Жақында Алматының қаласының Тастақ мешітінде мынадай бір сұмдық оқиға болды. Қас қарайып, ымырт түскен шақ еді. Қалыңдықтың ақ көйлегін киген бір жас қыз мешітке жүгіріп кіріп: «Иман қайда?» - дейді ентігін баса алмай. Көзінде үрей бар. Абдырап тұр. Қол-аяғы дір-дір етеді. Жұрт жөн сұраса келе, оның өз тойынан өзі қашып шыққанын білді. Өз қызығынан, қуанышынан безердей басына не күн туды дерсіз? Сөйтсе, бар гәп мынада екен: тойда бет ашар жасап, ата-енесіне, күйеу жігіттің туыстарына сәлем салдырмақ болыпты. Қалыңдық үзілді-кесілді бас тартқан. «Сәлем салу шариғатқа қайшы ма, жоқ па?» - деген сұраққа дереу жауап табу үшін, тойдан тұра қашып, мешітке келген беті екен, бұл. Дәстүрден аттамай, тойға қайтуын өтінгендерге: «Мен тек қана имамның аузынан естуге тиіспін», - деп илікпеген. Қалыңдықтың «сәлем салу шариғатқа қайшы, Алладан басқа ешкімнің алдында бас июге болмайды» деген деген уахаби уағызбен санасының әбден уланғанын имамдар дөп басып таныған еді. «Қазақта келіннің сәлем салатын әдемі дәстүр бар. Мәселе ниетте. Ата-анасына, ақсақалдарға, жасы үлкендерге ізет, ілтипат, құрмет көрсету мақсатымен иіледі. Құдай ретінде табынбайды», - деп түсіндірді де. Бірақ, тым кеш еді. Ата-енесін, әке-шешесін ел жұрттың алдында жерге қаратқанға кім төзсін? Жас отбасының жаңа көтерілген шаңырағы ойран болды. Екі жас ажырасып тынды.

Отбасы ішіндегі бітіспес соғыс

Бұл - уахабизм лаңының қарапайым ғана көрінісі. Былтыр Астана, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Тараздағы атыс-шабыс, жарылыстар қоғамда үлкен дүрбелең тудырғаны есте. Қазір елімізде уахабилердің саны күн санап артып келеді. Бұған көз жеткізу үшін жұма намазы кезінде мешіттерге бас сұқсаңыз, жетіп жатыр. Мәселен, Қазақстан мешіттеріндегі барлық құлшылық амалдары Ханафи мәсхабының аясында өтеді. Сондықтан, еліміздегі барлық мешіттерде имамдар парыз намаздары кезінде Фатиха сүресі оқылғаннан кейін «Әмин» деген сөзді іштен айтуға шақырады. Тіпті, бұл ескерту барлық мешіттердің кіре беріс есіктерінде ілулі тұр. Бірақ, уахабилер оны құлаққа ілмейді. Қасақана «Әмин» деген сөзді ұдайы дауыстап айтады. Олардың көптігі соншалықты мешіт іші жаңғырығып, күңіреніп кетеді. Шыдамы таусылған кейбір имамдардың: «Ескерткен едік қой, бұл қайсың?» - деп намазды тоқтатуға мәжбүр болғаны да бар. Жұма намазы алдында айтылатын уағыз арқылы ҚМДБ уахабилерді райынан қайтуға жиі шақыратын жағдайға жетті. Еліміздегі уахабилік ағымды ұстанушылар кез келген мәселе бойынша өз имамдарымыздан емес, Сауд Арабиясының шейхтарынан пәтуа сұрайды. Ал Сауд Арабиясы уахабилік ағымның отаны екені мәлім. Олар үшін Сауд Арабиясының шейхтерінің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс.

