Ата Заңымыздың 1-бабында атап көрсетілгендей «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екенін барлық билік тармақтары мен құқық қорғау органдары басты ұстаным етуі тиіс десек те, осы қағиданың орындалмауы салдарынан тығырыққа тірелгендердің жанайқайы алаңдатпай қояр емес.

Міне, осындай себептің бір құрбаны – Шымкент қалаcының тұрғыны Нүркен Айнабеков болып отыр. Қолымызға берілген көптеген ресми құжаттарға көз салсақ, Н.Айнабеков 2016 жылғы 22 желтоқсанда Шымкент қаласындағы ОҚО прокуратурасының көлік тұрағында үстіне тез жанатын сұйық құйып, өзін өртеген. Иә, кез келген адамның өзін-өзі өртеп, қасірет тартуға дәті бара қоймас. Бірақ Нүркен Айнабеков соны біле тұра, өзін-өзі өртеді. Неге?

Редакцияға жолдаған арызында ол мұндай әрекетке не себепті барғанын жан-жақты ашып жазады. Барлық құқық қорғау органдарына жазған арыздарында да өзіне қол жұмсауына не түрткі болғанын тәптіштеп көрсетеді. Алайда қолында билігі бар біреулердің қысымынан жапа шегіп және сол билігі барлардың әділетсіздігінен түңіліп, өзін-өзі өртеу арқылы жоғары жақтың назарын аудартамын десе де, жабулы қазан жабулы күйінде қалып, мүгедек атанады. Шыбын жанын шырылдатып аяусыз отқа орарында, оның да жұрт назарын аудартайын деген бір шындығы болған шығар дейсіз ғой. Иә, болған көрінеді. Ал сол шындықты біз өзіміз ашқандай болмайық.

Ресми құжаттардағы деректерге сүйенсек, Н.Айнабеков 2003 жылдан бастап «Саят-Жан» ЖШС директоры болып кәсіпкерлік қызметпен айналыса бастапты. Талмай жұмыс істегендіктен, табысы да аз болмаған секілді. Өзінің айтуынша, оның қолының ашықтығын кейбір адамдар жеке бас мүддесіне де пайдаланыпты. Бірақ даудың басы осы қарыздарын қайтара алмағаннан басталса керек. Қайтарғаны не, қайтартамын деп жүріп басы бітпес дауға қалған. Ол бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы, Шымкент қаласы әл-Фараби ауданының кейбір прокурорлары, ІІД ТБ-ның қайсыбір тергеушілері өзіне қатысты қылмыстық істерді тергеу кезінде салғырттық танытқанын айтып зар қағады. Тіпті кейбір лауазымды тұлғалардың бұған қатысты жасаған алаяқтық істерін әшкерелеген дәлелдер, оны растайтын мәселен, бұр¬ынғы облыс әкімі аппаратының «Шаруашылық басқармасы» ЖШС басшысы Х.Нышамбаевтың қызметтік тексеру хаты, 2015 жылы қараша айында бұрынғы облыс әкімі Б.Атамқұловтың қызметтік тексеру қорытынды нәтижесі сыбайластардың қылмысын дәлелдейтін айғақ зат ретінде қылмыстық іске тіркелгенімен, кейін жоғалып кеткенін айтады. Өзінің мәлімдеуінше, 2010 жылдары Н.Айнабеков жеке кәсіпорны арқылы түрлі тапсырыстарды орындап жүреді. Қосалқы мердігер ретінде де жұмыстар атқарады. 2010 жылы Қайтпас-1 шағын ауданында салынатын «СВА» емханасы құрылысы тендерін «Шаруашылық басқармасы» ЖШС жеңіп алады. Ал осы «СВА» құрылысы мен бұрынғы ОҚО «Әкімі аппараты шаруашылық басқармасы» ЖШС тапсырыстарын қосалқы мердігер ретінде «Саят-Жан» ЖШС жүргізеді. Ол кезде ОҚО «Әкімі аппараты шаруашылық басқармасы» ЖШС директоры Ж.Байғонов болған көрінеді.

