Алдағы уақытта бәріміз жалпыға бірдей табыс декларациясын тапсыратын боламыз. Қарапайым жұмысшылар, зейнеткерлер мен студенттерді көп қинамайды. Қосымша табыс болмаса, бір жапырақ қағазды толтырып, сонымен құтыла салуға болады. Ал басқа азаматтар өз табыстарына қатысты толық ақпаратты беруге міндетті. Мемлекетті ешкім алдай алмайды. Себебі декларациядағы ақпаратты жергілікті банктерден түскен мәліметтермен салыстырады. Үкімет шетелдегі бақылау шараларын да реттеп қойды. Екі жылдан кейін жүздеген мемлекет қазақстандықтардың ақшасы мен мүлкіне қатысты ақпаратты автоматты түрде жіберіп отырады.

Сонымен, 2020 жылдан бастап барлық қазақстандықтар жыл сайын табыс декларациясын тапсыратын болады. Аталған құжатты «250-ші форма» деп атайды. Оны толтырғанда ақша, құнды қағаздар, жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, көлік, пәтер, зергерлік заттар, антиквариат және тағы басқа активтерді көрсету керек. Тіпті, біреуден миллиондап (500 минималды жалақыдан жоғары - авт.) қарыз алынса, оны да жазу қажет. Заңға сәйкес, жалақы, зейнетақы мен шәкіртақыдан басқа табысы жоқ азаматтар қысқа декларация, яғни бір беттен аспайтын есепті тапсырады. Басқалар толық форманы толтырады. Олардың ішінде оралмандар мен шетелдік азаматтар да бар. Кәмелеттік жасқа толмағандар декларация тапсырудан босатылады. Алайда жасөспірімнің атында мүлік болса, ол да барлығымен бірдей есеп береді.

Осы реформа аясында кейбір азаматтар үшін «салықтық шегеру» сияқты жеңілдіктер де қарастырылған. Мәселен, көпбалалы отбасының бір өкілі 24 минималды жалақыдан аспайтын ақшаның табыс салығын қайтара алады. Бүгінде республика бойынша минималды жалақының көрсеткіші 28 284 мың теңгені құрайды. Демек, 2020 жылдан бастап көпбалалы отбасының өкілі бір жылдың ішінде 678 816 мың теңгенің табыс салығы - 67 881 теңгені (10 процентін) кері қайтарып, өз кәдесіне жарата алады. Оны 12 айға бөлсек, 5 656 теңгеден келеді екен. Әрине, көп баласы бар отбасы үшін ол көп ақша емес. Дегенмен, басқа жеңілдіктерді де пайдалануға мүмкіндік бар. Баланың оқуы үшін ақша төленсе, 10 минималды жалақы - 282 840 теңгенің табыс салығын қайтаруға болады. Ол, шамамен, 28 284 теңге. Ипотека да, медициналық қызметтер де солай. 2020 жылға дейін минималды жалақының мөлшері әлі де өзгереді. Сондықтан қайтарылатын ақшаның көлемі сәл-пәл көтерілуі мүмкін. Басқа ешқандай жеңілдік болмайды. Әрбір азамат ақша мен мүлікке қатысты толық ақпаратты беруге міндетті.

«Декларация тапсырудың екі мерзімі бар. Біріншіден, 2020 жылдың 15 шілдесіне дейін декларацияны қағазбен тапсыруға болады. Екіншіден, 2020 жылдың 15 қыркүйегіне дейін электронды декларацияны жіберуге мүмкіндік бар», - дейді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Мәди Такиев.

Үкімет осы уақытқа дейін шетелдегі бақылау шараларын да ретке келтіруді көздейді. Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтардың шетелдегі есепшоттары мен активтері туралы ақпаратты автоматты түрде алдыртатын болады. Аталған жұмыс Страсбург конвенциясы аясында жасалады. Әйтпесе, қазіргі екіжақты келісімдер бойынша басқа елдерге сұрау салу қажет. Сонда ғана нақты бір салық төлеушіге қатысты ақпарат жіберіледі. Салық түрін де көрсету керек. Ал Страсбург конвенциясы аясында барлық салықтар бойынша ақпарат алмасуға болады. Сосын жазбаша ақпараттан бөлек автоматты түрде мәлімет алмасу тетігі де бар. Бұл дегеніміз, xат жазып, сұрау салудың қажеті жоқ. Негізі, Қазақстан аталған конвенцияға осыдан бес жыл бұрын қол қойған болатын. Бір жылдан кейін аталған құжат ратификацияланды. Осы уақытқа дейін конвенцияға 124 мемлекет қосылды. Соның ішінде G20 және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) елдері бар. Аталған екі ұйым қаржы саласындағы ақпаратпен алмасудың көпжақты келісімін әзірлеп бекітті. Ағымдағы жылы 26 маусымда Қазақстан аталған құжатқа да қосылды.

