Serke.org сайты Қызылорда өңірінде қалыптасқан күрделі жағдайға орай «Бердібек Сапарбаевтың әкесін ұлықтау ұлттық идеология ма?», «Қызылорда: Саиданың ажалы, оқ тиген полицей және «Әкімнің «Лексусы» деген екі мақала жариялады. Өзекті мәселені Фейсбук желісінде құрылған «Тәуелсіз журналистер клубы» да қоғам талқысына салды. Бірақ өңірдегі экономикалық-әлеуметтік-құқықтық-идеологиялық саясатқа жауапты облыс әкімі Қырымбек Көшербаев проблеманы елең қылмай отыр. Есесіне қалалық мәслихат депутаты Ержан Байтілес сын мақалада айтылған кейбір жайттардан ілік іздеп, фактіні жоққа шығаруға тырысты. Журналист-депутат өңірде қалыптасқан күрделі жағдайды бүркемелеп, «Қызылордада бәрі тыныш» (көне ертегідегі «В Багдаде всё спокойно») деген пікір түзгісі келіпті. Мұндай жағдайда депутат Ержан Байтілестің сын мақалаға қатысты жазған құйтырқы жазбасын оның моралдық келбетімен әспеттеп отырып сөз қозғауға мәжбүрміз.

Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты Ержан Байтілес жергілікті билікті қорғап-қолпаштаған әлеуметтік желідегі өзінің жазбасында журналистік бауырмалшылық сезім туғызуға әрекеттеніп, «Сөз соңында бұл комментарийдің ресми жауап еместігін, әріптестерімнің сұрағына әріптес ретінде жауабым екенін айтқым келеді» деп аяқтапты. Туған ағасы Нұртөре Жүсіптің еңбек жолын үлгі тұтқан Ержан Байтілес «Егемен Қазақстан», «Түркістан» сияқты республикалық бірнеше басылымда жұмыс істегені рас. Кейін журналистикаға адалдық танытып, «қоғамның санитары» болудан қажыды ма, әлде өзі де әкім болып атқа мініп, бишік үйіруді бұрыннан ұнатып жүрген бе, ол жағын білмейміз, Ержан Байтілес «Нұр Отан» партиясына мүшелікке кіріп алды, саяси ұйымның лауазымды функционері қызметін атқарды, сол партияның атынан қалалық мәслихатқа депутат болып сайланды. Әрине, мұнда ешқандай сөкеттік жоқ – партияға мүшелікке кіру-кірмеу әрбір азаматтың конституциялық құқы. Бірақ саяси партияға, діни ағымға және т.б. ұйымдарға мүшелікке өту - журналистің принципіне түбегейлі жат түсінік. Осындай өрескел қылық жасаған журналистің объективтілігіне, бейтараптылығына, тәуелсіздігіне сенім жоқ. Сондықтан да бұдан кейін оның өзін «журналистпін» деп атағаны былайғы жұртқа аярлық болып көрінеді.

Ержан Байтілес – Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты. «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заңға сүйенсек, мәслихат - аймақтың жай-күйіне жауапты жергілікті өкілдік орган. Сондықтан депутат халық билігін жүзеге асыратын «халық қалаулысы» болуы тиіс еді. Бірақ, Ержан Байтілес бұл міндетінде де салғырттық танытып, Қызылорда өңіріндегі келеңсіздік пен оның түпкі себебін жаба-шіркеулеп қалмақшы. Солай болса да, мұны – мәслихат депутаты Ержан Байтілестің осы әрекетін жергілікті биліктің өңірдегі ахуалға қатысты позициясы мен ұстанымы деп білеміз және онымен бірге қатпарлы проблеманы шешу жолындағы конструктивті іс-қимыл жасағуға мүдделіміз.

Сайтта жарияланған «Қызылорда: Саиданың ажалы, оқ тиген полицей және «Әкімнің «Лексусы» атты мақаланың негізігі желісіне «Қызылорданың құрметті азаматының» ұлы - 14 жастағы Сабыржан Жәдігер «Лексус» көлігімен Саида Абдулланы жаяу жүргіншілер жолағында басып кеткені, жол апатына кінәлі жақ оқиға орнына жедел жәрдем мен полицияны шақырмай ауыр жарақат алған қызды өзімбілерлікпен тасымалдағаны алынған болатын. Міне, осы жайтты «халық қалаулысы» Ержан Байтілес қаперге алуға тұрмайтын оқиға санайды, «құқық қорғау органдары істі мұқият тексеріп, сот әділ шешімін шығарады деп сенеміз» деп жылдырмалатқысы келеді. Шындығында, әке-шешесінің көлігін біраз уақыттан бері мініп алып, көшеде халық өміріне қауіп төндіріп тайраңдап жүрген, аспақтап адам өліміне себепші болған оқушының оқиғасы Қызылорда қаласында тәртіптің әбден нашарлап кеткенін, «құрметті азаматтар» мен әкімқаралардың алдында полицияның дәрменсіздігін, аймақтағы ахуалдың шегіне жетіп ушыққанын білдіреді. Заң да, тәртіп те сақталмайтын мұндай жағдайда депутат айтқандай «істің мұқият тексеріліп, соттың әділ шешім» шығаратынына сенім бар ма?!