Негізгі кикілжің өзегі осы аталған құрылыстарды Н.Айнабеков өз қаржысына жүргізгенімен, оны қайтара алмауынан басталған. Ол әл-Фараби ауданы прокурорына жазған арызында ОҚО «Әкімі аппараты шаруашылық басқармасы» ЖШС-ның бұрынғы директоры Ж.Байғонов 2010 жылдың маусым-қыркүйек айларында мұны қосалқы мердігер ретінде шақырып алып, «әр аударған қаржының жартысын маған беріп отырасың» деп шарт қойғанын жасырмай жазыпты. Ол қаражаттар ОҚО «Әкімі аппараты шаруашылық басқармасы» ЖШС қажетіне жаратылады-мыс деп алынып отырған. Сөйтіп көрсетілген мерзім аралығында Ж.Байғонов қосалқы мердігер Н.Айнабековтен 9 780 000 теңге ақшаны қолма-қол алып, алғаны жөнінде қолхат жазып берген. Сосын келісілген барлық жұмысты Н.Айнабеков өз қаржысына жасағанымен, кейін бұл ақшаны Ж.Байғонов қайтармаған. Қайтармаған себебі, ол қаражат аталған ОҚО «Әкімі аппараты шаруашылық басқармасы» ЖШС кірісіне алынбастан жаратылып кеткен. Н.Айнабековтің осы арыздарына байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша Шымкент қаласы, әл-Фараби ауданының бұрынғы прокурорына ІІД тергеу бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Н.Дауылбаев жолдаған тексеріс хатында: «29.08.2012 жылы әл-Фараби аудандық прокуратурасы тексеру жүргізіп, нәтижесінде ОҚО «Әкімі аппараты шаруа-шылық басқармасы» ЖШС-ның бұрынғы директоры Ж.Байғоновтың үстінен ҚК-тің 177-бабы, 3-бөлігі «б,г» тармақтары бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуі үшін ОҚО ЭСЖҚД-не жолданған», деп жазады. Сонымен қатар бұл туралы бұрынғы ОҚО әкімі аппаратының «Шаруашылық басқармасы» ЖШС директоры Х.Нышамбаевтың Шымкент қаласы, әл-Фараби ауданы прокурорына, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ОҚО бойынша де-партаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісіне жазған баяндамасында айтылады. Онда: «Сонымен қатар аталған құрылыс жүріп жатқан кезде Ж.Байғонов, өзі басқарып отырған «Шаруашылық басқармасы» ЖШС қажеті үшін деп, кепілдік қолхат беру арқылы Н.Айнабековтен 9 780 000 тең¬ге¬ні қолма-қол алған. Ол осы алған қаражатты ЖШС-ның есеп бөліміне көрсетпей өзінің жеке мақсатына жұмсағаны анықталды», делінген. Бірақ бұл іс одан кейін қысқартылған. Себебі Айнабековтің атынан біреулер Ж.Байғоновқа қояр талабым жоқ, қылмыстық істі өндірістен қысқартуды сұраймын деп хат жазыпты. Ол хатты Айнабеков өзі жазбағанын дәлелдеу үшін қолтаңба сот-сараптамасын тағайындауды сұраған. Ол хат одан соң жоғалып кеткен. Сөйтіп істі қысқарту қаулысы қайтадан бұзылып, қосымша тексеруге жолданған. Бірақ артынша қылмыстық іс қайта тоқтатылады. Одан кейін Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық прокуратурасы бұл қылмыстық істің қаулысын бұзып, қосымша тергеу амалдарын ұйымдастыру үшін бұрынғы ОҚО ІІД ТБ-на жолдайды. Ақыры 2015 жылы 16 қарашада күдікті Ж.Байғонов ұсталып, қамалған. Ал 2016 жылы әл-Фараби аудандық сотының шешімімен күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылған. Сөйтіп Ж.Байғонов 5 жылға сотталып, барлық мемлекеттік марапаттарынан айырылады. Алайда Н.Айнабеков, сотталған Ж.Байғонов мұның өзіне қарсы және қаржыны қымқыру үшін ұйымдастырған заңсыз әрекеттерді бір өзі жасамағанын айтады. Тіпті сыбайластарының да атын атайды. Бірақ қылмыстық іс оларды айналып өтіп жатыр, дейді. Өйткені жоғарыда аталған Х.Нышамбаевтың жазуына қарағанда, Ж.Байғонов басқаруындағы ОҚО әкім аппараты «Шаруашылық басқармасы» ЖШС бас мердігер құқығын құрылыс-монтаж жүргізуге рұқсатнама құжатын¬сыз иелене отырып, «СВА» құрылысын жүргізуді қосалқы мердігер «Саят-Жан» ЖШС-на тапсырған. Мұндай істі ол сыбайластарынсыз жалғыз өзі жүзеге асыра алмайтыны белгілі. Құрылыс жұмыстары 2010 жылы 17 мамырда басталып, «Саят-Жан» ЖШС «Шаруашылық басқармасы» ЖШС-мен түзілген төрт келісімшарт бойынша, «СВА» ғимаратының жоба сметалық құжатына енгізілмеген жұмыстарды екі есе шығынмен орындаған көрінеді. Бірақ ол шығынның орны толтырылмаған секілді. Себебі «осыдан кейін алдауға түскенін білген Н.Айнабеков, әкімшілікке өзінің қаражатымен жүргізген құрылысқа жұмсаған ақшасын қайтарыңдар деп арыз жазады», дейді Х.Нышамбаев. Алайда қанша жерден әрекет қылғанымен, Н.Айнабековтің өз ақшасын қайтарамын деген талабы тасқа соғылған. Бұған қоса ол 2010 жылы ОҚО әкімі аппараты шаруашылық басқармасы ЖШС-да бас маман қызметін атқарған С.Құралбек «Саят-Жан» өзінің сеніміне кіріп, 18 000 000 теңгесін алып, қайтармай қойғанын айтады.

