Астанада 30 қаңтар күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысуымен үкіметтің кеңейтілген жиыны өтті. Үкімет жиынында Назарбаев бүгін Қазақстанның 2018 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, келешекке қойылатын жоспар талқыланатынын айтты. Президенттің сөзінше, былтырғы жылдың қорытындысында эконмиканың барлық бағытында "өсім байқалған". "Өсім 4 пайызды құрады. Сауда саласындағы өсім 7,6 пайыз болды, басқа салаларда да өсім бар. Инфляция жоспарлағанымыздай 5 пайыз шамасында болды" деді Назарбаев.

Жиында премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев, ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев пен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

Қазақстан ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев қайтарылмаған несие көлемі тым көп екенін мәлімдеді.

"Соңғы он жылда банктер алған несие 5,5 триллион теңгеге жетіп, 70 пайызға ұлғайды. Осы уақытта жеті банкті жойып, екеуін оңалтудың есебінен 5 триллион теңгеге жуық қаржы есептен шығарылды. Яғни, осы жылдар ішінде бізден несие алғандар несиелерін қайтармады. Банктер несиелерді қайта құрылымдап, шарттарды өзгертуге тырысқанымен, олар біртіндеп проблемаға айнала бастады" деді Ақышев.

Ұлттық банк төрағасы несиелерін қайтармаған қаржы ұйымдарының көбі әлі жұмыс істеп жатқанын және "тағы да жеңілдікпен несие сұрап отырғанын" жеткізді.

Президент Назарбаев Ақышевке несиелер "қандай жолмен болса да қайтарылуы тиіс" екенін айтып, несиесін өтемеген бизнесмендерді қылмыстық жауапқа тарту керегін ескертті.

Нұрсұлтан Назарбаев несиенің қайтарылуын бақылау жұмысын сынға алды. "Біз өзіміз нашар басқарып, нашар қадағаладық. Бұл істі біз, банк пен үкімет бақыламадық. Кім көрінгенге бердік" деді Назарбаев. Ол Ақышевке былтыр ұлттық банктің құзыретін күшейтетін заң қабылданғанын еске салып, қадағалауды күшейтуді тапсырды.

"Әрбір акционер өз банкінен ақша жымқырады, сосын артынан қуып жүреміз. Ал ол кезде біз қайда болдық? Бұл - өте нашар жұмыс" деді Назарбаев.

Қазақстан президенті банк акционерлерінің "ақша жымқыратынын" бұған дейін де айтқан. Былтыр ақпанда өткен үкіметтің кеңейтілген жиынында да ол банктерден ақша жымқырылатынын мәлімдеген. Ал былтыр сәуірде ол коммерциялық үш банктің жұмысын "өте нашар" деп бағалаған еді, кейін ол банктер лицензияларынан айырылған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке банкроттық жариялау тәртібін жеңілдетуді тапсырды. Астанада өткен үкіметтің кеңейтілген жиынында Назарбаев соңғы үш жылда банкроттық шегіне жеткен кәсіпрорындар саны екі есеге жуық ұлғайғанын, шағын бизнестің қарызға белшеден батқанын айтты. Президенттің сөзінше, қазір шағын бизнестің банктерге берешегі 4 триллион теңгеге жеткен. "Несие алады да, оны қайтаратын кезде қосымша несие сұрайды. Қолдау көрсету керек, бірақ ол қолдау қайтарымды болуы керек" деді Назарбаев. Президент банкрот болған бизнестен айықпай, экономика да, банк саласы да дамымайтынын айтты.

"Нарықтық қатынастардағы елдерде банкроттық институты кең тараған және өте тиімді. Бүкіл әлемде ол шаруашылық айналымынан төлем қабылеті жоқ кәсіпорынды шығарып тастау үшін қолданылады. Бір кәсіпорын экономикалық тұрғыдан дәрменсіз болса, ол басқа субъектінің қаржылық жағдайына әсер етеді" деді Назарбаев.