Келесі жылы Қызылорда облысы, Жаңақорған кентіндегі даңғылға Машбек Сапарбайұлының аты берілуі мүмкін. Мұндай ұсыныс 2018 жылдың 19 желтоқсанында өткен Жаңақорған ауданының Қоғамдық кеңесі отырысының шешімі бойынша қабылданды. Ұсынысты орындау үшін кеңес шешімі Жаңақорған ауданының Экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы А.Қасқабаев пен Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Айдосоваға жолданды.

2004 жылы өмірден өткен Машбек Сапарбайұлы Нәлібаев - Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың әкесі. Бұған дейін оның аты Жаңақорған ауданындағы ауылдық округке берілген. Үлкен елді мекен қазір «Машбек ауылы» деп аталады. Машбек ұрпақтары мұнымен шектелген жоқ. Осы ауылда ара-тұра «Машбек Нәлібаев атындағы қазақ күресінен республикалық турнир» өткізіліп жүр.

Жаңақорғандағы үлкен ауылға Машбек Сапарбайұлының аты берілгенде-ақ аймақ халқы бір шулап басылған. Мұнда бір ру ел ғана тұрмайды. Аймақта бірнеше рудың өкілдері тіршілік етіп жатыр. Оның үстіне Машбек Сапарбайұлы өмірінде ешбір сала бойынша мәртебе алған адам емес: еңбегі жанған дихан, күші тасыған палуан, ғалым немесе ақын болған жоқ. Қарапайым азамат ретінде өмір сүрген оның аты үлкен ұлы Бердібек Қызылорда облысының әкімі болғанда «Машбектің баласы» деп атала бастады.

Әрине, үкіметте вице-премьер қызметін атқарып, бірнеше облысқа әкім болған Бердібек Сапарбаевқа жағынып қалуды көздеген журналистер Машбек Сапарбайұлының тартымды имиджін қалыптастыруға тырысты. Соның бірі - республикалық «Жас қазақ үні» газетінің қожайыны Қазыбек Иса. Рушыл сипаты бар осы газетте 2009 жылы күлкі туғызатын мақала басылды. Онда 1972 жылы 84 жасында қаза болған, тірі кезінде «дастарханды дәулетті болып» «қоңыраттың «Қара шалы» атанған Тәтібай деген кісіні 2004 жылы өмірден өткен Машбек ақсақалмен салыстырған.

Екеуі де - көпбалалы жанұяның отағасы. Тәтібай қайтыс болғанда оның ұрпақтары қазаға келген 700-ден астам адамның әрбіріне «10 сом және 4 метр шыт мата» ұстатыпты. Кейін марқұмның ұрпақтары жаназа шығынын санап жіберсе, «7500 сом (рубль) қаржы, бір мезгілде теберікке отыз киім пұлыш, 3000 метрдей шыт мата таратылыпты».

«Сонда небір жаназаға қатысқан шалдар «қоңырат Тәтібайдың жілігі татыды. Бұндай теберік-жыртыс берген таяу 100 жылда ешкім болған емес» деген сөзді естісек, 2004 жылы Жаңақорғанда қоңырат Сапарбайұлы Машбек ақсақал қаза болғанда жаназаға қатысқан 3500 адамға 500 теңге мен шашықтан таратты. «Тәтібайдан кейін Машбек ақсақалдың ұл-қыздары қайталады, бұлардың жиған-тергені мен перзенттері адал екен» деген сөз Сырдарияның екі бетінде қарапайым халықтың аузында жүр. Ас-құдайы, той-томалақтарда осы екі кісінің қазасын жыртыс-теберіктерін, жылдық астарын айрықша атап, ұл-қыз ұрпақтарына рахмет деген сөзді ел аузынан есітіп жүрміз» деп жазылды «Жас қазақ үні» газетіне басылған мақалада.

Мақала авторының сөзіне қарасақ, Машбек Сапарбайұлының қазасында таратылған ақша мен мата беделін асқақтатып, оның атымен ауыл-аймақтың атын атауды, күрестен турнир өткізуді негіздеп тұр. Ақиқатында, оңды-солды таратылған «жыртыс-теберіктің» бәрі марқұм ұрпақтарының дүниесі емес пе?! Мысалы, көп жылдан бері лауазымды қызметтен түспей келе жатқан Бердібек Сапарбаевтың үш қарындасы мен төрт інісі аймақтағы бизнестің тізгінін ұстап отыр. БАҚ бетіндегі мәліметтер бойынша, Әлібек Нәлібаев - ең ірі «Бақытжан» шаруа қожалығына, 2001 жылдан бері аймақта монополия ұстап отырған «Жаңақорғангаз» ЖШС-іне жеке дара басшысы. Сондай-ақ, ол балшықпен емдейтін республикалық маңызы бар «Жаңақорған санаторийіне» иелік ететін екі акционердің бірі, «Көкен баба» қоғамдық қорының құрылтайшысы.

