекен-жайы толық көрсетілген. Бұл мәселе де бізді бей-жай қалдырмағаны сөзсіз. Әңгімені қорыта келгенде, біз әлдекімге саусақ безеп «шпион» дегіміз келмейді. Бірақ «Жебеу» қоғамдық ұйымының Қазақстан мен Қытай арасын жақындатуға тырысқан күдікті әрекеттері керісінше Қазақстан қоғамын Қытайдан да, өздерінен үркітіп отырғанын айтқымыз келеді.

Қытай мемлекеті шетелдегі диаспорамен тығыз қарым-қатынас орнатып, олармен қоян-қолтық жұмыс істеуді 1970 жылдардан бастап белсенді жүзеге асыра бастады. Біз алдымен, Қытайдың кімдерді диаспора деп есептейтінін түсініп алайық. Шетелде тұратын этникалық қытайлықтар бірнеше категорияға бөлінеді: «хуацяо» - шетелде тұрақты тұратын, бірақ ҚХР азаматтығын сақтаған қытайлықтар. «Вайцзи хуажен» немесе қысқартылған түрде «хуажен»- шетел азаматтығын қабылдаған хуацяоның ұрпағы. «Хуацяо хуажен» - қытай эмигрантын, сонымен қоса шетелдік қытайлықтарды да солай атайды.


Қытай шетелдегі диаспорамен жұмыс істеуді мынадай бес «көпір» арқылы жүзеге асырады: Қытай Мемлекеттік Кеңесіндегі шетелдік отандастар ісі бойынша канцелярия, Бүкілқытайлық Халық жиынының Тұрақты комитеті, Қытай халықтық саяси консультативтік Кеңесі жанындағы Гонконг, Аомэн, Тайван, Жалпықытайлық репатрианттар қауымдастығы мен Чжигундан партиясы. 1990 жылы құрылған Қытайдың шетелдегі айырбас ісі жөніндегі қауымдастығы да осы топқа кіреді. Бұл ұйым қоғамдық ұйым болып саналады және ол шетелдегі қытай диаспорасымен байланысты нығайтып, ынтымақтастық құруды жолға қояды.

Қауымдастықтың төрағасы болып Қытай халықтық саяси консультативтік Кеңесі вице-президентінің тағайындалатыны оның маңызын одан сайын арттыра түседі. Ал оның орынбасары болып, міндетті түрде Қытай Мемлекеттік Кеңесінің хуацяомен жұмыс жасау бөлімінің басшысы тағайындалады. Шетелдегі қытай диаспорасын қорғау үшін мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың жүйесі жасақталған. Оның барлығы Қытай коммунистік партиясының басшылығымен жұмыс жасайды.

1982 жылғы Қытай Конституциясының 50-бабында былай жазылған: «Қытай Халық Республикасы шетелде тұратын қытайлықтардың тиісті құқықтары мен мүдделерін қорғайды, сондай-ақ репатрианттар мен шетелде тұратын қытайлықтар отбасының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғайды».

Мемлекеттік Кеңес Конституцияға сай шетелде тұратын немесе отанына оралған қытай диаспорасының құқықтарын қорғап, отандастары үшін жалпы тұжырымдамалар әзірлеп, практикалық саясатты анықтайды.

Мұның бәрін жүзеге асыру үшін шетелдегі қытай диаспорасын қорғайтын арнайы заң да қабылданған. Этникалық қытайлардың Дүниежүзілік Федерациясы (World Huaren Federation) 1998 жылы құрылып, шетелде тұратын қытай диаспорасының гүлденуін, оларды мойындату үшін күресуді, оларға деген теріс көзқарасты жоюды, қытай қауымын сыйлата біліп, олардың арасында өзінің маңызын түсіндіруді алдына мақсат етіп қойыпты. Қытай диаспорасын бір-бірімен жақындата түсу мақсатында Қытай мемлекеттік Кеңесінің хуацяо ісі жөніндегі канцеляриясы әртүрлі үкіметтік емес ұйымдар арқылы әлемдік түрлі сиездер, конференциялар мен симпозуимдар өткізіп тұрады. Мұндай шаралардың ашылуына Қытай партиясының ең жоғарғы басшылары қатысады. Ондай жиындарда Қытай Мемлекеттік Кеңесінің хуацяо істері жөніндегі канцелярия шетелдегі қытай диаспорасының ең белсенді мүшесін және оның туыстарын марапаттап, алғыс айтады.

