Астанада 16 ақпанда жер туралы заң жобасы қоғамдық талқылауға түсті. Талқылауға ауыл шаруашылығы министрлігініңөкілдері, мәжілістің комитетінің депутаттары мен қоғам белсенділері қатысты. Талқылауды белсенді Мұхтар Тайжанның төрағалығымен жүргізілді.

Негізгі баяндаманы жасаған Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, заң жобасында жерді шетелдіктерге жалға беретін бір де бір норма қарастырылмаған. «Құрамында шетелдіктердің қандай да бір үлесі бар қазақстандық компаниялар мен ұйымдарға ауыл шаруашылығы жері жалға берілмейді» деді ол.

Ал Мәжіліс депутаты Берік Оспанов «парламент жер туралы заңды бір жақты түрде қабылдап тастады» деген әңгіме туындамасын деп жер мәселесі қоғамдық талқылауға тағы да шығарылғанын айтты.

Парламент мәжілісі былтыр қарашада "Қазақстан Республикасының жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдаған. Соған қарамай қоғам белсенділеріне жер мәселесіне қатысты тағы да пікір айтуға мүмкіндік берілді. Төменде осы жиында айтылған кейбір пікірлерді топтап ұсынып отырмыз.

Рысбек Сәрсенбай, қоғам қайраткері:

«Мен бұл заңнан ешқандай пайда да, зиян да көріп тұрған жоқпын. Өйткені бұл заң уақытша, мына мораторий туралы заң бар ғой, соны күшіне енгізу. Сонщықтан менің оған көңілім толмайды. Екіншіден, мораторийден кейін жер сатылмасын деген мәселе. Мораторийден кейін емес, оған дейін де, бүгін де, ешқашан сатылмауы керек. Шетелге де жалға берілмеуі керек. Дүниежүзіндегі жалы күдірейген Қытай секілді держава Қазақстан сияқты қуаты шамалы мемлекеттің айтқанымен жүрмейді. Керісінше, біз Қытайдың айтқанымен жүретін бағытқа кетіп бара жатқан сияқтымыз. Ләйім, мен жаңылайын, бірақ осындай қауіп бар. Балқашқа дейінгі аралық біздің жеріміз дегенді ашық дәріптейтін Қытай елі сынық сүйем жерін өзгеге бұйыртпайды. Әлжуаз көршіге қия салатындай өз жерін көпсініп жатса, Қазақстаннан миллион гектар жерді жалға сұрар ма еді?! Әрине, жоқ! Біз жерімізді жоғалтудың басы осы Қытаймен шекара бөлген кезден басталды деп есептеймін.

Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктердің қолына түсуден 2021 жылға дейін сақтап қалуға мүмкіндік туды. Бірақ халықтың "жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін" деген талабы түбегейлі іске асқан жоқ. Бүгінгі қоғамдық талқылауда жер комиссиясының шешімдері бойынша дайындалған жер заңы туралы пікір білдіру мүлдем жеткіліксіз. Дүйім жұрттың бізден күтіп отырғаны ол ғана емес. Біз бүгінгі талқылауда президент жариялаған мораторий 5 жылдық мерзімге жете ме, жетпей ме, одан кейін жер тағдыры қандай заңмен шешіледі деген мәселені қозғауға тиіспіз.

Жер мәселесінде дұрыс саясат керек. Заңның бәрі саясаттан жасалады. Саясаттың желі қалай тұрады, заң солай жасалады. Президенттің қас-қабағы қалай, заң солай жасалады. Рас қой, жоқ әлде мен дұрыс айтпай отырмын ба? Сондықтан бүгінгі жиында біз заңның баптарын талқылауға келген жоқпыз, ол үшін тек сарапшылар немесе комитет жиналады. Біз қоғамдық пікір айту үшін, халықтың жер мәселесіне көзқарасы қандай екенін айтуға келдік. Биліктің назарын жұрттың пікіріне аударуға келдік… Қытайдың үрейін кейбіреуілер бос сөз дейді. Менің айтарым, бұл бос сөз емес. Мына заң да, шатақ осыдан шықты. Анығын айтқанда Қытайдан шықты. Президент қытайлар бір миллион гектар жер сұрап жатыр деді ғой. Біз сол кезден, 2009 жылдардан бастап алаңдадық. Мұның ақыр соңы митингіге ұласты. Мұның бәрі саясат, саясатқа қарап жасалған заң ешқашанда оңбайды. Қытай туралы айтпай кете алмаймыз. Жер шекарасы бекітілді, бұл өте қажет. Бұл президенттің тыңдырған үлкен шаруасы. Бірақ оның ішінде де біз есемізді жіберіп алдық. Қытайға бірталай жер кетті. Мен өзім Райымбек ауданының тумасымын, ол өңірді жақсы білемін. Сонда Сарытау деген тау бар. Қарағайы жайқалған, өзен-бұлағы сарқырап ағып жатқан. Сол сызықтың ар жағында қалды. Қытайға қарап кетті. Ал біздің басшылар дүдәмал жерлердің басым бөлігі біздің пайдамызға шешілді деп айтады. Ол өтірік, жалған. Біз айырылдық ол жерлерден. Сондықтан осындай нәрселерге жол бермес үшін, жерімізден айырып қалмас үшін, тек қана ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлерді ғана емес, тұтас жер мәселесін қарау керек».