Serke.org сайтында жарияланған екі мақалада Қызылорда өңірінде қалыптасқан күрделі жағдайдың туындау себебін аргументтейтін бірнеше мысал айтылған болатын. Соның басты бағыты тайпалық феодализм түсінігінің өршіп, шегіне жеткені еді. Соны дәлелдейтін кейбір фактілерді депутат Ержан Байтілес жоққа шығарғысы келді. Оның айтуынша, Қызылорда қаласындағы «Қараша» көшесі атауының Сапарбаев-Нәлібаевтар шыққан рудың аталық тармағына (қараша аталығы) қатысы жоқ. «..қазақта «қараша» атауымен халықты да айтады, ай да бар» депті ол.

Шындығында, «қараша» жағымды сөз емес, «қараша» деп кедейліктің қамытын киіп, бейшара жағдайда өмір сүріп жатқан адамдар тобын айтады, ол қазақтың отырықшылық өміріне дейін «қараша ауыл» (кедейлер ауылы), «қараша үй» (кедей отбасы) тіркесінде қолданылды. Сондықтан Қызылордадағы көшені «кедей-кепшіктің көшесі», «бейшаралардың көшесі» деп атау ақылға сыймайды, сол көше тұрғындарын кемсіту болып көрінеді. Көшеге «Қараша» деген ат беру осындай есіммен танымал болған (батыр, би, ақын, с.с.) тұлғаға ғана жарасымды болар еді. Бірақ ондай есімді тұлға жоқ. Тіпті, қараша айында қазақтың тарихына таспен қашап жазып, Қызылорданың төріне атау беретіндей тарихи оқиға да болмаған. Сол себепті халық көшеге берілген «Қараша» атауын әкімқаралар шыққан румен байланыстыратыны заңды құбылыс.

Бұл реттте Алматыдағы «Желтоқсан көшесі» атауы 1986 жылғы 16-17 желтоқсандағы ұлт-азаттық көтеріліске қатысты берілгенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар, депутат Ержан Байтілес «Қараша» көшесінің атауы бұрын СПМК-70 деп аталған деп жұртты жаңылыстырғысы келеді. Бірақ, өзі ұсынған құжатта СПМК-70 көше емес, мөлтекаудан болғаны тайға таңба басқандай жазылып (2-суретте) тұр емес пе?! Бұлайша құйтырқылық жасап, жазылған жайтқа күмән келтірудің не қажеті бар?!

Депутат Ержан Байтілес облыс әкімдігінің балансындағы автокөліктерге берілген мемлекеттік нөмір сериясындағы тәртіпсіздікті де ақтап алғысы келеді. Шындығында Қызылорда қаласы Астана, Алматы, Шымкент сияқты жеке дара әкімшілік субъектісі емес қой, қала Қызылорда облысының территориясына кіреді, қала әкімі Н.Нәлібаев облыс әкімі Қ.Көшербаевқа бағынуы тиіс. Сондықтан бұл өңірдегі әкімдіктердің көліктері бір сериямен (RK) тіркелуі тәртіпке сай келеді. Бірақ мұнда бірізділік, тәртіп сақталмай тұр: қала әкімдігі машналарына NN сериясын, ал қала әкімі Н.Нәлібаев қызметтік көлігіне НМ сериясын тағып алыпты. Бұл «үй ішінен үй тігу» емей, немене?!

Депутат Ержан Байтілес «Қала әкімінің көлігіне мақалада айтылғандай 011 NM сериясы емес, 011 HM сериясы тағылған. Н деген қазақшалағанда Х болады. Сонда ХМ. Оның қалай Нұрлыбек Машбекұлы деген ұғым беретіні ешқандай қисынға келмейді» деп, «жерден жеті қоян тапқандай» көсемсиді. Жазудың кириллица қарпі дәстүрінен әлі арыла қоймаған халық Н-ді қашаннан бері Х деп түсініп жүр еді?! Оның үстіне, қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев дәстүршіл адам екенін білеміз. Сондықтан жұрттың бәрі NN сериясын да, HM сериясын да қала әкімінің аты-жөнімен байланыстыра беруден танбайды.

Облыстағы көліктерге берілетін мемлекеттік тіркеу нөмірлерінде бірізділіктің жоқтығын былай ысырып қойғанда, қала әкімдігінде де тәртіп сақталмағаны көзге ұрып тұр. Қала әкімдігінің қызметтік машиналарының сериясы NN болса, онда неге қала әкімі Н.Нәлібаевтың қызметтік көлігіне HM сериясы берілген? Ол соншама ерекшеленетін кім еді?! Мұны қала әкімінің облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа қыр көрсетуі деп түсінеміз бе, әлде Н.Нәлібаевтың өз тегін ұлықтауы деп ұғынамыз ба? Осындай бірізділіктің, тәртіптің болмауы депутат Ержан Байтілесті ойландырмауы таңқаларлық жағдай.

