БТА банктің миллиардтаған қаржысын жымқырып шетелге қашып кеткен Мұхтар Әбілязовтің ісі бойынша бұған дейін ондаған адам сотталды. Олардың басым бөлігі БТА банктің лауазымды менеджерлері. Кейбірі алаяқ банкирге алданып қалғанын мойындап, тергеу ісіне қолғабыс жасағаны үшін шарты жазамен құтылды немесе жауапкершіліктен туалай босатылды. Алаяқ банкирге қарсы куәлік бергендердің сөзі Мұхтар Әбілязов үшін шыбын шаққандай да болған жоқ. Осы іс бойынша сотталғандардың тағдыры үшін де Әбілязов аса қайғырып алаңдаған емес.

2016 жылдың соңында ҰҚК-нің бұрынғы басшысы (2001-2006) Нартай Дүтбаевтың қамауға алынуы Әбілязовті бұрын-соңды болмаған қиын жағдайға қалдырды. Тергеу мәліметіне сүйенсек, Н.Дүтбаев ақша үшін 2000-шы жылдардан бастап Мұхтар Әбілязовке қызмет жасап келген. Ол ҰҚК-нен қызметтен кеткеннен соң да өзінің органда жұмыс істейтін туыстары арқылы алған құпия мәліметтерді шетелде қашып жүрген Әбілязовке хабарлап отырған. Мысалы, Әбілязов Италияда жасырынып жүрген кезде оны Қазақстанның арнаулы қызметі жергілікті полициямен бірігіп ұстау операциясын ұйымдастырады. Бірақ, осы құпия операция жөнінде Дүтбаев Әбілязовке хабар жеткізіп қояды да, алаяқ банкир дер кезінде ізін суытып үлгереді. Бұдан кейін де Дүтбаев шетелдегі Әбілязовке әртүрлі маңызды хабар беріп тұрған сияқты. ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаев қамауға алынып, ұзақ жылға сотталған соң, Әбілязов алдын-ала сақтандырып отыратын «информаторынан» айырылды. «ТұранӘлемБанктің» бұрынғы басшысы Ержан Тәтішевті Әбілязовтің тапсырысы бойынша Мұратхан Тоқмадидің өлтіргені жөніндегі нақты мәлімет те Нартай Дүтбаевты қамауға алып, тергеген кезде белгілі болды. Мұратхан Тоқмади 4 млн доллар үшін аңшылықта жүргенде Ержан Тәтішевті Мұхтар Әбілязовтің тапсырысы бойынша өлтіргенін сотта мойындады. Оның осы мойындауы мен Нартай Дүтбаевтың тергеушілерге берген мәліметі бойынша енді Мұхтар Әбілязовтің Ержан Тәтішевті тапысырыспен өлтіргені жөнінде сот ісі басталады. Бұл оқиға жөнінде Е.Тәтішевтің шетелде тұратын туыстары арнайы мәлімдеме жасады. Онда «ұзақ күткен әділдіктің салтанат құратыны» айтылды. Енді Мұхтар Әбілязов жай ғана мол қаржы жымқырып қашып жүрген алаяқ банкир ғана емес, адам өлтіруші деген жаманатқа ұшырады. Жүнін қампитып, былайғы жұртқа сыр бермей жүргені болмаса, Мұхтар Әбілязов үшін бұл айыптау ауыр тигені анық.

Нартай Дүтбаев пен Мұратхан Тоқмади қамауға алынып, тергеу басталған соң, кәсіпкер Ескендір Ерімбетов тұтқындалды. Әзірге ол Мұхтар Әбілязовтің БТА банктен жымқырған ақшасының бір бөлігін Қазақстанда бизнеске салып заңдастырды, ұрлықы ақшаны жасыруға көмектесті деген сипатта айыпталып жатқанын ғана білеміз. Дегенмен, оның ісі Дүтбаевпен және Тоқмадимен де байланысты болуы мүмкін. Себебі, Мұхтар Әбілязов өзіне «қызмет» көрсеткен Дүтбаевқа да, Тоқмадиге де ұзақ жылдар бойы қаржылай қолдау жасап келген.

Құпия жасалатын төлемақыны жеткізіп тұратын адам сенімді болуы шарт. Осы тұста Ескендір Ерімбетовтің туған қарындасы Ботагөз Жәрдемәлі жөнінде аз-маз мәлімет бере кетейік. Кейбір мәліметтерде бұл ханым Әбілязовтің ашынасы болғаны айтылады. Ол 2000 жылдардың ортасында БТА банкте жұмыс істеген, Әбілязовтің сенімінен шыққаны соншалық Ботагөз заңгер білімімен-ақ БТА банктің несие департаментінде лауазымды қызметкер дәрежесіне дейін көтерілген. Әбілязов шетелге қашқанда оны өзімен бірге ала кетуі де оған артылған жаупкершілікті білдірсе керек. Мұхтар Әбілязов француз түрмесінде жатқан жылдары Ботагөз Жәрдемәлі көп қайрат көрсетіп екі бағыт бойынша жұмыс істегені белгілі. Біріншіден, ол Әбілязовті француз түрмесінен шығарып алу үшін Еуропада құқық мәселесімен айналысатын топ құрып соған басшылық жасаған. Екіншіден Әбілязовті жақтайтын Қазақстандағы БАҚ пен журналистерді, қоғам белсенділерін қаржыландыруды өз қолына алды. Сірә, осы кезеңде ол Нартай Дүтбаев пен оның сыбайластарына бөлініп келген қаржының уақтылы жеткізілуіне жауапты адам болғанға ұқсайды. Әрине, шетелде жүрген Ботагөз Жәрдемәліге Қазақстанда қол жалғап тұратын сенімді адам қажет. Сондықтан ол өзінің туған інісі Ескендір Ерімбетовті де осы шаруаға жеккен сияқты. Дүтбаев пен Тоқмадиден кейін Ерімбетовтің қамауға алынуын осы жағдаймен ғана түсіндіруге болады.

Ботагөз Жәрдемәлінің туған ағасын осындай лас іске қосып жіберуінде тағы бір гәп бар. Кейін бизнесмен атанып жүрген Ескендір Ерімбетовтің тасының өрге қарай домалауы Ботагөз Жәрдемәлінің БТА банктің несие департаментінде істеген жылдарына сай келеді. БТА банктің қаржысының біраз бөлігін Ерімбетовтің бизнесіне салып жібергенін, осындай әдіспен ақша жылыстатқанын ол кезде көп адам біле қойған жоқ. Осыған масаттанған Ботагөз Жәрдемәлі сыннан сүрінбей өткен інісін тағы да пайдаланғанға ұқсайды. Бірақ, бұл жолы олардың бұл қулығы әшкере болып қалды.

Берік Мыңжасар