Уахабилердің өте қауіпті ұстанымы бар. Баласы, қызы, өзі намаз оқығанымен, ал ата-анасы, аға- жеңгесі намаз оқымайды делік. Оларды кәпір деп есептейді. Кәпірлерге қалай қараса, өз туыстарына да солай қарайды. Яғни, жауды алыстан іздемейді. Отбасы ішінде бітіспейтін соғыс. Уахабилер парыздардың біреуін орындамаған адамды да «кәпір» деп таниды. Кәпірдің малын тартып алуға да, өлтіруге де, тіпті, «кәпір» қыз-келіншектермен зина жасай беруге «рұқсат». Исламдағы басты төрт мәсхабты да мойындамайды. Ханифа мәсхабын ұстанатын мұсылмандарды мүшріктерге жатқызады.

Олар «дінімізді пайғамбарымыздың заманындағыдай таза ұстаймыз» дейді. Ниеттерін түсінуге болар, бірақ пайғамбардың заманымен қазіргі заманды салыстыруға мүлде болмайды. Ғылыми-техникалық жаңалықтарға үрке қарайды. Сөйте тұра, ұшаққа отырады, қымбат көлікпен жүреді. Радио теледидарды тыңдайды, көреді. Уахабилер ұлттың бүкіл болмысын, табиғатын, дәстүрін мойындамайды.

VII-ғасырда қайтып оралғысы келеді немесе сол дәуірдің көзқарасымен қарағысы келеді. Кертартпалық сипаты басым. Барлық нәрсеге догмамен қарайды. Бұларды фундаменталист деп аталуы осыдан. Сауд Арабиясында оқып келген жастарға бас қосу үшін оларға жасырын пәтер жалдап береді. Жаңа келгендердің санасын уахабизммен улайды. Діни сауаты жоқ жастар таза дін осы екен деп ойлап, ағымның артынан ереді. Соңында зомбиге айналады. Уахабизмнің серкелерінің тірі бомбасына айналады. «Өлім қас қағым сәтте келеді. Бірнеше секунд шыдасаң, бірден жұмаққа барасың» деп азғырады. Кәпірлер елінде барлық зұлымдықты істей беруге болады, ешқандай аяушылық болмасын деп ұран тастайды. Уахабизмде жарылыс жасап өлсең, шахидсің, жазалансаң о дүниеде сауап аласың деген түсінік кең таралған. Уағызын жасырын жүргізеді, ішкі сырын жасырады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Қолымен де, тілімен де ешкімге зияны тимеген адам – мұсылман» деген хадис арқылы мұсылманның анықтамасына уахабшылар назар аудармайды да?

Былтырғы еліміздің әр тұсындағы жарылыстан кейін Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасын кінәлағандар көп болды. Бірақ қоғамдық ұйым ретінде тіркелген ҚМДБ-ның құзыры шектеулі екеніне ешкім мән бермеді. Жалпы, еліміздегі мешіттерге мемлекет тарапынан ешқандай қолдау жоқ. Әсіресе, ауыл мешіттеріндегі имамдар хәлі мүшкіл деуге де болады.

Уахабизм қалай тарады?

Қазақ жерінде уахабилер жаңбырдан кейінгі саңырау құлақтай бірден қаптап кеткен жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейін, діни танымның таяздығынан, көптеген бауырларымыз шынайы ислам Мекке мен Мәдинеде екен деп уахабизмнің отаны Сауд Арабиясына діни оқуға бара бастады. Қазақстанда уахабизмнің кең таралуына ат салысқан адамның бірі ретінде Түркиядан келген, марқұм Халифа Алтайды атап жүр. Халифа Алтай қайтыс болғаннан кейін оның шәкірттері мен ізбасарлары уахабизмнің уағызшысы болды. Олардың ішінде бұрынғы депутат, айтыскер ақындар мен әнші күйшілер де бар. Бүгінде «Халифа Алтай» қоры уахабилік ағымның жаршысы болып отыр.

