Былтыр қазан айында Шымкенттегі балабақшалардың төлемақысы 2 мың теңгеге қымбаттайтын болып, бұған наразы болған ата-аналар шағымданып жүріп төлемақы құнын 1 мың теңгеге арзандатқан еді. Осылайша 6100 теңге төлеп келген ата-ана қазір балабақшаға баратын әрбір баласына 7100 теңгеден төлеп жүр.

Сала мамандары балабақша қызметінің бұлайша қымбаттауын кезінде былай түсіндірген болатын. «Тамақтанудың қазіргі санитарлық нормасы кеңестік дәуірден келе жатыр. Балалардың ас мәзірін өзгерту – заман талабы. Тамақтың сапасы және мөлшері біршама артуы керек. Бұрын мектеп жасына дейінгі әр балаға күніне 100 грамм ет тиесілі болса, бұдан былай бұл 10 грамға көбейеді. Сол сияқты көкөніс пен жеміс-жидек мөлшері де артады». Әрине, бастапқыда көтерілген баға (8 200 теңге) сол күйі қалғанда бәлкім, кеңестік мәзір өзгерер ме еді? Алайда, ата-ана қалтасы ол құнды көтермейтін болды да, баға сәл-пәл төмендетілді. Осыған сай мәзір де сол күйі қалды. Ал қосылған 1 мың теңгені балабақшалардың басшылығы азық-түлік бағасының қымбаттауымен байланыстырды.

Балабақшалар бүгінде ата-ананың ай сайынғы төлемақысына сай балаларды шама-шарқыларынша, әрқайсысы өз жүйесімен тамақтандырып отыр. Бүгінде бұл мәселе биік-биік мінберлерде жиі айтылып жүргені мәлім. Тіпті таяуда Дариға Назарбаева бастаған бірқатар Мәжіліс депутаттары «қымыздың балабақша мен мектептерде ас мәзіріне ену қажеттілігі» туралы бастама көтерді. Мәселен ұрпақ саулығына баса назар аударған Саха елі балабақшада бие сүтін тегін беруді заңмен бекітіп қойған көрінеді. Ал біздің балғындар қымыз былай тұрсын, жеміс-жидектің өзін аптасына екі-ақ рет көреді екен. Ұлттық сусынымыз қымыздың ауылы балаларымыз үшін әлі алыс сияқты. Ал Шымкенттегі арнайы санатқа жататын балабақшалардағы мүгедек балалардың тамақтануы тендерге қарап тұр. Тендердің бәсекелестікті арттыратыны рас. Бірақ балалардың тамақтануын тендердің қалай «шешетіні» Шымкент қалалық білім бөлімінің бас есепшінің сөзінен белгілі болды. Оның айтуынша, кім арзан тамақ ұсынады, тендердің жеңімпазы сол болады екен. Сосын жыл бойы балаларды азықтандыруға мүмкіндік алады. Ал арзанның сорпасы қашан татымды болған еді? Оның үстіне денсаулығы нашар балалар басқа балаларға қарағанда құнарлы тамақ ішу керектігі айтпаса да белгілі. Астың арзан болуын басты шарт етіп алған сала басшылары оның құнарына бас қатырмайтыны осыдан-ақ белгілі болып қалды.

Осынау ереже-талапты көзге шұқығандай етіп көрсетіп беретін, оның сақталуын жіті қадағалап отыратын санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мамандарының да айтар өз уәжі бар. Біздегі балабақшалардың көбісі жекеменшіктің иесінде. Кәсібін енді бастап жатқан кәсіпкердің жұмысына бірден бақылау жасауға рұқсат жоқ екен. Ісін дөңгелетіп алмайынша, СЭС мамандары бақшаның табалдырығын аттай да алмайды. Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау Комитеті ОҚО департаментінің бөлім бастығы Раушан Қасымқұлова: «Бұл аралықта олардың балаларды немен, қалай тамақ­тандырып отырғаны бізге беймәлім. Тек түскен шағымдар бойынша ғана тексеру шараларын жүргізуге құзырлымыз. Жалпы, балабақшалар жылына екі рет, әр 6 ай сайын тексеріліп отырады. Онда да балабақшаларға бір ай бұрын арнайы хат жолдаймыз. Онсыз тексеру жүргізуге құқымыз жоқ. Бұл аралықта балабақша тіпті күрделі жөндеу жүргізіп алам десе өз еркі. Біздің тексеріп баратынымызды сағатына дейін біліп отыратын олар келгенімізше олқылықтарының орнын толтырып, сақадай сай отырады»,–дейді. Заңнамадағы осындай солқылдақ тұстар балабақшалардағы тамақ сапасын жолға қоюға қолбайлау болып отырған жайы бар. Балалардың ағзасы үнемі өсіп, дамып отырады. Ал ол үшін жейтін асы құнарлы болуы керек. Дәрігерлер тамақтану дұрыс ұйымдастырылмаса, ағзада метаболизм, зат алмасу бұзылып, айналадағы ортаның зиянды әсеріне, әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұрарлық қабілеті төмендейтінін әркез айтып жүр. Сондықтан да өскелең ұрпақтың санасы, дене құрылысы қалыпты жағдайда дамуы үшін уақтылы, сапалы тамақтануы керек-ақ. Алайда, күйбең тіршілікпен жүрген ересектер балалардың күн бойы­на қалай тамақтанғанын бақылауға да ала алмаймыз. Бірақ бір анығы, ата-ана перзентін балабақшаға бостан-босқа жібермейді. Бауыр етінің уақтылы тамақтанып, уақтылы демалуы үшін, тәрбиешілер қадағалауында болып, ой-өрісінің, санасының дұрыс жетілуі үшін, жалпы, болашақта толыққанды азамат болып өсуіне жағдай туғызады ғой деген үмітпен жіберері анық. Тек балабақшалар ата-ананың осы сұранысының үдесінен шыға білсе жақсы.

