Елімізде қазақтардың үлесі көбейсе де, қазақ тілінің мәртебесі, оның қоғамдық қатынастардағы маңызы айтарлықтай арта қойған жоқ. Оны‑мұны сатып алу немесе қолыңдағыңды саудалап сату сияқты күнделікті өмірдегі қарапайым «нан табудан» бастап үлкен бизнеспен шұғылдану, мемлекеттік қызметті атқару орыс тілінсіз әлі мүмкін емес. Мұны дәлелдеудің тіпті қиындығы жоқ. Мысалы, орыс тілін білмейтін бірде‑бір әкімді, министрді немесе қоғамға танымал адамды табу қиын. Есесіне, қазақ тілін білмейтін басшы қызметтегі адамдар көп және олардың ішінде қазақтар жетерлік. Тілге қатысты Қазақстандағы жағдайдың қоғамдық-саяси сипаты осындай. Енді осы жағдайға қатысты қазақ ұлтының ішкі психологиялық көзқарасын талдап көрелік.

Мәселені талдап, одан қандай да бір тұжырым жасау үшін қазақтарды шартты түрде төрт топқа бөлген жөн. Олар: қазақша дым білмейтін орыстілді қазақтар, орысшаға дес бермейтін қазақтілді қазақтар, орысшаға орашолақ қазақтар және орысшадан мақұрым қазақтар. Алғашқы екі топты – байырғы қала тұрғындары мен қалаға беріде орныққан қазақтарды «қала қазақтары» деп атаған орынды. Үшінші топты «ауыл қазақтары», ал төртіншісін әзірге «оралмандар» деп атаған жөн. Соңғысына «үлкен жұрттан» қиянда қалып қойған байырғы тұрғындарды қосуға болады.

Қазіргі қала қазақтары қоғамдық өмірге ең жақсы бейімделген топ. Тарихи себептерге байланысты қалыптасқан орысша дәстүрлі елде олар ешкімге есесін жібермейді, нәпақасын тауып, жақсы тұрмыс кешіп жатыр. Орыстілді қазақтар ана тілін білмегендіктен, өздерінің тайпаластарының алдында моралдық тұрғыдан көңілі аздап пәс болуы мүмкін, бірақ мұнысы үшін оларды күсталанап жатқан ешкім жоқ. Дегенмен, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып, қоғам өміріне аздап болса да кіріге бастағалы бері қазақша дым білмейтін қазақтар өздерін жайсыз сезіне бастады. Оларға қарағанда қазақтілді қала қазақтарының бәсі жоғары – қазіргі саяси тілмен айтқсақ, бәсекеге қабілетті, оларды «қазақша білмейді» немесе «орысша түсінбейді» деп жұмысқа алмай шетқақпайлау мүмкін емес. Бұл топқа қарағанда «ауыл қазақтарының» мүмкіншілігі, өмірге бейімделуі қиындау. Бірақ оларды орысшадан мақұрым «оралмандармен» салыстыруға болмайды. Өйткені байырғы тұрғындар аздап болса да орысша біледі, қазақ сөзімен айтсақ, «қала көрген», «орыс көрген», егер олар қалаға көшсе, ортаға тез бейімделіп кетеді. Ал Ресейден басқа елдерден келген оралмандарға қазақ қоғамына бейімделу қиын болып тұр. Таяғымен жер түрткілеп келе жатқан соқыр адамға ұқсас олардың бүгінгі жағдайына аяушылықпен қарауға тура келеді.

«Қазақ тілі кімге керек?» деген сұраққа ашық жауап бермес бұрын барлық қазақтың ішкі ойын анықтайтын тәжірибе жасап көрелік. Егер орыс тілін «өшіріп» тастап, қоғамдық қатынастарды таза қазақшаға өткізсек, қазақша дым білмейтін қазақтар қатты қиналады. Сондықтан олар қазақ тілінің қоғам өміріне дендеп енуіне мүдделі болмауы мүмкін. Мүмкін деп айтуымыздың себебі бар. Тіл ‑ ұлтты анықтайтын белгілердің бірі. Яғни, орыстілді қазақтар да өздерін қазақ санағандықтан, түпкі санасында қазақ тілінің қоғамда кең қанат жаюына қарсы болмайтыны анық. Дегенмен, «тұрмыс сананы билейді» ‑ олардың бойында «бүгінгі жағдайымызға зар болып қалармыз» деген қорқыныш бар. Бұрындары мұндай қорқыныш күшті болатын. Сол себепті де орыстілді қазақтардың қазақ тіліне қарсылығы көп болды. Бірақ, соңғы жылдары ондай мәлімдемелер айтылмай жүр. Соған қарағанда, олардың қорқынышы бәсеңсіген сияқты. Дегенмен, олардың «қазақпыз» деген ішкі сезімі «қазақ тілі оларға да керек» деген тұжырымға негіз бола алмайды.

Орыс тілін «өшіріп» тастаса, басқа қазақтардың қуанышқа кенелетіні анық. Әсіресе, қазақтілді қала қазақтарының бәсі тағы артады. Қазір олар ауыл қазақтары мен оралмандардың қоғамға бейімделуіндегі екі «өмірді» жалғаушы «көпір» қызметін атқарып жүрсе, бұдан кейін осы қызметін орыстілділерге «бұлдайды».