Жиырма жыл ішінде уахаби-сәләфилік ағымның ошақтары пайда болып, осы уақытқа дейін еркін жұмыс істеп келді. Мәселен, Шымкенттегі қазақ- араб университеті, Алматыда Айнабұлақ ықшам ауданында ашылған Таиба медіресесі осыған дәлел. Оның түлектері астыртын курс ашып, өз қараларын молайтумен шұғылданды. Бес-алты жыл бұрын бұл медіресенің қызметіне тыйым салынды. Әйтсе де, уахабилердің Қазақстанда дендеп еніп, тамырын терең жаюына көп үлес қосып үлгерген еді. Кіші қажылыққа барып, сонда қалып қойған жастар көп. Оларды Сауд Арабиясы медіреселерде тегін оқытады. Жатын орны, тамағы тегін. Және шәкіртақы алады.

Алматыда Сауд Арабиясының мәдени орталығы жұмыс істеп тұр. Онда араб тілін үйрететін ұстаздары бар. Діни сауатты ашамыз деп уахабизмді насихатаумен келеді. Олар Қазақстандағы уахабизмнің ұясы болып отыр. Онда Әбду Самат деген Сомалидің азаматы жұмыс істейді. Қазақстандағы бүкіл уахабилер бәтуаны содан алады. Олар мұндай ғұлама жоқ деп тамсанады. Бұған тосқауыл қоюға тиісті орындар қауқарсыз.

Уахабизм (уахабилік-сәләфилік) ағымның тарихына аз кем тоқтала кетсек, ол 18 ғ. Аравия түбегінде пайда болған. Исламның сунниттік бағытындағы ағым. Негізін салушы Муххамед ибн Абд әл-Уәххаб. Сәләфилік һижраның IV ғ. пайда болған; Ханбали мазхабына жататын бұлар барлық көзқарастары мен түсініктері «сәләф» түсінігін дүниеге келтірген. Бұл түсініктен басқа көзқарастардың барлығына қарсы шыққан Имам Ахмед бин Ханбалға негізделетіндігін айтқан. Сәләфилік бұдан кейін біраз уақыт көрінбей хижри VII ғ-да екінші рет тарих сахнасына шықты. Бұл жолы Сәләфилікті қайта қолға алған Шейхул Ислам ибн Таймия халықты осы жолға шақырып, керекті деген кейбір мәселелерге толықтырулар енгізген. Бұл көзқарастар һижраның XII ғ-да араб түбегінде қайта жанданды. Бұл сенімді қайта тірілткен Мұхаммед бин Абдул Уаһаб еді.

Ол әкесімен де жұлдызы қарсы болған адам. Әлемді аралап шығып, салт дәстүрлер дінімізге қайшы, исламды тазалау керек деген қорытынды жасайды. Арабтардың басын біріктіріп, Осман империясына қарсы шығуды көздейді. Ел монархы оған қолдау көрсетеді. Әкімшілік билік Сауд әулетінде, дін жағы Уаххабқа тиесілі болады деп екеуара келісім жасайды. Олар ағылшындармен астыртын байланыста болған.

Жарылыс жасап, өз өмірлерін қиып жатқан уахабшылардың әскери қанаты арнайы дайындақтан өтеді. Сауд Арабиясы мұншама қаржыны бекер желге ұшырып жатқан жоқ. «Алмақтың да салмағы бар». Оның артында белгілі бір мақсат тұр. Елді жаппай уахаби ету, қарсылық көрсеткен елдің жарылыс жасап, қарулы шабуыл жасап, тұрақтылығын шайқау. Айталық, өткен ғасырдың 90-жылдарының басында уахабшылардың бүлігінен Тәжікстанда азамат соғысы басталды. Уахабизмді қолдайтын ғуламалар: «Біз 1975 жылдан бері осы көтерілістің болуына әрекет жасадық» деген сөзді айтып қалды. Бұған қарағанда Кеңес Одағы кезінде-ақ уахабизм Орта Азияға келе бастаған секілді. Неджд и Хиджаз мемлекеттері құрылғанда Кеңес өкіметі қатты қолдау білдірді. Демек, уахабизмнің дәні Орта Азия топырағына сол Кеңес дәуірінде түскен деп топшылаушылар да бар.