Бұрын ұзақ уақыт Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімін басқарып, Қызылорда облыстық ІІД-де басшы қызмет атқарған Пазылбек Нәлібаев «Жаңақорған аудандық қазақша күрес федерациясының» құрылтайшысы болып алды. Ал Сара Нәлібаева «ЭлектроМедСервис Айкад» фирмасын құрып, табысты еңбек етіп жатыр. Нұрлыбек Нәлібаев - қазір Қызылорда қаласының әкімі. Қызылордада салынған ірі ғимараттар мен сауда-саттық, ойын-сауық орталықтары Машбек әулетінің иелігінде және т.б. Бірақ мұның бәрі Машбек Сапарбайұлы есімімен көше мен ауылдарды атап, оны дәрәптеуге негіз бола алмайды ғой.

Әрине, Машбек ұрпағы өздерінің осы әрекетін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың ата-бабасын ұлықтауын айтып, ақтап алуына болатын сияқты. Қырымбектің әкесі Елеу Көшербаевтың құрметіне Қызылорда қаласында бір көше берілген, Арал қаласында оның атында орта мектеп бар. Ал бұрын аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметін атқарған атасы, Социалистік Еңбек Ері Көшербай Дәрібаевтың атымен 2010 жылы Арал қаласының бір көшесі аталды. Қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ресей империясының отаршыл белгілерінен арылумен қатар декоммунизация процесі де жүріп жатыр. Осы тұрғыдан қарасақ, Көшербай ұрпақтарының әрекеті де дұрыс емес. Бірақ, Елеу болсын, Көшербай болсын, екеуі де Совет Одағы тұсында кемі аудандық масштабтағы мемлекет және партия қайраткерлері еді. Ал Машбек Сапарбайұлы балалары лауазымды қызмет тізгінін ұстағанша ешкім танымайтын түкпірдегі ауылдың қарапайым адамы болатын.

Ауылға есімі беріліп, соның есімімен спорттық шара ұйымдастырылып жүрген Машбек Сапарбайұлының аты Жаңақорған кентіндегі даңғылға берілген соң да бұл процесс тоқтамайтын сияқты. Себебі Көшербаевтар әулеті мен Сапарбаевтар әулетінің арасында ата-бабаларын ұлықтау бойынша әлдебір бәсекелестіктің ауаны сезіледі. Сондықтан бір-екі жылда Машбек есімі аудан шеңберінен шығып, Қызылорда қаласында «Машбек спорттық ойын-сауық орталығы», «Машбек супермаркеті» сияқты атаулардың пайда болуы ғажап емес. Сонда аймаққа ат арылтып келген қонақтар мен туристер «Машбек деген кім, оның қазақ халқына сіңірген қандай еңбегі бар?» деп сұрағанда, «әкімнің әкесі» деп жауап бере ме? Бұл тіпті күлкілі емес пе?

Жалпы, ауыл, қала, көше – мемлекеттің иелігіндегі объектілер. Тіпті әлеуметтік маңыз бар жекеменшік ғимыраттарға да қазақ мемлекетінің құрылуы мен оның қалыптасуына еңбегі сіңген яки адамзат тарихында орны бар адамдардың есімі берілген дұрыс. Бұл қазақ халқының ұлт ретіндегі бірлігін күшейте түседі, елге деген патриоттық сезімін арттырады. Ал облыстық деңгейдегі әкім осы ауылда туды екен деп өзіндік тарихы бар елді мекендер мен көшелерді «Машбек ауылы», «Машбек даңғылы» және т.б. деп атау аймақ халқының рулық сезімін тербетіп отыр. Мұндай әрекетті күшейте беру ұлт тұтастығына, аймақтағы саяси тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін. Бұл мәселе аймақтың экономикалық-әлеуметтік-рухани саясатына жауапты Қырымбек Көшербаевты ғана емес, мемлекеттің ішкі саясаты мен идеологиясын қадағалап отырған ҚР Президенті әкімшілігінің лауазымды шенеуніктерін де, заңдылықты қадағалау органы Бас прокуратураны да ойлантуы тиіс.

Берік Мыңжасар