"Байтақ болашақ" экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай теңге бағамының тұрақсыздығына қатысты пікірін айтты. Оның ойынша, теңге бағамына сыртқы саяси-экономикалық факторлар әсер етіп отырған жоқ. Келеңсіз жағдай ішкі валюта нарығындағы қаржы спекулянттарының әрекетінен болып жатыр. Бұған қарсы Ұлттық банк нақты шара қолдануы қажет.

Азаматхан Әміртайдың айтуынша, АҚШ пен батыс елдерінің Ресейге қарсы санкциялар салуы Қазақстанның валюта нарығына әсер етпейді. Себебі, Қазақстаннан шығатын тауарлардың Ресей нарығындағы үлесі тым мардымсыз. Қазақстан экономикасының 80 пайызға жуығын мұнай-газ сияқты қазба байлықтардың шикізаты құрайды. Оны Ресейден басқа елдерге доллармен сатады. Соған қарамай Қазақстанның валюта нарығында түсініксіз жағдай жиі қайталанады. Қазақстан экспортының негізгі бөлігін құрайтын мұнай әлемдік нарықты күн санап қымбаттап жатса да тенге бағамы тұрақсыз болып тұр. Азаматхан Әміртай бұл жағдайды экономиканың «көлеңкелі» бетінде жүріп жатқан құйтырқы әрекетпен байланыстырады. Бұл кіші және орта бизнес пен кәсіпкерлікті тығырыққа тіреп, елді саяси-әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздыққа апаруы мүмкін. Сондықтан ол Ұлттық банкке қандай жедел шаралар жасау жөнінде өзінің ұсынысын айтты.