БТА банктің ақшасын жымқырып қашып жүрген Мұхтар Әбілязовтің күйеу баласы Ілияс Храпунов миллиондаған долларлық келісім жайлы деректер жазылған электронды поштадағы хаттарды жойып жіберген. Сол үшін ол Манхэттендегі Нью-Йорк федералдық сотында күдікті санылып отыр, деп жазады Bloomberg басылымы.

Виктор Храпуновтың ұлы, Мұхтар Әбілязовтің күйеу баласы Ілияс Храпуновқа қарсы іс қазақстандық БТА банктің талабы бойынша жүргізіліп жатыр. Күдікті ақша жымқыру ісі бойынша іскерлік хаттарды жасыру үшін шифрланған электронды хаттарға қолданатын жүздеген тіркеу жазбасын пайдаланған, сонымен бірге дәлелдерді сақтауды талап ететін сот ұйғарымын орындамаған.

БТА банктің мәлімдеуінше, Ілияс Храпунов АҚШ-тағы жылжымайтын мүлікке қатысты құны бірнеше миллиондаған доллар болатын келісім құжаттарын сотқа бермеу үшін электронды хаттарды жойған. Бұған қоса Ілияс Храпунов (Храпуновтар отбасы Швейцарияда тұрады) іс бойынша негізгі куәгердің қайда екенін жасырған. Бірақ ақырында оның Калифорнияда екені анықталып, сұрақ-жауап алынған.

"Бұл - Виктор Храпунов қала әкімі болған кезде Алматыдан 300 миллион доллар ұрлаған, ал оның серіктесі – Мұхтар Әбілязов банктен 4 миллиард долларды жымқырған деген тұжырым негізінде құралған даулы істегі соңғы өзгеріс. Банк бұл үштікті Еуропа мен АҚШ-тағы жылжымайтын мүлік жобаларын пайдаланғаны үшін айыптайды, соның ішінде 440 миллион доллардың ізін жасыру үшін Trump SoHo-дағы үш нысанды да қолданған" деп жазды Bloomberg.

Әрі қарай мақалада автор БТА банктің Қазақстандағы ірі банктердің бірі болғанын, 2009 жылы 12 миллиард доллар қарызға батып, дефолт жариялағанын жазған. Банк Әбілязовті "миллиардтаған ақшаны ұрлады" деп айыптайды. Мақалада АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың бизнестегі серіктесі және бұрынғы кеңесшісі Феликс Сатердің есімі аталады. Айыптау тарапының дерегінше, Ілияс Храпунов Сатердің көмегімен Манхэттендегі сән-салтанатты 46 қабатты Trump SoHo ғимаратынан үш нысан сатып алған.

Банк құжаттарына сәйкес, Сатер 2013 жылы Ілиясқа Алматы қаласы әкімдігінің Храпуновтарға қарсы шағым түсіретінін айтқан. Сотқа шағым 2014 жылы Лон-Анжелесте түсірілген. Храпуновтардың қорғаушысы Эндрю Соломон Ілияс Храпуновтың бизнес мәселелерін талқылау үшін шифрланған хабарламаларды қолдануға құқығы бар екенін айтты.

Бұған дейін Ілияс Храпунов отбасының инвестициясын заңды түрде басқарғанын мәлімдеп, заңсыз жолмен келген табысты жасыруға қатысы бар екенін терістеген. Сот процесі барысында Трамп ұйымына еш айып тағылмады.

Ал БТА банктің пікірінше, жойылған хаттарда іске қатысты негізгі сұрақтардың бірі - "Неліктен жауапкер жағы Манхэттен орталығындағы Flatotel жобасындағы Chetrit Group тобының үлесін нарықтағы бағадан төмен сатты?" деген мәселенің жауабы табылуы мүмкін еді. Бірақ Әбілязов пен Храпунов сотқа қажетті құжаттарды беруден қашып, талай жылдан бері дауды созып келеді. Сонымен бірге банк Храпуновтарды іс бойынша негізгі куәгер – Геннадий Петелиннің қайда болғанын жасырды деп айыптайды. Сот құжаттары бойынша, қорғау тарабы АҚШ-тағы қаржының Петелинге тиесілі екенін көптен бері айтып келген (Петелиннің ұлы Ілияс Храпуновтың қарындасына үйленген).

Петелин осы іс бойынша "өте маңызды куәгер" саналады, "алайда жауап берушілер оның қайда екенін білмейміз деп айтты" деп жазды Bloomberg. Ал банк болса "Храпуновтар Петелиннің Калифорнияда тұратынын білген" деп санайды.

«S»