Сіз не дейсіз?

Айжамал Еспенбет, Шымкент қалалық білім беру бөлімінің бас есепшісі: – Бүгінде Шымкент қаласы бойынша тіл мүкістігі бар, БЦС ауруына шалдыққан, көзі әлсіз көретін, ақыл-есі кеміс балалар мен ата-аналары туберкулезге шалдыққан балаларға арналған 7 балабақша бар. Ол жерлердегі тамақтану мәселесі жекеменшік сауда фирмалары арасында тендер өткізілу арқылы шешіледі. Биылғы жылы осындай балабақшалардағы балаларды тамақтандыру мақсатына мемлекет есебінен 90 млн. теңге бөлініп отыр. Қалалық білім беру бөлімі тендерді электронды түрде өткізіп береді. Тендердің талабы белгілі. Баға ұсынысы жағынан қай фирма төмен баға ұсынса, соны жеңімпаз етіп жариялаймыз.

Айнұр ЖҰРМАНОВА, «Сандуғаш» балабақшасының меңгерушісі: – Балалар 3 мезгіл тамақтандырылады. Таңертең ботқа, түстікке міндетті түрде ыстық тамақ пен жеміс шырындарын, бесіндіге сүзбе, қаймақ беріледі. Онымен қоса аптасына екі рет жемістер үлестіреміз. Әрбір балабақша қалалық білім бөлімі берген тамақтану мәзірі калькуляциясына сүйенеді. Ал азық-түліктерді жеткізіп беру үшін жеке фирмалармен жұмыс істейміз. Қай сауда ұйымымен жұмыс істейтінімізді алдымен бекітіп аламыз. Мәселен, нан өнімдерін тасымалдайтын фирма бөлек, сүт өнімдерін жеткізіп беретін фирма бөлек. Осындай 5-6 жекеменшік сауда орындарымен жыл сайын келісімшартқа отырамыз. Әрине, балаларды бұдан да құнарлы етіп тамақтандыруға болады. Мәселен, жемістерді күн сайын, дәруменге бай қаймақ, сүзбелерді молырақ беруге болатын еді. Бірақ азық-түлік құны қымбат қазір. Ата-ананың әрбір балаға беріп отырған 7 мың теңгесі осы мәзірге ғана жетеді.

Раушан Қасымқұлова, МСЭҚ Комитеті ОҚО департаментінің бөлім бастығы: – Балабақшалардағы бұл жағдай сала мамандарының ойынан шығып отырған жоқ. Салыстырмалы түрде соңғы екі жылдағы тексеру шараларының нәтижесін алып қарайық. Мәселен, 2011 жылы 395 балабақша есепте тұрған, оның 383-і тексерумен қамтылып, зертханалық тексеруге тағам құнарлылығына 578 сынама алынған. Микробиологиялық зертханаға 1846 тағам алынып, оның 19-ы санитарлық талаптарға сәйкес келмей шыққан болатын. Тексеру қорытындысы бойынша 129 айыппұл салынып, 94 санитарлық нұсқама берілген, 22 қызметкер жұмыстан шеттетіліп, 1 балабақша қызметі уақытша тоқтатылған еді. Ал 2012 жылы 562 балабақша есепте тұрған болса, оның 562-сі тексерумен қамтылып, зертханалық тексеруге тағам құнарлылығына 709 сынама алынған. Микробиологиялық зертханаға 2688 тағам алынған болса, оның 43-і санитарлық талаптарға сәйкес келмеген. Тексерулер қорытындысы бойынша 326 айыппұл салынып, 139 санитарлық нұсқама берілген, 39 қызметкер жұмыстан шеттетіліп, 6 балабақшаның қызметі уақытша тоқтатылған.

Дәурен Әбдіраманов

Оңтүстік Қазақстан облысы

«Түркістан» газеті