Бұл хат редакция поштасына келіп түсті. Кәсіпкердің жанайқайы жоғары жаққа жетсе екен деген ниетпен хатты сайтымызға жариялап отырмыз.

Құрметті ел ағалары!

Мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі жанындағы асханада жұмыс істеймін. Өзім 4 балалы жесір әйелмін. Жаздың жаймашуақ бір күні Қожа Ахмет Ясауи кесенесі кешенінің басшысы Мәулен Садықбеков (суретте) өзіне шақырды. Бір емес, бірнеше рет шақырды.

Бардым. Жағдай сұрап болған соң, «әпке маған ай сайын 1 500 000 (бір жарым миллион) беріп тұрасыз, олай болмаса, асхананы басқа біреуге жалға беремін. Сол тауып беріп тұрады» деді. Мен «тауып бере алмаймын, ондай ақша қайдан келсін, азырақ айтыңыз» деп едім, көнбеді. Қазір асханамызда жарық жоқ, жарық есептегішімді өшіріп тастаған. 2 ай бойы мотор қосып жұмыс істеп жатырмыз. Күніне 2 мың теңгеге бензин құямын, оған жалғыз 1 тоңазытқышты қосамыз. Менің асханамнан кесененің жұмысшылары да тамақтанады. Олар не ішіп жесе де барлығы 150 теңге ғана. Жаз бойы 15 адам тамақтанып тұрды. Қыс мезгілінде 5-6 адам ғана қалады. Мәулен Садықбеков асхананың есігінің алдына тас пен цементті түсірткізіп қойды. Онымен қоймай тасты жұмысшыларға лақтыртып есіктің алдына үйіп тастады. Кіріп-шыға алмай қалдық. Қыздарымызбен жабылып жүріп есік алдын, зорға аршып алдық. Кесененің дәу машинасы бар. Оны да есігімізге әкеліп тіреп қойды. Сонда Елбасымыздың шағын кәсіпкерлерді қолдаңдар деген саясатына кесене басшысы, жергілікті әкімшілік пысқырмайтын болғаны ма? Ай сайын ақша бермедің деп көрсетпеген қорлығы қалмады. Ал мен болсам заңды түрде салығымды төлеп, 15 жанұяны жұмыспен қамтамасыз етіп отыр едім. Мемлекетке салық төлемей, жемқор басшыға пара беруім керек пе!? Олай істегім келмейді! Күн сайын жағдайым ауырлап барады. Тоңазытқышта тұрған 70 келі ет, 5 келі сары май, 100 литр қымыз бен 150 литр қымыран сасып кетті. Себебі, бізде 28 шілдеден бері жарық жоқ. Біздің жанайқаймызға назар аударып, жәрдем ететін ел ағалары табылар ма екен?!

Есенкүл Махамбетова, жеке кәсіпкер, Түркістан қаласы.

Намыс.кз