2017 жылдың 31 қаңтарында Президент Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік телеарналарды 2020 жылдан бастап, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы негізінде цифрлық хабар таратуға (HD форматтан UHD форматқа көшуге) дайындауға және әрекет жасауға арнайы тапсырма берген еді. Бірақ, Елбасының арнайы тапсырмасын «Қазақстан» ұлттық арнасы таяу 10 жылдың ішінде орындай алмауы әбден мүмкін немесе оны орындауға бюджеттен тағы да қосымша миллиардтаған қаржы бөлуге тура келеді. «Қазақстан» ТРК төрағасы Ерлан Қариннің не білместігі, не Президент тапсырмасына қасақана саботаж жасауы корпорацияны осындай артық шығынға ұрындыруы мүмкін болып тұр. Әңгіме түсінікті болуы үшін, бәрін тәптіштеп беруге тырысайық.

2017 жылы қаңтарда «Қазақстан» телерадиокорпорациясы өндірістік қажеттіліктер үшін техника сатып алуға тендер жариялайды (Мына сілтемеде: https://v3bl.goszakup.gov.kz/ru/announce/index/1776157:). Лоттың нөмірі: № 12171344-ОК1. Бұл «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына көшудің алғышартына негізделген болатын.

Талапқа сәйкес, «Қазақстан» ұлттық арнасы сатып алатын техниканың техникалық ерекшелігін қоса жариялайды(1-ші суретте). Онда сатып алынатын техника «Б» чемодан түріндегі мобильдік кешен болуы тиіс деп көрсетілген.

Әлбетте, тендерді көре сла мемлекеттік сатып алуға үміткер компаниялар ұсыныс-хаттарын жолдайды. «Дип-Таун» ЖШС қазіргі заманғы соңғы үлгідегі талаптарға сай келетін техникасын ұсынады (2-ші суретте). Түсінікті тілмен айтқанда, «Дип-Таун» ұсынған техника жапондық ең соңғы ақпараттық технология үлгісіне жататын «Блэк-мэджик» камералары негізіндегі 32 түрлі жиынтықтан тұратын асай-мүсей ұсынды. Бұл Президент тапсырғандай цифрлық хабар таратуға қауқарлы техникалық кешен болатын.

Екінші ұсынысты Ресейлік «Окно-ТВ» компаниясының Қазақстандағы бөлімшесі - «Техсервис Окно-ТВ-кз» компаниясы ұсынады. Бұл компания өнімдерінің бір ерекшелігі мынада: ол Жапон технологиясы бойынша Қытайда құрастырылған және кейбір параметрлерінің ескіруіне байланысты әлемдік өндірушілер мұндай техниканы әлдеқашан өндірістен алып тастаған еді. Сондықтан бұл техника сұраныс болмай компанияның қоймасында жатқан-ды. Сәйкесінше, ресейліктер ұсынған техника Президент тапсырғандай цифрлық хабар таратуға қауқарсыз болатын(3-ші сурет).

Қызықтың бәрі осы жерде басталады. Мемлекеттік сатып алу порталындағы техникалық ерекшелік қайтадан өзгертіледі. Сөйтіп, «Б» чемодан түріндегі мобильдік кешен, аяқ астынан «А» чемодан түріндегі кешенге ауыстырылады. Анығында, талап етілген техникалық ерекшеліктер «Техсервис Окно-ТВ кз» компаниясы ұсынған техникалық талаптармен дәл сол күйінде көшіріліп салынады (4-ші суретте). Тіпті, мына сілтемеге өтіп, http://ru.oknotv.ru/proshop/equip/detail.php?SECTI техникалық ерекшеліктің бір әріп те өзгертпестен, қатесімен қосып, ресейліктерден көшіре салғанын байқауға болады. (Жалпы, мамандар үшін: Видеокамеры Full HD – 4 комплекта: 28 Формат записи (видео): XAVC: - Режим XAVC-I: CBG, макс. 112 Мбит/с, MPEG-4 AVC/H.264; - Режим XAVC: VBR, не менее 50 Мбит/с, MPEG-4 AVC/H.264; - Режим XAVC-L 35: VBR, не менее 35 Мбит/с, MPEG-4 AVC/H.264; - Режим XAVC-L 25: VBR, не менее 25 Мбит/с, MPEG-4 AVC/H.264; MPEG-2 Long GOP: - Режим HD422).

Түптеп үңілсек, өзгертілген техникалық ерекшелік - Sony PXW-X320 видеокамераларына лайықталған. Ал бұл видеокамералар баяғыда өндірістен алынып тасталған. Яғни, «Техсервис Окно ТВ-кз» компаниясы ұсынған техниканы сатып алған жағдайда, бұзылған камераны қайтадан іске қосуға, жөндеуге ешкім кепілдік бермейді. Оның орнына дәл сонша қаржыға HD (1920x1080) және UHD (3840×2160) форматта түсіре алатын техника сатып алуға болатын еді. Ал ұлттық арна басшылығы осының бәрін көріп-біле тұра, Ресей компаниясының 2007 жылы Қытайдан сатып алып, қоймасында шаң басып, моральдық тұрғыда әбден ескіріп кеткен техникасын көзін жұмып отырып сатып ала салды. Мұнда қандай гәп бар? «Қазақстан» телерадиокорпорацияның басшысы Ерлан Қарин Президент тапсырмасына саботаж жасап отыр ма, әлде оның басқа мүддесі болды ма?

Тоқтар Жақаш
Журналист