БТА банктің миллиардтаған қаржысын жымқырып шетелге қашып кеткен Мұхтар Әбілязовтің үстінен «2004 жылы банкир Ержан Тәтішевті өлтіруді ұйымдастырды» деген айыппен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Қазақстан Бас прокуратурасы хабарлады.

Қазір осы іс бойынша сот алдындағы тергеу жүргізіліп жатыр. «Мұхтар Әбілязовті экстрадициялау және одан ары қылмыстық жауапқа тарту мәселесі сотқа дейінгі тергеу аясында Қазақстан заңдарына және халықаралық келісімдерге сай қаралады» деп хабарлады Бас прокуратура.

«ТұранӘлемБанктің» (кейін бұл банк БТА деп аталды) басшысы Ержан Тәтішевтің өліміне дейінгі оқиға тізбегінің қысқаша баяны былай болған: Мұхтар Әбілязов пен Ержан Тәтішев 90-шы жылдарда бірге бизнес жасады, бұрын мемлекеттікі болған екі банкті арзан бағаға сатып алып жекешелендіріп, одан «ТұранӘлемБанкті» құрды. Бұл банктің негізгі қожайындары Әбілязов пен Тәтішев болатын. 90-шы жылдардың соңында Мұхтар Әбілязов мемлекеттік қызметке барып, Энергетика, индустрия және сауда министрлігін басқарған. Ол 2002 жылы қызметтік лауазымын асыра пайдаланып, Қазақстанның энергетика саласына орасан зор зиян келтіргені үшін 6 жылға сотталды. Бірақ ол 1 жылдан кейін мемлекет басшысынан кешірім сұрап, түрмеден шықты. Кейбір мәліметтерде оның түрмеден босауына сол кездегі «Қазатомөнеркәсіп» басшысы Мұхтар Жәкішев пен ҰҚК төрағасы Нартай Дүтбаев ықпал ектені айтылады.

Мұхтар Әбілязов түрмеде отырғанда Ержан Тәтішев оның «ТұранӘлемБанктегі» үлесін басқа акционерлерге қосу және банк капиталын өсіру арқылы тым азайтып жіберген. Бұған ызаланған Мұхтар Әбілязов түрмеден шығып, Тәтішевті «орнына» қоюды ойластырады. Осы жерден бастап Әбілязов пен Тәтішев арасында ұрыс-керіс басталады...

2004 жылдың соңында Ержан Тәтішев Жамбыл облысының аумағында аң аулап жүріп қайтыс болды. Оның өзімен бірге аң аулауға шыққан Мұратхан Тоқмадидің қолындағы мылтық оғынан өлгені сол кезде-ақ белгілі болған. Бірақ бұл қылмыстық іс «абайсызда болған адам өлімі» деп, Мұратхан Тоқмади жазадан құтылып кеткен.

2016 жылдың соңында ҰҚК-нің бұрынғы (2001-2006) басшысы Нартай Дүтбаев ұсталды. Ол бұрыннан Мұхтар Әбілязовпен тығыз байланысты болған екен. Тергеу барысында анықталғандай, ол Ержан Тәтішевті аңдып, жинақталған материалдарды үнемі Әбілязовке жеткізіп беріп отырған. Осы мәліметтерді пайдаланған Әбілязов Муратхан Тоқмадиге 4 млн долларға Ержан Тәтішевті өлтіруге тапсырыс береді.

Ержан Тәтішев өлсе де, Мұхтар Әбілязов үшін «ТүранӘлемБанкті» өз қадағалауына алу қиын болды. Себебі марқұмның жесірі мен інісі банкте үстем позицияда тұрды. Оларды банктен шеттетуді Мұхтар Әбілязов тағы да Нартай Дүтбаевтың көмегімен жүзеге асырғаны қазір мәлім болып жатыр.

Осы және басқа да қылмыстары Нартай Дүтбаев үшін сотталды. Әбілязовтің тапсырысын орындаған Мұратхан Тоқмади де жазасын алды. Банкир Тәтішевтің өліміне қатысты Мұхтар Әбілязовтің соты тергеу аяқталған соң басталады. Бұл сот шетелде қашып жүрген Әбілязовтің қатысуынсыз өтеді. Бірақ оның Тәтішев өліміне тапсырыс беруші екені Мұратхан Тоқмадиді соттау барысында дәлелін тапқан. Енді тек Тәтішевті өлтіруге тапсырыс берушінің іс-әрекетін құжаттау ғана қалып тұр.

Берік Мыңжасар