Н.Айнабеков бұл жөнінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментіне арызданған. Арыз бойынша қылмыстық іс ашылып, тексеру кезінде дәлелін тапқан, дейді полковник Н.Дауылбаев жоғарыдағы хатын¬да. Ол іс бойынша сол жылдары тергеуші А.Жолымбекова тергеу амалдарын жүргізген. Бірақ бұл істің де бұрмаланғаны жөнінде Н.Айнабеков ашынып арыз жазған. Содан Жолымбекованың үстінен жазған арызына байланысты оқиға тіптен өршіп кеткен. Талай адамның атын атап, түсін түстеп көрсеткен. Осыдан кейін Н.Айнабеков қамауға алынған. Арызында ол қамауда жатқанда бұрынғы ІІД тергеу басқармасының бөлім бастығы және сол кездегі тергеушілердің күш қолданғандығын келтіреді. Н.Айнабековтің айтуынша, осыдан соң оның қан қысымы көтеріліп, денесінің сол жақ бөлігі жансызданып қалған. Содан жедел жәрдемнен Шымкент қаласының кардиоорталығына жеткізілген. Сөйтіп ақыр аяғында оқиға шиеленісе келе, 2017 жылғы 14 ақпан күнгі сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысында айтылғандай, жоғарыдай келеңсіздіктерге шыдай алмағандықтан, яғни «әділдік орнамаған соң, мені олар өлімге итермелегендіктен, прокуратураның алдына барып, үстіме бензин құйып өзімді өртедім», дейді ол.

Әрине біз том-том болып жазылған қылмыстық істердегі оқиғаның бәрін тізе алмадық. Бірақ ол істер қайтадан сарапталса, көп мән-жай белгілі болмақ. Жәбірленуші Н.Айнабеков те осы айтылған мәселелердің бәрі қайтадан қаралса екен дейді. Облыстық, қалалық құқық қор¬ғау органдарына жазған арыздары жіті тексерілмей немесе бұрмалауға түсіп отыр деп есептейді. Оның арызы 15 қылмыстық істі қамтиды екен. Бірақ сол істердегі кез келген жайды Айнабековтің өзі жіліктеп айтып бере алады. Тек тыңдар құлақ болса дейді. Сондықтан құқық қорғау органдарына жазған арыздарындағы көрсетілген уәждер негізге алынып, аталған қылмыстық істер бойынша қылмысқа қатысты лауазымды тұлғалар мен құқық қорғау қызметкерлеріне тиісті заңды шара қолданылса деп сұрайды.

Рs: Осы мақала бетке қапталып жатқанда, Н. Айнабековтен хат келді. Онда ол 22.12.2018 жылы Шымкент қалалық прокуратурасының басқарма басшысы Ә.Үсеновтің, мұның барлық арыз-шағымында көрсетілген қылмыстық істер Бас прокурордың қадағалауына алынғандықтан, енді істің қарауы Бас прокуратураның бөлім басшысы Ж.Мыңбаевқа жіберу үшін даярланып жатқанын телефон арқылы айтқанын жеткізді. Н.Айнабеков бұл әрекеттен үлкен үміт күтіп отырғанын айтады.

Абдулмахмут ПОШАТАЙ,
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»