Алматы метрополитенінің құрылысына 2020 жылға дейін 32 млрд теңге қарастырылмақ. Бұл цифрлар «2030 жылға дейінгі Алматы агломерациясы қалыптасуының ұзақмерзімді жоспарын бекіту туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жоспарға сәйкес Алматыдағы метрополитеннің құрылысы 2018-2024 жылдар арасына белгіленген. «Республикалық бюджеттен 2018 жылға - 9 млрд, 2019 жылға - 10 млрд, 2020 жылға - 10 млрд, жергілікті бюджеттен 2018 жылға - 900 млн, 2019 - 1 млрд, 2020 - 1 млрд теңге жоспарланған», - деп жазылған құжатта.

Айта кету керек, қалада «Сарыарқа» мен «Достық» стансаларының құрылысы жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2020 жылға қарай аяқталады. Сонымен қатар, метро желісі Қалқаман және Батыс автовокзалы жаққа қарай созылмақ.

Жоба аясында Алматы облысымен байланысты арттыру мақсатында Bus Rapid Transit (BRT) және Light Rail Transit (LRT) Алматыдан батысқа - Ұзынағашқа қарай, солтүстікке - Қапшағай қаласына дейін, шығысқа қарай - Шелек аудан орталығына дейін созылады. 3 автостанса салынады. Алматы агломерациясы 9,4 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр.

Қала шекарасы ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 22 қазандағы № 1097 бұйрығына сәйкес белгіленген. Алматы агломерациясында 2 млн 984 мың адам өмір сүріп жатыр. Олардың 1 млн 801 мыңы мегаполисте тұрады.