Атының өзі атты адамды алып ұратын ВИЧ (Ағзаның иммундық тапшылығы) дерті Оңтүстік Қазақстан облысының халқын дірілдетіп тұрғанына жеті-сегіз жыл толды. Алғашында осы дертті бүркемелемек болған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметінен кетті. Артынша, осы қылмыстың салқыны облыс әкіміне де тиді. Бұл мәселеге баса назар аударған мемлекет басшысы аурудың таралу себебін және оған жол берген дәрігерлердің қатаң сұралуын талап еткен. Артынша, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бірер басшысы мен бір топ дәрігер істі болды.

Сотталушылар ВИЧ ауруының аймаққа қайдан «айттап» келіп қалғанын дөп басып айта алмай, әңгімені сан-саққа жүгірткен. Ақырында аты жаман дертті «қан арқылы жұқтырған» деген ақпар таратылды. Індет жайлаған 2005-2006 жылдардың салқыны әлі де қайтқан жоқ. Бүгіндері облыста ВИЧ індетін жұқтырғандар тізімінде 232 бала тұр. Соның 178-і аты жаман дертті ауруханаларда жұқтырғаның денсаулық сақтау басқармасы да жоққа шығармайды.Осы үрей сейілмей тұрған алма-ғайып кезеңде ВИЧ жұқтырған он жасар қыз анықталды. Бұл дерттің өзі үш сатыны қамтиды. Сараптама қорытындысы дерт жұқтырған қыздың екінші клиникалық сатыда екенін көрсеткен. Демек, ауру асқына түскен. Тосыннан айтылған «ескертуден» соң қыздың анасы есінен ауысып қала жаздаған. Сап-сау перзентінің аты жаман дертпен сырқаттанаты қай ата-ананы болсын қынжылтатыны сөзсіз. Осы қыз жыл сайын балалар демалыс үйіне барып, ем қабылдап тұрады екен. Алдыңғы қабылдауларда одан неге қан алып тексерілмегені түсініксіз. Бұл жолы одан сынақ үшін қан алынған. Міне, сонда ВИЧ індеті табылған. – Қызымызды арнайы емдеу орнына жібергенбіз. Бір аптадан соң қаралы хабар келді. Дәрігерлер «қызыныздың қаны ұйып қалыпты» деді. Оның қаны неге ұйып қалғаның біз қайдан білейік. Сап-сау бала еді. Сосын қызымнан тағы да қан алып, Алматыға жіберді. Төбемізден жай түскендей болды ғой, – дейді қыздың анасы түнеріп. Өкініштісі сол, Алматы сарапшылары қыздың қанында іріңді індеттің бар екенін растаған. Екінші сатыға дейін бұл дерт неге белгі бермеген? – Өйткені, балалардың денсаулығы және иммундық жүйесі жетілмегендіктен, олардың ағзасы түрлі жағдайда ауытқулы болады. Алғашқында дерт белгілері білінбейді. Сондықтан оның клиникалық сатысы мен вирустық жүктемесіне қарап дертті қай кезде жұқтырғанын айту қиын, – дейді Оңтүстік Қазақстан облысы СПИД-ке қарсы күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Мәшіров. Ал «Балаларды СПИД-тен қорғайық» қоғамдық қорының төрайымы Жанетта Жазықбаева: – Атының өзі қорқынышты осы дертпен тағы қанша бүлдіршіннің сырқаттанатынын кім біліпті. Сондықтан денсаулық сақтау басқармасына тағы да ескертіп отырмыз. Олар жиі ауыра беретін балаларды өте мұқият тексеріп отырулары керек. Егер балалар бойынан беймәлім белгі табылса, шұғыл іске кірісуі керек қой. Сонда ғана балдырғандарды аман сақтап қалуға болады. Жанетта бекер шырылдамайды. Өйткені, жеткіншек бойындағы жаман аурудың кеш анықталған жағдайы тек бүгін ғана емес. Былтырғы күзде де бір баланың осы дертпен ауыратыны белгілі болған. Дәрігерлер оны бес жыл бойы өкпенің қабынуы дерті бойынша емдеп келген. Бірақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары жеткіншектің жаман дертті ауруханада жұқтырғанына сенімсіз. Оларға салса, жеткіншек дертті белгісіз жағдайда жұқтырған. Ал жоғарыдағы он жасар жеткіншектің анасы қызының ВИЧ вирусын 2005-2006 жылдары ауруханада жұқтырғанына себепті жағдайларды алға тартады. Себебі дәл осы уақытта бүлдіршін Сайрамдағы ауруханада қатарынан екі жыл ем қабылдаған екен. Төрт баланың анасы осы күні күйік отына шарпылып, бетін бүркеп, жұртқа тіке қарай алмай отыр. Сонау, 2005 жылдан бері денсаулық сақтау саласының мамандары облыстағы барлық бүлдіршіндерді қадағалаумен келеді. Әйтсе де, кейбір ауылдар тексеруден қалыс қалады екен.

Сабырбек ДӘНІҚҰЛҰЛЫ
Оңтүстік Қазақстан облысы

«Жас қазақ» газеті