Қазір Таяу Шығыста Сауд Арабиясы, АҚШ және Израиль үштік одағы пайда болды. Ислам әлеміндегі жағдайға осы үш елдің ықпалы күшті. Кейбір деректерге қарағанда, американдықтар және ағылшындармен кездесу кезінде Сауд королі: «Сендер Исламды күшпен жеңе алмайсыңдар, мен оны іштен ірітемін», - деген көрінеді. Израильге қарсы ел Иракты тас талқан етті. Ауғанстандағы Талибан қозғалысы осы Сауд Арабиясының ықпалынан пайда ұйым. Иранға қысым жасаушы басты үш ел осылар. Ислам әлеміндегі барлық бүлікке Сауд Арабиясы мен уахабизмнің тікелей немесе жанама ықпалы бар. Шешенстандағы қырғын кезінде де олардың ықпалы күшті болды. Алдымен уахабистік эмиссарлар келді. Ақшаны үйіп төкті. Ресейдегі жарылыстарды ұйымдасқан шешен сепаратистерінің артында уахабилер тұрды. Кейбір сарапшылар Сауд Арабиясының арнайы қызметін АҚШ-тың құпия қызметтерінің бөлімшесі ретінде қарастырып жүр.

Бұлармен қалай күресуге болады? Бір ғана жол елімізде ханафи мәсхабының кең таралуына қолдау, адамдардың діни сауатын арттыру. Мәселен, Сауд Арабиясы діні орнықты Иранға, Түркияға ештеңе істей алмайды.

Үш басты айдаһар

Елімізде уахабизмнің негізгі үш бағыты бар. Бұл үшеуінің де мақсаты бір. Бірақ олардың сол мақсатқа жетудің әдістері әртүрлі. Мәселен, тәкпіршілік немесе хижратшылық бағытындағылар өз тобына кірмегендердің бәрін кәпір санайды. Бұлар тек қана Аллаһтың заңына ғана бағынады. Адамның шығарған заңдарын сайтанның сандырағы деп біледі. Олар үшін Президенттің жарлықтары, парламенттің шығарған заңдарына бағыну ширк болып табылады. Яғни, билікке қарсы күресті, Алла жолындағы күрес деп біледі.

Екіншісі - матхали деген діни тобы. Олар да уахабиліктің ішіндегі хижратшылықтан кейін қатаңдау принциптермен өмір сүретін топ болып есептелінеді. Олар саяси билік үшін ашық күреспегенімен, қоғамдағы кейбір құндылықтарды ширк, харам деп таниды. Мәселен, музыканы, салт дәстүрлерді харам, бидға деп атайды.

Үшінші тобы, тақияшылар. Олар өздерін «ұстамды салафитпіз» деп атап жүр. Тарихта шиғалардың ішінде ғулат топтар болған. Олар өздерінің мақсаттарына жеткенге дейін шынайы ниеттерін жасырады. Тақияшылардың да мақсаттары хижратшы, матхалилермен бірдей. Бірақ, мақсатқа жету жолы, тактикасы басқа. Ешкіммен қақтығысқа бармайды. Өздерінің қарасын көбейтіп, билікті қолға алғанша, шынайы бейнесін жасырып жүре береді.

Тәкпіршілердің дені - Сауд Арабиясы мен Мысырда оқып келгендер. Сайрайтын «бұлбұлдары» Ділмұрат, Насратулла деген жігіттер. 100-ден аса сайттары бар. Матхалилер - догматиктер. Олардың өзгелердің айырмашылығы саяси орта жасауға немесе өзгелерді «кәпір» деп есептемейді. Бірақ дінді фундаменталистік тұрғыдан ұстануды қолдайды.