Қызылорда өңірінде қалыптасқан жағдайға қатысты жазылған сын мақалада тәртіпсіздіктің шектен шыққанын дәлелдейтін мысал ретінде былтыр Н.Нәлібаевтың қызметтік көлігінің (Лексус маркалы) қатысуымен болған қылмыстық оқиғаға құқықтық баға берілмегені айтылған болатын. Мұны да депутат Ержан Байтілес жоққа шығаруға әрекеттеніпті. Оның ойынша, Нәлібаевтың қызметтік көлігін ұрлап мініп кетіп, жолда полицияға оқ атып жаралаған нақты адам бар және ол тиісті жазасын алған.

"2018 жылдың 18 мамырында (№ 4398-18-00-1/9) Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен, сотталушы Маханов Абжан Алтынбековичті ҚР ҚК-нің 200 бабының 4 бөлігімен, 24 бабының 3 бөлігі, 99 бабының 2 бөлігінің 1),9)-тармақтарымен, 293 бабының 3 бөлігі 2)-тармағымен, 380 бабының 2 бөлігімен кінәлі деп табылып, ҚК-тің 60 бабының 1 бөлігіне сәйкес үкімдердің жиынтығы бойынша тағайындалған жазаға соттың алдыңғы үкімі бойынша жазаның өтелмеген бөлігін ішінара қосу жолымен, түпкілікті 16 жылға бас бостандығынан айырылсын" деген үкім шығарылған» дейді Ержан Байтілес. Дәл солай болса, осы үкімнің шыққан күні мен үкімде көрсетілген қылмыстық баптарға назар салып көрейік.

Әкімнің машинасының қатысуымен болған оқиға уақыты 2017 жылдың сәуір айының басы болатын. Ержан Байтілес «осы қылмысқа айыпты» деп отырған адамға үкім 2018 жылы 18 мамырда шыққанын айтады. Оның үстіне, Абжан Махановқа тағылған айыптардың ішінде ҚР ҚК-нің 99 бабының 2 бөлігінің 1),9)-тармақтары бар. Бұл ҚК-те «екі немесе одан көп адамды» «бұзақылық ниетпен» өлтіруді білдіреді. Бұл бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін, тіпті өмірлік түрме жазасына кесу көзделген. Ал Абжан Махановқа 16 жыл жаза берілген. Сонда оған әкімнің машинасын ұрлап мініп кеткені, полицейді атқаны, машинаны бүлдіргені үшін 1 жылға жетпейтін ғана жаза берілген бе?

«Әкімнің қызметтік көлігінің қатысуымен» болған оқиға қала ішінде орын алған. Олай болса, бұл іс неге Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралады? Әрине, бұл сұрақтың жауабын табу депутат Ержан Байтілес үшін қиын болуы мүмкін, сондықтан оған мәселінің мәнін ашатын мәліметке сілтеме беріп көмектесіп жіберуді жөн дедік.

2018 жылдың 21 мамырында ҚазАқпарат Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Д.Алиевтің сөзіне сүйенген жаңалық жариялады. Онда 32 жастағы әлдебір жігітке қатысты айыптау үкімінің шығарылғаны, оның 16 жылға сотталғаны айтылады. Ақпарат бойынша, сотталушы « 2016 жылдың көктем мезгілінде ол сыбайластарымен бірге Шиелі ауданы Майлытоғай ауылы аумағында құрамында есірткі заттары бар сора өсімдігін егуге жәрдемдескен... Ол қылмыстық әрекетін тағы да жалғастырып, сыбайластарымен бірге «Батыс Қытай - Батыс Еуропа» тас жолының бойында тұрған көлік ішінен азық-түлік, көлік жөндейтін құралдар мен киімдерді қолды еткен... Осылайша жалпы алғанда 53 мың теңге тұратын заттарды жымқырып кеткен. Сол сәттерде келіп қалған көлік иелерінің біріне жеңіл дене жарақатын салса, екіншісі оқиға орнында көз жұмды. Қылмыстық топ жәбірленушілерді автокөлікке салып, қалың шөптің арасына алып барады. Оларды келесі күннің түс мезгіліне дейін ұстайды...».

Әділеттілік, заң жөнінде сөз айтқысы келетін депутат Ержан Байтілес көп нәрсенің анық-қанығын білетін адамша сөйлейді. Онда осы ақпараттағы 32 жастағы жігіттің әкім машинасын ұрлауға, көлденең шыққан полицейді атып жаралауға қашан және қандай жағдайда қатысқанын түсіндіріп беруін және жоғарыда қойылған бірнеше сұраққа тұшымды жауап қайтарын сұраймыз.

Ораз Әлімбеков
Serke.org сайтының контент-менеджері,
«Тәуелсіз журналистер клубының» мүшесі