Ресей басшылығы АҚШ тарапының Барак Обама мен Владимир Путиннің алдын ала жоспарланып қойған кездесуін болдырмау жөніндегі шешіміне қайран қалып отырғанын мәлімдеді. Ақ үйдегілер Барак Обаманың Мәскеуде қыркүйек айында болатын Ресей президентімен жеке жүздесуден бас тартқанын, алайда «Үлкен жиырмалықтың» Санкт-Петербургте өтетін саммитіне келетінін осы сәрсенбіде жария еткен еді. Бұл шешім Ресейдің Эдвард Сноуденді өз жерінде паналатқанына жауап ретінде қабылданған. Вашингтон мұны Мәскеу әдейі істеді деп ойлайды.

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков «Америкалық барлау ұйымының бұрынғы қызметкері Сноуденге қатысты түйткіл АҚШ-тың Ресеймен тең дәрежеде қарым-қатынас жасауға әлі де дайын еместігін көрсетеді» деді. Ал бұрынырақ Ақ үйдегілер Ресейдің Сноуденді паналатуы екі ел арасындағы баяғы алауыздықты одан сайын ушықтырды деп мәлімдеді.

Өткенге оралу

Барак Обама өз шешімі туралы Путинге жеке айтқысы келмеді. Келіссөзден бас тартқаны туралы Лос-Анджелеске сапары барысында айтқан ол Ресейдің Сноуденге қатысты іс-әрекетіне қайран қалғанын жеткізді. Ақ үйдегілер жасаған мәлімдемеде: «Біз соңғы кездері Ресеймен арадағы ортақ мақсаттарды жүзеге асыру барысында атқарылып жатқан іс-шаралар АҚШ-Ресей саммитін өткізуге жеткіліксіз деген ұйғарымға келдік» делінген. Обама әкімшілігі екі президенттің кездесуін болдырмай тастауға Сноуденге байланысты жағдайдан басқа да көптеген түйткілдердің себеп болғанын алға тартқан. Бұған әсер еткен жайттар зымыранға қарсы қорғаныстан бас­тап адам құқықтары мәселелеріне келіп тіреледі. Барак Обама бұрынырақтағы бір сөзінде Ресей басшылығының күн өткен сайын баяғы қырғи-қабақ соғыс кезеңіне қарай кері кетіп бара жатқанын айтқан еді. АҚШ басшысы «Эн-би-си» телеарнасына берген сұхбатында мынаны айтқан: «Путинге «Мұның бәрі өткен күннің еншісінде. Біз болашақты ойлаумыз керек. Қазіргіден де тиімдірек ынтымақтастыққа қол жеткізуге әбден болады» дегенмін». Сондай-ақ президент АҚШ-та Эдвард Сноуден әшкере етті делініп жүрген жеке адамдардың әңгімесін тыңдау, хаттарын оқу жүйесі жоқ екенін мәлімдеді. «Бізде тек біреулердің лаңкестікке қандай да бір қатысы барын білген жағдайда олардың телефондағы әңгімелері мен электрондық поштасын қадағалауға мүмкіндік беретін кейбір механизмдер ғана бар» деді Обама.

Министрлер кездеседі

Жақында Ақ үйдегілер Ресей өкілдерімен осы жұмаға жоспарланған жоғары деңгейдегі келіссөздерге дайын екенін мәлімдеді. Мемлекеттік департамент өкілі Дженнифе­р Псакидің хабарлауынша, АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен қорғаныс министрі Чак Хэйгел ресейлік әріптестері Сергей Лавров және Сергей Шойгумен бүгін Вашингтонда кездеседі. Олар екіжақты шұғыл мәселелер бойынша келіссөздер өткізеді, халықаралық мәселелерді, соның ішінде Сириядағы ахуалды, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жағдайды талқылайды. Мемлекеттік департаменттің мәлімдемесінде осы кездесулер барысында Сноуденнің тағдыры да сөз болатыны туралы айтылған.
Осы тұста адвокат Анатолий Кучерена Эдвард Сноуденнің отбасындағыларға шақырту жолдағанын, енді олар виза алу үшін Ресей елшілігіне келе алатынын хабарлады. АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігіне қызмет көрсететін компанияда жұмыс істеген Сноуденге Ресей өткен аптада бір жыл мерзімге уақытша баспана берген еді. Мәскеу Вашингтонның оны елге қайтару туралы бірнеше рет айтқан өтінішіне құлақ аспады.

Әкесінен ақыл сұрамақ

Би-би-си тілшісі Джейн О Брайнның хабарлауынша, өткен аптада «Шереметьево» әуежайынан шығып кеткен Сноуденнің қазіргі тұратын жері белгісіз. Алайда оның ресейлік адвокаты Анатолий Кучерена өз клиентінің Ресейдегі бір мекенжайға тіркелгенін мәлімдеді. Сноуденнің әкесі Лон сол мекен-жайға шақырылуы мүмкін. Кучеренаның айтуынша, Эдвард әкесімен өзінің болашақ тағдыры жөнінде ақылдасқысы келеді екен. Лон Сноуденнің мүддесін қорғаушы Матти Фейн: «Бұл сапардың нақты күні белгіленбеген. Алайда ол жөнінде Анатолий Кучеренамен ақылдасып жатырмыз. Тамыздың ішінде баруы мүмкін» деді. Осылайша, Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (ҰҚА) бұрынғы қызметкеріне Ресей билігінің уақытша баспана беруі Вашингтон мен Мәскеу арасындағы қарым-қатынасты қиындатып жіберді. Ал Сноуден ҰҚА-ның АҚШ азаматтарының электрондық поштадағы хаттары мен телефондағы әңгімелерін қадағалау бағдарламасына қатысты құпия құжаттарды жариялаған еді.

«Жас қазақ» газеті