Дос Көшім, саясаттанушы:

«Мораторий не үшін жарияланды? Мораторий заңды өзгертуге, қабылдауға жарияланған жоқ, заңды қолдануға жарияланды. Сонда біз бес жылдың ішінде нені күтіп отырмыз. Бізге не бөгет болып отыр? Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мүмкіндік берілді екен, неге біз сонда мораторий жариялаған баптардың бәрін өзгертпейміз? 5 жыл бойы құр отырып, бес жыл біткеннен кейін өзгертеміз дейміз бе?! Бұл сұрақ менің ойымша ең маңызды мәселе. Егер заңды өзгерту туралы мәселе туындап отырса, неге бес жыл бойы күтуіміз керек? Осы мәселе мен үшін түсініксіз.

Біздің заңымыз Қытайдың иероглифтері сияқты. Заңымызды түсіндіру үшін тағы бес институт, 500 заңгер керек. Кез келген заңды қарап шықсаңыз, "егер Қазақстанның басқа заңдарында көзделмесе" деген сыңайда жазылған сөйлемдерді кезіктіруге болады. Сонда біз оның көзделген-көзделмегенін білу үшін үш жүз заңды қарап шығуымыз керек пе? Заң нақты болуы керек. АҚШ Конституциясын қарап көріңіздерші. Әрбір мәселе нақты. Кез келген шопыр, кез келген шопан заңды оқып, дұрыс-бұрыс дей алады. Ал біздің заңымыз шимай-шимай бір бәле. Мүмкін, кеңес өкіметінен қалған дүние шығар, кім білсін. Біз енді мұны өзгертейік. Екі-ақ нәрсе ғой жазылатын: жер ешкімге сатылмайды. Ауыл шаруашылық жері дегенді қосып қойыңдар. Екіншісі, жер шетелдік компанияларға берілмейді. Болды осымен, сосын осы екі норманы халыққа көрсетіңдер.

Заң толық болу керек, толық баға берілу керек. Жаңағы халықтың көтеріліп, көшеге шыққан екі негізгі мәселесі шешілмей тұрған уақытта бұл заңға мен баға бере алмаймын. Барлық денесі бар, басы жоқ, жүрегі мен жаны жоқ.

Мұхтар Тайжан, жер комиссиясының құқықтық тобының жетекшісі:

Біздің заң жобамызда шетелдіктерге жалға беру немесе жерді сату туралы бірде бір сөз жоқ.

Меніңше, кейбіреулер заңды әдейі бұрмалап, халықты шатастырып жүр. Олардың артында кім тұрғанын білмеймін, мұны анықтау керек. Өйткені бірнеше ай бойы кәдімгідей арандату жүріп жатыр.

Жердің жеті түрі бар. Ұлттық қауіпсіздігіміз үшін ең маңыздысы ұлан-ғайыр созылған ауыл шаруашылығына арналған жерлер. Ал мәселен, мына біз тұрған ғимарат он, жиырма сотық жер. Біреудің жекеменшігі. Мұның ұлттық қауіпсіздігімізге ешқандай зияны жоқ. Ал елу мың гектар, жүз мың гектар болса, әрине әсер етеді. Қазір миллион гектарға дейін ауыл шаруашылығына арналған жерлер бар. Бұл жерді ешкім сата алмайды, шетелдіктерге жалға бере алмайды, 2022 жылға дейін. Ал әрі қарай не болатыны өзімізге байланысты. Бірақ амандық болса, мен бар, халық бар жерді ешқашан сатқызбаймыз. Қазақстандықтарға қорқып қажеті жоқ, өйткені жерді жалға беретін немесе сататын нормалар заң жобасында жоқ. Оған мен жүз пайыз кепілдік беремін».