Сауд Арабиясының миллиардтары

Сауд Арабиясы уахабилік ағымды әлемге тарату үшін жылына 73 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы таратады. Сақал қойып, шалбарының балағын кесіп тастаған, «діні қатты» жігіттерге осы ақшаның азын-аулақ бөлігі тиеді. Бұған өмірден алынған нақты мысалдар бар. Айталық, бір такси жүргізушісінің әңгімесі бұған нақты дәлел:

  • Түнде жолда бір қыз қол көтеріп тоқтатты. Хиджаб тағынған қазақ қызы екен. Мәшинеге міне сала, басындағы орамалын шешіп, орындыққа лақтыра салды. «Айналайын-ау, оның не?» -деп сұрадым. «Аға, мен көшеде осылай жүруім керек. Сол үшін маған айына алпыс мың теңге төлейді, - деп жауап берді. Әрине, хиджаб тағып жүргендердің бәрі бірдей кінәлай алмаймыз. Араларында өз жүрек қалауымен дінді ұстанатындары аз емес. Елімізде уахабилердің үш тармағы бар. Олар бірін-бірі мойындамайды.

Соңғы кезде «Асыл арна» телеарнасы уахабизмді дәріптеумен келді. Тікелей қаржыландыруға заң бойынша мүмкіндік болмаған соң, Сауд Арабиясы уахабилікті ұстанатын кәсіпкерлер арқылы бұл телеарнаны қаржыландырып отыр. Осы уақытқа дейін уахабизм ашық дәріптеліп келгенімен, соңғы кездері ҚМДБ оны бақылауға алды. Ақидаға, сенімге қайшы тұстарын кесіп тастап отыр. Бірақ қаржы көздері өзгерген жоқ.

Сауд достарының арқасында уахабизм серкелерінің әлеуметтік тұрғыдан төрт құбыласы түгел. Шетелден келген қаржыға үлде мен бүлдеге оранған. Мәселен, уахаби уағыздары көшеде еркін сатылып жатқан Дарын Мұбаров уахабилердің қармағына іліккен соң, тұрмысы жақсарып шықты. Қазір үш-төрт қалада үйі, бірнеше көлігі, бірнеше әйелі бар. Ол қазір шетелде. Бірақ елімізге уағызын скайп арқылы таратып жүр. Дарын Мұбаров скайп арқылы уағыз айтқан кезде, сол сағатта, сол минутта Қазақстанда 50 мың адам уағыз тыңдайды екен. Қарасы мол жамағатпен мемлекет ашық күресуге бата алмайды. Оның үстіне, Сауд Арабиясы Астананың құрылысына қыруар қаржы бөлді. Бірқатар мемлекеттік органдардың ғимараттары салуға ат салысты.

Түйін

Жиырма жыл көрінген діни ағымға есігімізді айқара ашып тастадық. Қасиетті қазақтың топырағын бастырып, тайраңдатып қойдық. Халықаралық қауымдастық алдында авторитаризмді бүркемелеу үшін дінге қатысты заңдарымыз соншалықты либералды болып келді. Оның тақсіретін енді тартып отырмыз. Мемлекеттік күштік органдарға қарулы шабуыл жасау арқылы мемлекеттің өзіне тікелей қауіп төндіре бастады. Қазіргі дін туралы заңды қатайттық. Әйтсе де, бұл «қойымызды алдыртып, қорамызды жабқанмен» тең нәрсе.

АҚШ-тың Орталық барлау басқармасы бұдан 8 жыл бұрын: «Егер Қазақстан демократиялық жолға түспесе, болашағы қиын болады. Әлеуметтік ахуалдың нашарлап, елде діни экстремистік топтар белең алады», - деп болжам жасаған болатын. Енді осы болжамның шындыққа айналғанын көзіміз көріп отыр.

Тағы бір айта кететін жайт, саяси партиялардың мүшелерінен қарағанда әртүрлі діни жамағаттардың саны әлдеқайда арта түскені бүгінгі күннің шындығы. Сондықтан билік тізгінін ұстаған кейбір тұлғалар қарасы күн сайын көбейіп бара жатқан жамағаттарға қолдау білдіріп, болашақ жақтастарын іздеуді бастады. Бұл жағдай еліміздегі онсыз да күрделі діни ахуалды ушықтыра түсіп отыр.

Шадияр Өстемірұлы

«Жаңаөзен.нет» сайты