Енді екінші тәжірибені жасап, қазақ тілін түбегейлі «өшіріп» көрелік. Мұндай жағдайда орысша дым білмейтіндер қатты қиналады. Орысшаға дес бермейтін қазақтың тағы да дымы кетпейді, қазіргі «күнкөрісінің» қамымен жүре береді, ал орысшаға орашолақ қазақтар тіл үйреніп, қоғамға бейімделуге бұрынғыша күш сала бастайды. Қазір де олардың орысша дәстүрлі қоғамда тіршілік жасауына мүмкіншілігі жеткілікті – балалары қазақша оқығаны болмаса, мектептен шыға сала орысша сөйлеседі, орыстілділермен қиналмаймай тіл табыса біледі. Мұндай қоғамдық ауанды олардың ата‑анасы да анық сезініп отыр. Сондықтан олардың қазақ тіліне қатысты бойкүйездік танытуы ішкі психологиялық заңды құбылыс. Мұны қазақ тілін дамыту бағытында құрылған қоғамдық ұйымдардың жасап жатқан жұмысының нәтижесінен байқау қиын емес. Бұдан жаңа пәлсапа түйіндеуге болады. Мысалы, қазақ тіліне жанашыр ұйымдардың құрылғанына жиырма жылдан астам уақыт өтті. Ұйым басшыларының көбісі әлі күнге сол баяғы адамдар – өзгерген жоқ. Сәйкесінше, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі де айтарлықтай арта қоймады. Бұл ұйымдарды басқарып отырғандар екінші және үшінші топқа жататын қазақтар екенін айта кеткен орынды. Бұдан бір‑бірімен байланысты екі пікір түюге болады: азды‑көпті орысша білетін қазақтарды тілге қатысты бүгінгі жағдай қанағаттандырып отыр; олар үшін қазақ тілі өмір сүрудің қажеттілігі емес, олар оны жай ғана саяси сауданың құралы ретінде пайдаланып жүр. Бұл пікірді қуаттайтын қосымша дәлел ретінде әлі күнге тілге қатысты миллиондаған адам жиналған бірде‑бір шеру өтпегенін айтса болады.

Жоғарыда айтылған ойды түйіндей келе, қазақ тілі тек оралмандар үшін қажет болып тұр деген тұжырым жасаймыз. Оларды да әлеуметтік жағдайы мен қоғамға бейімділігіне қарай талдап кеткен жөн. Қытайдан қоныс аударған қазақтардың жағдайы жаман емес. Екі ел арасында сауда‑саттық жасайды, Қытайға тауар алуға немесе емделуге барған қазақстандықтарға делдал, аудармашы болып жүр. Бұрынғы отанындағы әлеметтік‑экономикалық ахуал да жақсы, Қазақстанда тұруды көңілдері қош көрмей қайтадан кетіп қалып жатқан оралмандардың басым бөлігі де солар. Ал Өзбекстаннан келген қазақтар олай жасай алмайды – ондағы жағдай қиын, өзбектердің өзі күнкөрістің қамы үшін Қазақстанға келіп науқандық жұмыстарға жалданып жүр. Тіпті соңғы жылдары қарақалпақтар құжаттарын өзгертіп, «қазақ» болып жазылып, Қазақстанға қоныс аударып жатыр. Себебі, қарақалпақ және қазақ тілінің бір‑бірінен ешбір айырмашылығы жоқ, түрі‑түсі мен мінезі де бір – қазақ пен қарақалпақты ажырату мүмкін емес. Содан болса керек, жергілікті қазақтар өзбекстандық оралмандарды және осы типтегі дәстүр мен тілге берік «таза» қазақтарды жалпылама «қалпақ» деп атайды. Олар Қазақстанның қазақы облыстарына – батыс, оңтүстік және оңтүстік‑шығыс аймақтарындағы үлкен қалалардың маңына топтасып жатыр.

«Қалпақтар» әзірге тіл мәселесін көтерген жоқ. Дегенмен, «Шаңырақ» пен «Бақай» және басқа да жер басып алу оқиғаларына қарап, олардың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алатын ұйымшылдығын аңғаруға болады. Биыл олар Алматыдан Талғарға баратын жол бойындағы жерді басып алып жергілікті билікпен тағы да тіресіп қалды. Әрине, өкіметтен үй салуға жер сұрау, талап ету – әлеуметтік‑экономикалық мәселе. Олар өздерінің бұл талабын билікке «орындатты» немесе «орындата алмады» деп те кесіп‑пішіп айта алмаймыз. Тек осындай оқиғаның болғанын, оның билікті біраз әбігерге салғанын факті ретінде келтіріп отырмыз. «Қалпақтардың» шешімтал қадам жасай алатынын айта отырып олардың келешекте тағы бір талаппен шығатыны анық болып тұр. Ол – қазақ тілінің мәселесі. Бұл мәселені олар қазақ тілі ұйымдарының басшылары сияқты жылдырмалатпайды, кезі келгенде төтесінен қояды және қазақ тілінің қоғамдық айналысқа түсуін тездетуді биліктен қатаң түрде талап етеді. Себебі, олар үшін қазақ тілі өмір сүрудің, нан табудың бірден‑бір құралы. Яғни, қазақ тілінің тағдыры «қалпақтардың» саяси тұрғыда пісіп жетілуіне тәуелді болып тұр.