Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлердің қолынан қаза тапқан "Охотзоопром" инспекторы Қаныш Нұртазиновтың отбасына көмек көрсетілетінін айтты.

"Қорықшы-инспекторлар Қаныш Нұртазинов пен Самат Оспанов мемлекетіміздің табиғи байлығын қорғау жолында ержүректілік көрсетті. Олардың ерлігін мақтан тұтамыз. Қ.Нұртазиновтің отбасына көмек көрсетіледі. Оның есімі мәңгі жадымызда сақталады. Иманды болсын!", - деп жазды Тоқаев Twitter желісінде.

Сондай-ақ, ол қорықшы-инспекторлардың құқықтарын қорғау және браконьерлікке қарсы жазаны күшейту мақсатында заңнаманы қайта қарау қажет екенін атап өтті.

Мұның алдында ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев инспекторларға шабуыл жасағандарды ұстау үшін "Перехват" жоспары жарияланғанын мәлімдеген еді.

"Іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Арқалық қаласының тұрғыны анықталып, ұсталды. Сондай-ақ, қылмыс жасалған жерден 20 шақырым жерде "Нива" маркалы автокөлік табылды. Қазіргі уақытта қорықшыны өлтірген күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Болжамды қылмыс құралы мен оқ-дәрілер алынды. Бірқатар криминалистикалық сараптамалар тағайындалды. Басқа адамдардың осы қылмысты жасауға қатысы бар-жоғы тексеріледі", - деді ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Іздеу шараларына ТЖК тікұшақ техникалары жұмылдырылып, ІІМ криминалдық полиция департаментінің және "Арлан" арнайы жасағының қызметкерлері қатысты. Қаныш Нұртазиновты өлтіру және Самат Оспановты өлтіруге оқталу дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 99- бабы, 2-бөлігі ("Аам өлтіру") бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Еске салайық, 23 шілдеде Ақмола тірек пунктінің "Охотзоопром ӨБ" РМҚК Орталық аймақтық филиалының инспекторлары Жарқайың ауданының аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзуды анықтау және жолын кесу бойынша іс-шараларды өткізу кезінде ақбөкенді ату фактісі анықталған. Браконьерлердің автомашинасын қуу кезінде екі инспектор жараланып, кейіннен біреуі қайтыс болған. 1975 жылы туған екінші жәбірленуші аудандық ауруханаға жатқызылды.

Ақмола полицейлері ізін суытпай Ақмола тірек пунктінің "Охотзоопром" РМҚК Орталық аймақтық филиалының инспекторларына шабуыл жасаған күдіктілерді құрықтады. Күдіктілер әкесі мен ұлы болып шықты. Олар Арқалық қаласында тұрады. "45 жастағы күдікті мен оның 20 жастағы ұлы, екеуі де Арқалық қаласының тұрғыны болып шықты, полициядан жасырынып, автокөліктен құтылуға тырысты, алайда, Ақмола жедел уәкілдерінің үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында олар Қостанай облысының аумағында ұсталды", - делінген хабарламада.

Қайтыс болған "Охотзоопром" инспекторының артында бес баласы қалды Дереу Ақмола полицейлері күдіктілерді ұстау бойынша іс-шаралар кешенін жүргізіп, ұстау жоспарын енгізді. Арнайы операцияға Жарқайың, Есіл және Жақсы аудандық полиция бөлімдерінің жеке құрамы қатысты, Жарқайың және көршілес аудандардың аумағында 10 бекет блогы қойылды. Бұл қылмыстың ашылуы ішкі істер министрі мен полиция департаменті басшылығының бақылауында болды. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі (кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

tengrinews.kz