Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Қазақстан аруы – 2012» байқауы болып өткені белгілі. Еліміздің Астана, Алматы қалаларынан және барлық облыстарынан 25 ару қатысқан бұл байқау жеңімпазы болып шымкенттік ару Жазира Нұрымбетова танылды.

Ж.Нұрымбетова бүгінде бухгалтер болып қызмет атқарады, қаладағы жоғары оқу орын­дарының бірінің студенті. Жасы – 21-де. Өзінің айтуынша, ол спортпен шұғылданады, жүзу, көркем гим­настиканы ұнатады екен. Болашақта өзін модель бизнесінде сынап көрмек.

«Байқауға қазылық еткендердің таңдауы мен үшін күтпеген оқиға болды, – деді Жазира өзіне журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға орай. – Астанада өтіп жатқандықтан мен «Қа­зақстан аруы – 2012» тәжі астаналық аруға бұйырады деп ойлаған едім. Аты-жөнім аталғанда өз құлағыма өзім сенбедім. Жалпы, байқауға қатысқандардың барлығы да «Қа­зақстан аруы» атануға лайықты жандар».

Бір өкініштісі, осы байқау төңірегінде дау туды. Кейбіреулер оның әділ өтпегенін ай­тып шулап жатыр. Ғаламторда осы тұрғыда зәрін төге айтылған мынадай жағымсыз пікірлер бар:

«Жюриде тек шымкенттіктер отырған ба? Жюри мүшелері соқыр ма, немене?!», «Ол қыз ару атануға лайық емес. Оңтүстіктің адамдары бәрін сатып алатыны бұрыннан да белгілі», «Қазақстан аруына» тартпайды. Шымкентте от жағушылық жұмысты да мың долларға сатып ала береді. Бақыт Сыздықова дұрыс айтады: бұл қыз «Әлем аруы» байқауына жібермеу керек. Барса, еліміздің масқарасын­ шығарады», «Ол бір байдың тоқалы немесе қызы болуы мүмкін. Шымкенттен болса, ақшаның күшімен ару атанып отыр. Ол жақтағылар ақшасыз ештеңе жасай алмайды. Тіпті еден жуушылық жұмыстарды да сатып алады».

Ғаламторда «Қазақстан аруы – 2012» байқауына байланысты жарияланған материалдар­ға орай осындай жағымсыз сөздер айтылып жатыр. Байқаудың әділ өткенін, Жазира Нұрымбетованың «Қазақстан аруы» атағына әбден лайық екенін айтып, жұртты сабырға шақырып жатқандар да көп.

Біздің де айтарымыз осы. Ал «Қазақстан аруы – 2012» байқауының жеңімпазы, жерлесіміз Жазира Нұрымбетова енді алдағы жылдың қыркүйек айында Индонезияның Бали қаласында өтетін «Әлем аруы – 2013» байқауына қатысатын болады.

Р. Қыдыр

«Замана» газеті