Жалпы, бұл мәселе бойынша тұтастай ғылыми еңбек жазып шығуға болар еді. Бірақ осы соңғы мәліметтен соң, Қытайдың Қазақстандағы кейбір оралмандармен кездесулерінің жиілеп кеткені еске түседі. Мәселен, 2018 жылдың 9-ақпанында Астанадағы Қытай елшілігі «шетелдегі қытайлықтарды қабылдады». Мұны елшіліктің ресми сайты жариялады.

Онда «Қазақстан республикасының президенті мемлекеттік істер комитеты мүшесі, «Атамекен» қытай және қытай мұқажырлар бірлестігінің төрағасы Дүкен Мәсімхан (3-суретте), сондай-ақ этникалық қытайлар, Қытайдан қаржыланатын мекемелер, шетел студенттері өкілдері, отандық тілшілер қатысты» деп жазады. Ары қарайғы жазбадан адам шошиды: «Дүкен Мәсімхан мен Мухамзаев шетелдегі қытайлардың атынан сөз сөйлеп, көптеген жылғы қамқорлық пен қолдауы үшін елшілікке рақмсет айтты». Сонда, әдебиетші Дүкен Мәсімхан ағамыз қалайша шетелдегі қытайдың атынан сөз сөйлейді? Қытай елшісінің қандай «қамқорлығы үшін» алғыс айтқан? Және елшіліктің ресми сайты Дүкен Мәсімханды не нәрсеге сүйеніп «хуарен хуажен» деп атап отыр?

Білуімізше «хуарен хуажен» деген сөз – «қаны қытай, этникалық қытай» деген мағына береді. Ал Дүкең қазақтың апталдай азаматы емес пе? Дүкен Мәсімхан Қытай елшісінен "ұзақ жылдар бойы қандай қамқорлық" көрді екен? Ол туралы жалпақ жұрт неге білмей қалған? Әлде, астыртын "қамқорлық" па? Таң қаларлық!

Естеріңізде болса, «Жебеу» республикалық қоғамдық ұйымын Рахым Айыпұлы (4-суретте) үш жылға жуық басқарды. Бүгінде ол Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында хатшы болып қызмет атқарып отыр. Рахым Айыпұлы басқарып тұрған тұста «Жебеу» ұйымы Қытайда «Қазақстандағы қытай диаспорасы» болып тіркеледі де, одан кейін мемлекеттік, ұлттық маңызы зор орынға қызметке көтеріледі! Бұл қалай болғаны? "Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы" сонда қандай ұйымға айналғаны?

Тура сол сияқты Қытайдың ресми орындары Дүкен Мәсімханды да «шетелдік қытайлардың атынан сөз сөйледі» деп жазады. Дүкен Мәсімханұлының «шетелдік қытайларға» қатысы қанша? Ол басқарған "Атамекен" ұйымы қалайша "қытай және мұқажырлар бірлестігі" болып жазылған? Материалдың сайт бетінде тұрғанына екі айдың жүзі болды. Сол уақыттан бері өзі неге бұл туралы ештеңе демейді? Бұл нәрсені біз неге жоруымыз керек? Сонда бұл не болғаны? Әзірше, жауап жоқ.

Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Президентіне қарасты Ішкі саясат шұғыл түрде осы фактылерге назар аударып, тексеру жүргізуі тиіс деп есептейміз!

Тоқтар Жақаш
Тәуелсіз журналистер клубы