«Енді, біз 102 мемлекетпен жұмыс жасап, қаржы есеп-шоттары туралы ақпаратпен алмасатын боламыз. Қазіргі кезде Қазақстан ЭЫДҰ-ның арнайы жұмыс тобына кіріп, аталған стандартты енгізуге қатысты дайындық шараларын бастап кетті. Осыған орай, ұлттық заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіледі. Жоспар бойынша 2019 жылғы барлық ақпарат беріледі. Сонда 2020 жылы қыркүйек айында бізге жерлестеріміздің 102 елдегі барлық есеп-шоттары туралы ақпарат түседі. Ол елдердің ішінде Ұлыбритания, Бермуд пен Кайман аралдары, Швейцария, Люксембург, Лиxтенштейн және тағы басқалар бар. 40-тан астам офшорлық юрисдикциялар да осы бастамаға қосылып отыр», - дейді салық салу әдістемесі бойынша департамент директоры Қайрат Жолмұxамбетов.

Оның сөзіне қарағанда, жеке ақпараттың ішінде қаржы иесінің аты-жөні, салықтық нөмірі, депозит пен активтерден түскен табыстың көлемі болады. Алайда ол ақпарат құпия мәліметке жатады. «Ақшаның сомасы аз ба, көп пе, оған қарамаймыз. Әрбір қазақстандықтың есепшоты туралы ақпаратты алдыртатын боламыз. Әрине, салықтан жалтарғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Мәселен, табыстан түскен салықты төлемегені үшін әкімшілік жаза да, қылмыстық жаза да бар. Негізі, бүгінгі заңнама бойынша Қазақстан азаматтары шетелдегі ақша мен мүлік туралы ақпаратты өздері ұсынады. Ал конвенция аясында ақпарат алмасу арқылы біз ол мәліметтердің бәрін салыстырып, тексере аламыз», - деп атап көрсетті Қ.Жолмұxамбетов.

Иә, қазіргі заңнамада «240-шы форма» деген декларация бар. Бірақ қазақстандықтар оны өз еркімен толтырады. Әзірше, ешкімді міндеттеп жатқан жоқ. Соның өзінде жерлестеріміздің шетелде біраз ақшаны ұстап отырғанын байқауға болады. Ресми мәліметке сәйкес, өткен жылы аталған декларацияны 68 мыңнан астам адам толтырды. Олардың ішінде 27 мың адам ақшаны ашық көрсетті. Ол қаржының жалпы сомасы 820 миллиард теңгеден асты. Бұл ақша 108 елдің банктерінде жатыр. Негізгі мемлекеттер ол - Сингапур, Швейцария, Ливан, Оңтүстік Корея, Ресей және тағы басқалар. Сонда 27 мың адамның шетелдегі ақшасы бір триллион теңгеге жуықтаса, барлық 68 мың адамның қаржысы екі триллионға жетуі әбден мүмкін ғой. Қазақстандықтар шетелдегі ақшадан бөлек жылжымайтын мүлікке қатысты декларацияларды да тапсырды. Бүгінде өз еркімен есеп бергендердің 69 мемлекетте 12 мың жылжымайтын мүліктері бар екен. Аталған мүліктің басым бөлігі Ресей, Болгария, Түркия, Испания, Ұлыбритания, АҚШ, Франция және тағы басқа елдерде тіркелген. Айтпақшы, «Францияда Қазақстан азаматы қымбат үй сатып алды», - деп біраз шулаған едік. Сөйтсек, ол мемлекетте бір емес, 60 жылжымайтын мүлік қазақстандықтардың атында жазылған. Осы орайда айта кеткен жөн, 240-шы декларацияда жылжымайтын мүліктің сомасын көрсету міндеті жоқ. Сондықтан адамдар нақты соманы жазбайды. Сөз жоқ, екі жылдан кейін жалпыға бірдей табыс декларациясы енгізілгенде шетелдегі ақшаның көлемі де, мүліктің мөлшері де әлдеқайда көп болады.

Әрине, осы шараның арқасында бюджетке салық та көп түседі. Ал салық көп түссе, зейнетақы мен жәрдемақыны көтеруге болады. Мұғалімдердің жалақысы өсетін шығар. Жалпы, бюджетке қарап отырған мамандардың жағдай жақсарады деген үміт бар. Алайда қалталы азаматтардың ішінде табыс декларациясынан қашатындар табылады. Өйткені ақшаны адал жолмен таппағандардың санасында «қудалау фобиясы» болады дейді. Оларға декларацияны тапсырмағаны үшін 50 АЕК - 120 250 теңгені төлей салған жеңіл сияқты. Шетелге көшіп кетпесе болғаны...

Автор: Арман Асқаров
ҚазАқпарат