Таллин тұрғындары қоғамдық көлікпен тегін қатынайды.Аталған жүйенің арқасында жеке көлікпен жүретіндерің саны азайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Таллин қалалық кеңесінің төрағасы Михейл Кылварттың айтуынша, тегін қоғамдық көлік жүйесі осыдан бес жыл толығымен енгізілді. Оған дейін тек зейнеткерлер ғана ақысыз жүрді. Одан кейін мектеп оқушылары тегін қатынай бастады.

«Байқап қарасақ, билеттен түсетін пайда көп емес. Есесіне дотацияның көлемі артып келеді. Себебі автобуспен тегін жүру үшін тіркеуге тұру қажет. Ал тіркеуге тұрған адам жеке тұлғаның салығын төлейді. Халық қоғамдық көлікпен жүреміз деп, жаппай тіркеуге тұра бастады. Салықтың көлемі артты. Содан қоғамдық көлікті толығымен ақысыз жүйеге ауыстыруға шешім қабылдадық», - деді М.Кылварт ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, бес жылдың ішінде аталған бастаманың арқасында жергілікті бюджетке біраз қаржы түскен.

«Қазіргі кезде Таллиннің бюджеті 680 млн еуроны құрап отыр. Соның 14-15 проценті қоғамдық көлік саласына бөлінеді. Өткен жылы қала тұрғындарының 80 проценті қоғамдық көлікті таңдады. Әзірше, барлығы жаппайа втобусқа мінбесе де, біраз адамдар жеке көліктерін тастап, қоғамдық көлікпен жүреді. Олар ақшаға қарап отырған жоқ. Қоғамдық көлікпен жүрген жылдам әрі ыңғайлы», - деп атап көрсетті М.Кылварт.

Айта кетейік, Астанада Жібек жолы елдері қала мэрларының форумы өтті. Бүгін пленарлық мәжіліске София есімді робот та қатысты. Ол жасанды интеллекті бар әлемдегі алғашқы гиноид болып саналады.

Автор: Арман Асқаров